Қазақстандық танымал блогер Мейіржан Төребаев медицина қызметкерлеріне пранк жасағаны үшін жазалануы мүмкін, — деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Вайнер Instagram-парақшасында дәрігерлерге пранк жасаған видеосын жариялаған. Видеода Төребаев екпе алуға келгенін және «Спутник V» вакцинасын салдырғанын айтады. Кейін видеоға «медбикелермен әзілдескісі келетінін» айтады. Осыдан кейін блогер сол қолының саусақтарын айқастырып қысады да, дәрігерлерден саусақтарына «не болғанын» сұрайды.
Бұған таңғалған дәрігерлер дереу көмекке келіп, Төребаевқа саусақтарын ашуға көмектеседі. Олар блогердің қолына массаж жасап, басқа да шара қолдануға кіріседі. Видео соңында блогер бұл әзіл екенін мойындайды.
Кадрларға қарағанда, видео Алматыдағы сауда және ойын-сауық орталықтарының бірінде түсірілген. Осыған байланысты Tengrinews.kz редакциясы вайнер Төребаевтың әрекеті туралы дәрігерлер пікірін алу үшін қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабарласты. Басқарма видеода №4 қалалық емхана қызметкерлері түсірілгенін айтты.
«Емхана басшылығы құзырлы органдарға әкімшілік жауапкершілік шарасын қолдану туралы өтініш жібереді. Өйткені адамдардың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың медицина қызметкерінің кәсіби қызметіне араласуына тыйым салады», — деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі өкілдері.
Сондай-ақ, ведомство Әкімшілік кодекстің 80-1-бабы 2-тармағы «Медицина қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі жасау» туралы да еске салды.
«Бұл міндетін орындап жатқан медицина қызметкеріне құрметсіздік таныту көрінісі, ұятсыз сөздер, әдепсіз қимылдар, белгілер мен заттарды көрсету, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін қолдану, әдепсіз мінез-құлық, қорлау. Бап санкциясы 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды немесе 10 тәулікке дейін қамауға алуды көздейді», — деп толықтырды департамент өкілдері.