Қызылорда облысының ауылдарында «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында жолдар жөнделіп, көшелер абаттануда. Мәселен, бір ғана Сырдария ауданында бағдарлама шеңберінде 19 жоба қолға алынған. Оның ішінде 6 жоба инженерлік-көлікті инфрақұрылым объектілерін іске асыруға бағытталған.
Айталық, Тереңөзек кентіндегі 5 көше жөндеуден өтуде. Сонымен бірге, Шаған және Шіркейлі ауылдарының көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүріп, ауылдың жұмыссыз азаматтары жұмысқа тартылуда. Мұнан бөлек, С.Сейфуллин ауылындағы 5 көше, Айдарлы ауылының Қалымбет көшелері қайта жаңаруда.
Ерекше айту қажет, аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жаңадария» автомобиль жолының 10-25 км орташа жөндеу жұмыстары іске асып, 50 маман жұмылдырылған.
Сырдария ауданында елді мекендер де абаттанып келеді. Бұл бағытта 2 жоба қолға алынған. Тарқатып айтқанда, Шаған ауылында Есет би тұйығы мен Ж.Омаров көшесі абаттанып, ауыл өміріне ажар беруде.
Жалпы ауданда бағдарлама аясында 577 адам жұмыс көзін тапқан. Олардың басым бөлігі жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар. Бағдарлама аясында қызмет тапқан жұмысшылар 85 мың теңге көлемінде жалақы алуда.