Күні кеше Мұхамеджан Тазабековтың сөздерін жинақтаған видео жарық көрген болатын. Аталған видеода Тазабеков бұйрықпен келген полиция қызметкерлерінің мемлекет үшін шаруаларын атқару керек деген сөз айтқан. Дәл осы сөз қоғамның ашу-ызасын тудырған болатын. Соған байланысты Мұхамеджан Тазабековтың өзі пікір білдірді. Толық мәтінді Qazweek.kz ақпарат агенттігі назарларыңызға ұсынады.
«Жанашырларыма» үлкен «рахмет» айтқым келеді.
Бүкіл кездесулеріме барып, видеоларымды жинап, мінсіз монтаж жасап, қай күні қанша адамға насихат айтқаныма дейін тәптіштеп, ерекше еңбек жасаған екенсіздер…
Басын аяғына, аяғын басына жапсырып, бір сөйлемді екіге бөліп тұрып монтаждап, айрықша майталмандық танытқан екенсіздер…
Соншама кездесуде, мұншама «қатыгез, ел бұзарлық, екі жүзді» сөздер айтқан болсам, көзбе-көз естіп отырған бірде-бір тыңдарманның әлеуметтік желіде қарсы пікір білдірмегені қалай?
Керісінше жүздесуден ұлттық рухы қайралып, ризашылықтан ақ батасын жаудырған мыңдаған ағайынның ақ тілегі алдамшы алғыстар ма еді?!
Ақыры сіздерде толық видео бар болса, ата мен әженің, ана мен баланың қадыр-қасиетін айтып, пагондылардың кейбірі көзіне жас алғанын неге көрсетпедіңіздер?
Қатайған жүректер мен тұрпайы мінездердің айыпталғанын, «бірінші кезекте тәртіп пен талапты өздеріңен бастау керек» дегенімді неге кесіп тастадыңыздар екен?
«Бүлік кісі өлтіргеннен жаман, ол қатерлі жол» оның қатерлілігі жайлы «әлемнің барлық ғалымдары келіскен, пәтуа берген» деп айтқанымды неге ажыраттыңыздар. Соңғы сөзді Меккедегі жамбастан тебетін полиция жайлы әңгіменің артына неге жапсырдыңыздар?
Қытайдың әлем қауіптеніп отырған тұстары мен одан аман қалудың жолдары жайлы айтқан жарты сағаттық толғанысымды неге толық бермедіңіздер?
«Қытайдан қорықпайық, Құдайдан қорқайық» деген алғашқы сөйлемді ғана неге ойып алдыңыздар?
Енді осы роликті жасаған немесе сол жиындарға қатысқан тыңдармандарыма бір шүйінші-өтінішім бар.
Кездесулер кәсіби камераға түсірілген екен. Оның үстіне әркімнің қалтасында смартфондар жүр ғой. Ешбір жерде ешкімге түсіруге тиым салғам жоқ.
Құқық қорғаушыларға қарата, «халықты аямаңдар, ұрыңдар, соғыңдар, олар бүлікшілер, аяғын сындырыңдар, ата-әжені жұлмалаңдар, әйелдер мен бала-шағаны шыңғыртыңдар» деген 2 минуттық, тым болмаса монтаждалмаған 1 минуттық видеоны жұртқа жариялаңыздаршы. Болмаса, қытайды жақтаған, оның даңқын аспандатқан 2 минуттық монтаждалмаған видеоны маған тауып беріңіздерші. Тауып берген кісіге астымдағы атымды түсіп беруге дайынмын…
Ал,енді, шетелде жүріп, елді алаңға шақырып, жұртқа өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай ғып жеткізіп, арандатумен айналысып жүрген жерлесіміз жайлы айтқаным айтқан. Елдегі кемшіліктерді ол айтпаса да білеміз. Білгендіктен сапамызды арттырып, сынғанды бүтіндеу үшін күндіз-түн шапқылап жүрміз.
Алаңға шығу да қазақтың қолы емес. Еуропалықтардай алаңға 4 те кеп, 6 да қайтып кететін қазақты әзір көргем жоқ. Шақырған тойдың өзіне кешігіп барып, үй иесінің ұйқысы келгенде бірақ қайтатын қауымбыз. Шәйдан соң соң шәй ішетініміз тағы бар. Шеру — біздің менталитетке шетін. Қазақтан алаңды қызғанбаймын. Арандап қаламыз ба, деп алаңдаймын. Бәле аяқ астында. Ниетіңіз бейбіт шеру шығар…
«Жетіскеннен шығам ба» дерсіз…
Эмоционалды ортаға келгесін ешкімге гарантия жоқ. От жағу оп оңай.
Дамыған елдерге мәселесін алаңға емес, біреудің еліне барып шешсе де «жарасады». Отардан шыққан елдерге алаңға барып, мәселе шешпек түгілі, үйінде отырып, шүйіркелесудің өзі оңай боп жатқан жоқ. Ажырасып жатқан үш отбасының біреуі соған дәлел.
Ал, Елбасы жайлы айтқаным рас. Өз ағасын ағаламаған, кісі ағасын жағалайды. Сізге ұнай ма, ұнамай ма, ол біздің Елбасы! Ол кісінің ерен еңбегін ешкім тарихтан сызып тастай алмайды. Президент деген періште емес. Өзіңді орыныңа қойып көрсең, ойлауға да қорқатын тағдырдың иесі. Қиын кезде ел басқарды. «Ханның сырын құл білмейді, құлдың сырын кім білмейді». Заман ауысады. Талай жақсылық жанымызды қуантар, әлі. Тоқаев президент болғалы да қаншама үміттер еселеніп, көңілдер көріктенді. Қазір жанашырлықты жағымпаздық, бетпақтықты батырлық, деп қарайтын кезеңдеміз. Естігенге сенбеңіз, артын тексеріңіз. Көргенге сенбеңіз, себебін біліңіз. Біреу көре алмайды, біреу бәле іздейді. Біз жайлы Абайдан артық айтқан адам жоқ. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!»
Кешелі-бері интернетті иығынан демалттық. Түсінбей жек көргеннен қолымда өлгісі кеп, жақсы көргеннен жолымда өлгісі кеп жатқан қазақ та көп. Қаперсіздікпен қарғыс айтып жатқан да, түбін түсініп алғыс айтып жатқан да өзімнің қазағым. Ешкімге ренішім жоқ. Ауылда тудық, ел тәрбиеледі, халық қолдады, көптің қамында жүрміз…
Бүгін естіп отырған жалам емес, ертең тоқтап қалатын сынақ емес…
Өмірдің өзегі- сабыр мен салқынқандылық!
Табалағандарға Алла таупих берсін, мазақ қылғандарға мазмұнды өмір берсін, бұрмалағандарға бір Құдай хидаят берсін!
1 пікір
«Керісінше жүздесуден ұлттық рухы(Аруах) қайралып…» деп жазуыңыз екіжүзділік емес пе екен…. РУХТЫҢ жауы аталғаныңызға саналы ғқмырыңыз куә!