Қазақстандық оқушылар 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында жазғы демалыста болады. Бұл туралы министрлік мәлімдеді, – деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Тengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, мамандар министрлікке оқу жылын маусымның соңына дейін ұзартып, оқу жылын 20 тамыздан бастау мүмкіндігін қарастыру туралы өтінішпен бірнеше рет жүгінген. Олар Қазақстанның әлемдегі ең ұзақ демалысы бар елдердің біріне кіретінін (130 күн), ал көптеген елдерде демалыс мерзімі 80-ден 100 күнге дейін созылатынын айтқан. Сонымен қатар, 5 күндік оқу аптасына көшкен кезде оқу күндерінің саны бірден 34 күнге қысқарды.
“Осылайша, орта есеппен алғанда, біздің еліміздегі оқу күндерінің жалпы саны шамамен 150 күн болса, дамыған елдерде бұл шамамен 200 күн. Сондай-ақ, мамандар қосымша оқу апталарының қосылуы күнделікті сабақтың санын, яғни мұғалімнің де, оқушының да күнделікті оқу жүктемесін азайтатынын атап өтті. Алты күндік көптеген мектеп жаңа талапқа сай бес күндік оқу аптасына ауыса алады. Бұл педагогтер жұмысының тиімділігін арттырып, оқушылардың материалды меңгеруіне ықпал етеді. Бұл шешімдер күрделі тақырыптарды оқудың қарқынын төмендетеді, оқылған материалды қайталауға және бекітуге уақыт береді.
Бұл ретте өзгерістер жазғы демалысқа әсер етпейтінін түсіну маңызды. Яғни балалар 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында демалады”, – деді министрлік өкілдері.
Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, оқу жылын ұзартуды қолдаушылардың көбі төртінші тоқсанды 20-25 маусымға дейін ұзартып, оқу жылын 20 тамызда бастауды ұсынып отыр.
“Мамандар бірнеше жылдан бері дабыл қағып, оқушыларымыздың жазғы уақыттарын компьютер мен смартфондарда ойын ойнаумен өткізіп жатқанда, олардың қатарластары білім алып, оқып жатқанын айтып келеді. Олар бұған дейін де өз дәлелдерін келтірген болатын. Біз ғалымдар, психологтар, ата-аналар мен педагогтерден құралған жұмыс тобын құрдық. Халықаралық тәжірибе де зерделенді. Жұмыс тобы мамандардың ұсыныстарын қолдамай, баламалы ұсыныс енгізді: оқу жылының басталу мерзімін өзгертпей, оны бұрынғыдай 1 қыркүйекте қалдыру, ал оқу жылының аяқталу мерзімін 31 мамырға белгілеу. Осылайша, каникулға шығудың айырмашылығы небәрі 5 күн болады. Ал жаз басталғанда, яғни 1 маусымнан бастап балалар демалысқа шыға алады. Осылайша, жаз бойы, яғни 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында балалар каникулда болады. Бұл орайда біз сапаны тек оқу күндері арқылы ғана емес, жалпы оқу жүктемесін азайту, оқу бағдарламаларын жетілдіру, мамандардың біліктілігін арттыру және т.б. жолдар арқылы жақсартамыз. Сондай-ақ, жаңа оқу жылынан бастап мектептерде апталық оқу жүктемесін азайту жоспарланып отыр. Одан бөлек, оқу жылының ұзақтығын созу оқушыларға қосымша білімге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді, өйткені сабақ аз болады, мектептердің кабинет қорына түсетін жүктеме де азаяды”, – деді Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Министрлік Германия, Англия және Жапонияда жазғы демалыс 7 апта, Польша, Қытай және Оңтүстік Кореяда 7-9 апта, Финляндия, Венгрия, Швецияда 9-11 апта, Латвия, Италия және Португалияда 11 апта, Қазақстанда – 14 аптаға созылатынын мысалға келтірді.