Сұраққа Түркияның ең атақты ғалымдарының бірі Мехмет Окуян жауап береді. Ол бүй деп ашықтайды. Қадір түні неден қадірлі болды? Себебі ең бірінші Құран аяты осы түні түсті. Осылайша Тәңірлік әлем мен адамзат арасында рухани байланыс қайта орнады. Өмірді тану, өзіңді тану, Құдайды тану процесі осы сәттен басталды. Бұл процесс пайғамбар өмірінде 23 жылға созылды. Яғни пайғамбар Араб түбегін басып қалған надандыққа қарсы жорығын жариялады. Қараңғы түнекке батып кеткен адам ақылын жарыққа шығару үшін бүкіл күш қайратын сарқыды. Яғни “Қадір” сөзінің мағынасын екі мағынада талдаймыз. Біріншісі қадірлі, аяулы, қымбатты, киелі мәнінде. Яғни Қадір түнін қарсы алған адам “Мен үшін бұл өмірде ең аяулы, ең қымбатты, ең ғиззатты, ең қадірлі, ең киелі нәрсе не? Мына бір ақ рет беріліп тұрған өмір нығметінен нені алып қалуым керек? Өмірімнің соңына қарай тұла бойыма нені жинауым керек?” деп толғану. Өткен сабақта Карен Армстронг: Миф деген не? Ол онтологиялық әлемде бір рет болған. Бірақ сенің де өміріңде тұрақты қайталанып тұратын иләһи құбылыс деген еді. Мұнда да солай. Қадір түні әр адам өзін пайғамбар орнына қояды. Жаңа миссия алады мойнына. Осы сәттен бастап Құранның мәнін, мазмұнын, сырын түсінуге қадам жасайды. Түсінігі молайып, санасы жарықтанған сайын айналасындағы надан, қараңғы түсінікке қарсы рухани майдан ашады. Жұрттың жаппай жасап жатқан надандығынан бойын аулақ салады. Қараңғы елге шырақ болып үлгі көрсетеді. Және осы надандықтан даналыққа қарай даму кезеңі бірден болмайды. Тура пайғамбар өмірі сияқты сатылап дамиды. Жыл сайын мұсылман адам жаңарып, дамыған үстіне дамып отырады. Жыл сайын Қадір түнінде өзінен таң атқанша отырып есеп алады. “Былтыр кім едім? Биыл кім болдым? Құранның нұрын тұла бойыма қаншалықты сіңірдім? Ойым, ақылым, сана сезімім матаудан босап, ғаламдық деңгейде толғана алатын рухани қуатқа жеттім бе , жоқ па?” деп толғанатын түн. Пайғамбар тағдырының мини көріністері сенде де болуы шарт. Яғни пайғамбарға Жебірейіл уахи әкелді. Ал қарапайым момындар Құран мәніне үңілген сәттен бастап, оның жүрегіне періштелер нұрлы ойдан сәуле салып, илһамдарды көкірегіне хикмет етіп құя беруі керек. Яғни мұсылмандар пайғамбар сияқты уахи ала алмайды әрине. Бірақ илһам ала береді. Яғни қарапайым адамның миына кіріп те шықпайтын трансцендентті идеялар өзінен өзі түпсанаңда жарқ ете қалуы керек. Қадір сөзінің екінші мағынасы ТАҒДЫР. Қадір түнін күткен адам ертесі күні жаңа тағдыр сомдап бастайды. Күні кеше ойлаған тым қарабайыр ойларын ескі мәсіні ошаққа лақтырғандай қылып лақтырады. Тағдыры стандартты шаблондардан шығып кетуі керек. Ал егер “қадір түні ұйықтап қалмай таң атқанша төтеп берсем болды. Соның өзі қайда жатыр! Сауапқа белшеден батам” деп банальный ойға маталып қалсаң өміріңде түк те өзгеріс болмайды. Баяғы жартас сол жартас болып жүре бересің, елге күлкі болып. Яғни Қадір түні дегеніміз рухани туған күнің деген сөз. Жұрт туған күнін жылда тойлап жатады. Бұл да солай. Жыл сайын Қадір түнінде рухани туған күніңді атап өтесің. Өзіңнен есеп аласың. Оның иләһи мәні осы!