4 C
Алматы
Сенбі, 27 Сәуір 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    Билік оппозиция митингісіне шыққандарды алаңға өткізбей, белсенділерді ұстап әкетті

    Оппозициялық күштердің шақыруымен Алматы мен Нұр-Сұлтанда наразылық митингісіне жиналған азаматтарды полиция алаңға өткізбеді. Билік “митинг – заңсыз” деп, жұртты тарауға шақырғанымен жұрт тарамады. Бірнеше қалада ондаған адам ұсталды, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

    Қазақстанда “Бейбіт жиындар туралы” жаңа заң күшіне енген маусымның 6-сына Алматы мен Нұр-Сұлтанда ресми тіркелмеген оппозициялық екі топ – “Қазақстанның демократиялық партиясы” (Қазақстан соты “экстремистік” деп танып, тыйым салған, ал Еуропарламент “бейбіт оппозициялық ұйым” деп атаған) мен “Демократиялық партия” жақтастары наразылық митингісін өткізбек болған алаңды полиция қоршауға алды. Билік алаңда “коронавирусқа қарсы дезинфекция шарасы” жүргізілетінін айтып, жұртты тарауға шақырды. Бірақ жиналғандар оған келіспей, өздерін алаңға өткізуді талап етті.

    Абай ескерткіші маңында полиция наразылық митингісіне келген адамдарды алаңға өткізбей тұр. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.
    Абай ескерткіші маңында полиция наразылық митингісіне келген адамдарды алаңға өткізбей тұр. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.

    Таңертеңгі сағат 10:30 шамасында Алматыда оппозициялық ұйымдар “митинг орны” деп белгілеген Абай ескерткіші маңына келген бірнеше адамды полиция ұстап әкетті. Полиция көлікке күштеп салғандардың бірі “Назарбаев жүйесі құриды!”, “Қазақстан, алға!” деп айқайлады.

    Алматыда Достық – Құрманғазы, Абай, Сәтпаев көшелері қиылысын полиция қоршап, адамдарды Абай ескерткіші орналасқан алаңға жібермеуге тырысты.

    Ескерткіштің жанына қойылған қоршаудың алдына жиналған ондаған адам: “Біз бұл жаққа төбелес жасау үшін келген жоқпыз, барып пікірімізді айтамыз да кетеміз, жіберіңдер!” деп, өздерін алаңға өткізуді билік өкілдерінен талап етті.

    Алматы мен Нұр-Сұлтандағы наразылықтан Азаттықтың тікелей трансляциясы:

    Сенбі күні Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділерді ұстағаны туралы ақпараттар тарады. Журналист Инга Иманбайдың хабарлауынша, таңертең Алматыдағы митингіге қатыспақшы болған белсенді Дамир Катекеевті қалаға жеткізбей полиция жолдан ұстап әкеткен. Интернетте жарияланған қысқа видеода Катекеев полиция өзін көлікке салып, бөлімшеге апара жатқанын айтады.

    Қарағандыда бастамашыл топ өкілі Бақытжан Жансейітовтің де ұсталғаны хабарланды.

    Нұр-Сұлтанда Дәулет Балшықбаев пен әлеуметтік желіде “Жаник Освобожденный” деген аккаунтпен тіркелген белсендіні полиция ұстап, бөлімшеге алып кеткені туралы хабарланды. Павлодарда Нұргүл Қалуованы аялдамада тұрған жерінен полиция әкеткен. Белсенді мұны Facebook-та тікелей эфирге шығып хабарлады.

    Полиция Тәуелсіздік алаңына келген азаматты ұстап, көлікке күштеп салып жатыр. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2020 жыл.
    Полиция Тәуелсіздік алаңына келген азаматты ұстап, көлікке күштеп салып жатыр. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2020 жыл.

    Нұр-Сұлтан қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Азаттық тілшісіне “Әзірге менде ондай [ұсталғандар туралы] ақпарат жоқ. Кейінірек хабарласыңыз. Анықтап көрейік” деді. Қарағанды қалалық полиция басқармасының өкілдері де “ақпарат жоқ болғандықтан ештеңе айта алмайтынын” айтты. Алматы полициясы жауап берген жоқ.

    Алматы (Абай ескертіші) мен Нұр-Сұлтанда (Республика алаңы) “митинг орны” ретінде белгіленген алаңдар қоршалған.

    Бұған дейін тіркелмеген “Демократиялық партия” мен “ҚДТ” негізін қалаушы, қазір шетелде тұрып жатқан оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын маусымның 6-сына билікке наразылық митингісіне шығуға шақырған.

    Наразылық митингісіне бармақ болған адамдардың жолын жауып тұрған полиция арнайы жасағы. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.
    Наразылық митингісіне бармақ болған адамдардың жолын жауып тұрған полиция арнайы жасағы. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.

    Митингілер қарсаңында әр аймақта белсенділерге қысым күшейгені хабарланды. Бас прокуратура бұл митингілердің “заңсыз” екенін айтып, жұртты наразылыққа шықпауға шақырды. Бас прокурормен қатар денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктер де бірінен соң бірі “митинг вирустың жаппай тарауына әсер етеді” деп ескерткен.

    Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева “митингіге шыққандар тұтас қалаға коронавирус жұқтыруы мүмкін” десе, Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин карантин кезінде митингіге келгендерді санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандары видеоға тіркейді деді. “Бұл қала тұрғындары арасында індет тарауының алдын алу үшін қажет” деді.

    Наразылық митингісіне келген жұртты полиция бөгеген Абай ескерткіші маңында тұрған арнайы қорғаныш киіміндегі адамдар. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.
    Наразылық митингісіне келген жұртты полиция бөгеген Абай ескерткіші маңында тұрған арнайы қорғаныш киіміндегі адамдар. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.

    Осыған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігі карантинді пайдаланып, адам құқығын шектеп жатыр деп мәлімдеген. Елдегі құқық қорғаушылар да пандемия кезінде билік белсенділерге қысымды күшейтті деп дабыл қаққан.

    Шамамен үш айға созылған карантиннен кейін алғаш рет “митинг жоспарланып отыр”. Соңғы рет наурыздың 1-іне Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер ұйымдастырмақ болған митинг орнына жақындағандарды полиция жаппай алып кеткен еді.

    қатысты посттар

    Өтірік айтудан арылудың әдісі

    “Молаға барып, күлгендері несі?” Желі қолданушылары Iphone пішінінде жасалған құлпытасты видеоға түсіріп, күлген азаматты сынап тастады

    Фариза

    ШҚО-да тыл еңбеккері аурухананы концлагермен салыстырды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    seventeen − 16 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.