-5.1 C
Алматы
Воскресенье, 15 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам Саясат

    Астаналық көп балалы аналар Парламентке басып кірді

    Бүгін, 11 сәуір күні түстен кейін  бір топ әйел Парламент Мәжілісінің ғимаратына басып кірді. Тура мағынасында солай деуге болады, деп жазады Жас Алаш басылымы.

    Көп балалы астаналық әйелдер атаулы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік баспанаға кезекке тұрудағы қиындықтарын айтып, алдымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ғимаратына, кейін Парламент Мәжілісінің ғимаратына келді.

    Астаналық көп балалы аналар Парламентке басып кірді

    Мәжілісте екі-ақ депутат бар ма?

    Елордадағы басты даңғылдардың бірі – Мәңгілік ел бойымен Парламент ғимаратына қарай беттеген қырық шақты әйелді алдымен әлеуметтік желіден көзіміз шалды. Олар бірінші Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне барып, оған оңайлықпен кіре алмаған соң, Парламентке беттеген.

    Әйелдердің бұл шеруінде ешқандай саяси астар жоқ. Олар Үкімет қабылдаған заңға сәйкес, өздеріне тиесілі атаулы әлеуметтік көмек пен баспанаға қол жеткізе алмаған соң, депутаттарға шағымдану үшін жиналған.

    Бір қызығы, оларды жолда құқық қорғау органдары тоқтатқан жоқ. Мәжілістің ең үлкен есігіне жиналған әйелдерді ешкім қуған да жоқ. Мәжіліс күзетшілері оларды еш тізімсіз, рұқсат қағазсыз ғимаратқа кіргізіп, үлкен дәлізге жинады. Депутаттарға көп балалы аналар келді деп хабар берілді.

    Қырықтан астам келіншектің алдына Мәжілістегі 107 депутаттың екеуі (!), Бейбіт Мамраев пен Кәрібай Мұсырман, ал, Үкімет өкілдерінен жалғыз Светлана Жақыпова ғана (Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі) шықты.

    Бейбіт Мамраевты оншақты, Кәрібай Мұсырманды тағы біраз келіншек, Жақыпованы да біраз ана қоршап алған.

    Анықтағанымыздай, астаналық көп балалы аналар 1-сәуірден бастап берілетін атаулы әлеуметтік көмек, яғни, бір балаға 20800 теңге жәрдемақы алу үшін құжат тапсыра алмаған соң және 20800 теңгенің өте аз, кемінде, 42 мың теңге жәрдемақы берілуі керек деген талаптарын айту үшін жиналған.

    Бұдан бұрын жергілікті әкімдік өкілдері атаулы көмекті алу үшін тек бір құжат – жеке басының куәлігі ғана керек деп хабарлаған еді. Аналар олай болмай шықты дейді.

    Астаналық көп балалы аналар Парламентке басып кірді

    — Бес балам бар, жолдасыммен ажырасқанмын. Ол алимент төлеп тұрды, бірақ, Кореяға жұмыс іздеп  кетіп, сол қалпы жоғалып кетті. Кәдімгі іздеуде жүр. Мен жұмыс сұрап отырғам жоқ, жұмысым бар. Маған пәтер керек. Уақытша болсын, тұратын жерім болса, пәтерге төлеп отырған ақшаны Тұрғын үй жинақ банкіне салып, өзім-ақ үй алар едім. Ай сайын бес баламмен жалдап тұрған қуықтай үйге 70 мың, коммуналдық қызметтің ақшасын қоссам, 90 мың төлеймін. Жеңілдікпен баспана берсе, мен сол 70 мың теңгені біреудің қалтасына емес, өз үйіме құяр едім ғой, — дейді «Жас Алаш» тілшісіне сұхбат берген көп балалы ана Гүлшат Сәрсембиева.

    20 мың теңге үшін жанталас…

    Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат тапсыруға барып, бірақ, тапсыра алмаған әйелдердің бірі – осы Гүлшат екен. 

    — Бір ғана жеке куәлікпен қабылдайды деп бардым. Бірақ менен некенің бұзылғанын растайтын куәлік, соңғы үш айда төленген алимент туралы қағаз, балалардың туу туралы куәлігі, көп балалы ана екеніңді растайтын құжат, мекен-жай анықтамасын сұрады. Бұрынғы күйеуім 2018 жылдың желтоқсанында соңғы рет алимент төлеген, одан кейін шетелге кетіп қалып, сол қалпы жоқ. Оның жоғалып кеткені және соңғы үш айда алимент төленбегені базада тұр, бірақ маған 2019 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айлардың мәліметі керек деді. Міне, сондықтан, мен атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыра алмай қалдым, — дейді ол.

    Ал, үкімет 2 пайызбен береміз деген ипотекалық үйді алу былай тұрсын, кезегіне тіркелу үшін кемі 18-20 құжат керек екен дейді. 

    — Ал, жеңілдікпен берілетін баспанаға кезекке тұру үшін 18-20 түрлі құжат керек деді. Балаларымның оқитын жерінен анықтама, сау немесе ауру екенін растайтын анықтама, соңғы 12 айдағы кірісің туралы анықтама, көші-қоннан анықтама, көп балалы ананың анықтамасы, тұрақты тіркеу туралы анықтама… Үй керек, ерінбедім, ол құжаттарды дайындадым, тек тұрақты тіркеуің жоқ деп, қабылдаудан бас тартып жатыр. Мен тұрақты тұратын жерім болмаған соң, ақша төлеп тіркеуге тұрып жүрдім, бірақ үш айға ғана. Үш ай сайын тіркеуім ауысқан соң, жеңілдетілген баспана кезегіне тұра алмай жүрмін, — деді екі депутаттың көзінше ол.

    «Сол адамды алдыма алып келіңізші!»

    Әйелдердің мұңын тыңдап, шағымын қабылдап жүрген Светлана Жақыповадан атаулы көмек алуға расымен қандай құжаттар керек екенін сұрадық. Вице-министр бір ғана документ – жеке басының куәлігі ғана дейді. Парадокс. 

    — Атаулы әлеуметтік көмек бір ғана құжатпен қабылдануы керек. Сіздерге (көп балалы аналарға) ондай тізімді беріп жүрген кім екенін менің алдыма әкеп беріңізші. Міне, осы қызметкер менен осынша құжат сұрады деп, алып келіңізші. Мен сол қызметкермен барып, өзім кездескім келіп тұр. Әйелдермен уәделестім, ертең сағат таңғы 09.00-де Нұр-Сұлтан қаласы, Бейбітшілік,25 мекен-жайында орналасқан жұмыспен қамту орталығына бірге барып, мән-жайды анықтаймыз», — деді Светлана Жақыпова.

    Вице-министр атаулы әлеуметтік көмек сұраған кейбір аналарға көмек негізсіз берілмей жатқанын, тіпті, кейде құжат қабылдамай қойған фактілер болғанын растады. Оның бәрін қазір арнайы комиссия тексеріп жатыр.

    Қалған депутаттар қайда?

    Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Кәрібай Мұсырманнан қалған әріптестері кабинеттерінен неге шықпады деп сұрадық.

    — Мен кабинетімде жұмыс істеп отырған едім,  астына әйелдер келді деген соң түстім. Қалған депутаттар қайда екенін білмеймін. Әйелдер әлеуметтік көмек мәселесі мен тұрғын үй мәселесін айтып келіпті. Олардың бір талабы – әлеуметтік көмектің мөлшерін бір балаға 42 мың теңгеге дейін көтеру. Бұл мәселе бойынша Елбасының тапсырмасымен Үкіметте жұмыс тобы құрылған. Мәселе қазір сонда талқыланып жатыр. Талқылап болған соң Үкімет бізге заңның жобасын әкеледі. Содан кейін ғана депутаттар мәселеге заңды тұрғыда кіріседі. Ал, осы уақытқа дейін маған әйелдерден жазбаша өтініш түскен жоқ. Жиналған әйелдерден жазбаша өтініш қабылдап жатырмыз, — дейді ол.

    40-50 минутқа созылған Парламент ғимаратындағы аналар мен депутаттар, нақтырақ айтсақ, екі депутаттың кездесуі бір мәмілемен аяқталды деуге болады. Әйелдер Светлана Жақыпова мен екі Мәжіліс депутаттарының атына өз талаптарын жазып, арыз қалдырды. Арыз соңына жеке куәлік көшірмесін тіркеңіздер деген әйелдер Парламент ғимаратынан көшірме жасайтын (ақшаға) аппарат таба алмай, тағы кідірді. Парламент қызметкерлері қайдан әкеліп, қалайша тез орнатқаны белгісіз, дәлізге ксерокс аппаратын қойды да, тегін көшірме жасап берді. Бұл – көп балалы аналарға көрсетілген құрмет пе, әлде аяқ асты жиналған аналардан қорқу ма, әркім өзінше баға беріп жатты.

    …Аналар осы уақытқа дейін қиын өмірден шаршағанын айтып, бірінен соң бірі шағымданып жатқанда, олардың балалары әдемі, биік ғимаратқа таңырқай қарап, кең, өте кең дәлізде қамсыз ойнап, жүгіріп жүрді. 

    Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ

    қатысты посттар

    Алматы облысында вакцина салдыруға келген азамат дәрігерді соққыға жықты

    Фариза

    «Қазақстанға 55 ескі зауыт көшіріледі» деген әңгіме бар» Министрлік жауап берді

    Фариза

    Шымкент полициясының баспасөз хатшысы өзіне қол жұмсамақ болған

    Фариза

    Пікір қалдыру

    19 − eighteen =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.