-1.1 C
Алматы
Пятница, 22 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    ҚОРШАҒАН ОРТАМЕН ҮНДЕСТІК

    «Жасыл экономикаға» көшкен кезде экологиялық мемлекет қалыптасуы қажет.

    Ғарифолла ЕСІМ, профессор.

    Сайып келгенде, қалпына келтірілетін энергияға көшу – экономикалық тұрғыдан ғана тиімділік емес, экологиялық проблемаларды шешу жолы. Бүгінде әлем ғалымдары қоршаған ортадағы күрт өзгерістерге қатты алаңдаушылық білдіруде. Ғаламдық жылыну қаупі төнді. Адамзат тылсым табиғатпен тайталасқа түсіп, тым тағылық танытуда. Ал, оны өз пайдамызға жаратсақ ше?!

    ЖАУМАЙТЫН ЖАҢБЫР

    Жасыратыны жоқ, елде қуаңшылық бар. Ара-тұра көктемде еріген қар суынан бірен-саран өзен арнасынан шыққаны болмаса, тұтастай алғанда, жаңбырға жарып жатқанымыз жоқ. Соңғы екі-үш жылда Маңғыстау маңына тамшы тамбады. Атырау аумағы да тал-теректі қолдан суарып әлек. Орал өңірі мен Ақтөбе айналасы да күйген шөпке толды. Астық өсіретін Арқадағы алқап та аспанға көз сүзеді. Не болды? Табиғаттың соншалықты сараңдық танытқаны несі?

    Ақтаулықтар жауын жауғызатын қондырғы қондырыпты. Қаншалықты қайтарым күтерін қайдам. Ақыры сенімді құрал болса, биыл екі мың адам көктен қайырым тілеп, алақан жаяр ма? Құрбандық шалып, Құдайға жалбарынар ма? Әй, қайдам? Одан да о баста табиғатпен үндестік танытып, сыйласқан дұрыс емес пе еді?!

    Ақтаулықтар орнатқан жасанды жауын жауғызатын қондырғы

    Ал, мұның жаңартылатын энергияға қандай қатысы бар? Тура байланысты. Бүгінде электр энергиясын алу үшін негізінен мұнай мен газ және көмір қолданылады. Энергетикалық қуаттарға сұраныс барынша өсуіне байланысты жер қыртысын бұрғылау да артып отыр. Тұңғиық тереңнен көмірсутегі шикізатын шығару оңай емес. Демек, мұнда да қуатты қондырғылар пайдаланылады. Міне, солардың бәрі ауаға инертті газ таратады. Бұл өз кезегінде бұлттардың табиғи жолмен құралуына кедергі.

    Ақтаулықтар орнатқан жасанды жауын жауғызатын қондырғы

    Мәселен, физиканың қарапайым заңдылықтарына орай, күн ысығанда су буланып көкке көтеріледі де бұлтқа айналады. Содан қайтадан жаңбырға ұласып, жерге түседі. Ендеше, республиканың батыс бетіндегі Каспий теңізі, Жайық, Ойыл, Жем, Шідерті және т.б. өзендер үсті бұлттан арылмауы тиіс еді ғой. Үш-төрт жыл бойы Жайық та, Ойыл да, Жем де тасыған жоқ. Биыл былтырғыдан көбірек су келсе, ол көктемде еріген қардың нәтижесі. Ал, мол жаңбырдан құралатын ылғал қайда?

    Ойыл мен Жем бастауын Ақтөбеден алады. Мамандардың зерттеуінше, сол жақта үйірілген қалың бұлтты Темір елді мекені тұсындағы кеніштерден тараған улы газ таратып жібереді екен. Жаз бойы тамшы тамбайтыны содан. Атырауда да сол. Теңіз кеніші бар, ембілік мұнайшылардың байырғы кен орындары бар, әйтеуір, аспанға атылып жатқан инертті газ жеткілікті. Бұған шаһардағы кәсіпорындардың қалдығын қосыңыз. Сонда көк жүзі тұманданып тұрмай ма? Ал, көмірсутегі шикізатын пайдануды барынша азайту арқылы әбден ластанған қоршаған ортаға одан әрі салынар салмақ азаяр еді. Толық қалпына келтіру енді қиын шығар, бірақ барын сақтап қалуға жағдай жасалмақ. Міне, жаңартылған энергияға қызығушылықтың бір себебі – осында жатыр.

    ШӨККЕН ҚАЛА

    Сонау кеңестік кезде Мәскеуден шығатын орталық басылымдардың бірі Қарағанды қаласының біртіндеп шөгіп бара жатқандығын жазыпты. Қаншалықты екендігі жадымда жоқ, бірақ астынан сан жылдан бері көмір алынып жатқан соң сондай күйге ұшырауы әбден ықтимал. Өйткені, босаған жер қыртысын толтыру қажет. Оның үстіне, Арқадағы ауа көмірмен әбден ластанғаны да ақиқат. Анау жылы қыста аспаннан қара қар жауып, жұрттың зәресін ұшырғанын ешкім ұмыта қойған жоқ.

    Қарағандыдағы көмір өндіретін кен орындарының бірі

    Батыстағы ахуал да осындай. Мұнда ауаны мұнай-газ кеніштері бүлдіруде. Жетіқат жер астынан ғасырдан аса уақыт көмірсутегін суырған соң жер де сіңіп барады, оның үсті де әбден ластанған. Жаңартылатын энергия осы мәселеге нүкте қояр еді.

    Бүгінде Қазақстанда электр энергиясын өндіру үшін 70 пайыз шамасында көмір қолданылады. Ендігі меже – 2035 жылға қарай оны 40 пайызға дейін төмендету. Ал, Экология, геология және минералдық ресурстар министрлігінің мәліметінше, республикадағы кеніштер қоры сарқылып келеді. Ірі саналатын Теңіз кен орнында да қабат қысымын көтеру үшін ілеспе газды кері айдау жобасын жүзеге асыруға тура келді. Әйтпесе, бұрынғыдай 5000 метр тереңдіктен өздігінен шығып жатқан шикізат жоқ. Оның үстіне, жерасты байлығын соруға тың технология тарту үшін үнемі қымбат қондырғыларды қолдану инвесторға тиімді емес. Ендеше, жаңартылатын энергия көздері осы мәселенің де оң шешімін табуына әсер етпек.

    Жалпы, Атырауда мұнай өндіру ғасырдан аса уақыт бойы жалғасып келеді. Соңғы жылдары ол тым тереңнен алынуда. Яғни, бұрғы ұшы тұз қабатынан әрі өтіп кеткен. Әрине, ел экономикасын сауықтыруда көмірсутегі шикізаты керек-ақ. Мәселен, Теңіз бен Қашаған «қара алтынын» сыртқа саудаға шығару арқылы Ұлттық қорға қыруар қаражат түсуде. Бірақ, содан бері жер қыртысында қаншалықты өзгеріс болды? Алынған өнімнің орны сенімді толтырылды ма? Кезінде академик Муфтах Диаров жерасты қабатының әлсіздігі соншалық, тұтас елді мекен төмен түсіп кетуі ықтималдығын айтқан. Ендеше, сол қатердің беті қатты ма? Оны ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені, содан бері мұнай-газды өндіру еселеп өспесе, еш өшкен жоқ. Міне, жаңартылатын энергия көздерін көбірек қолдану осы мәселенің түйінін тарқатуға да септігін тигізбек.

    Атыраудағы теңіз кен орны

    Жерасты қабаты өзінің табиғи беріктігін бұзса, қайтадан қалпына келмейтіні белгілі. Қазір мұнайшылар өндірген өнімнің орнын шикі сумен немесе ілеспе газбен толтырып әлек. Бірақ, бұл о бастағы құрылымды алмастыра алмайды. Қауіптілігі де бар. Анау жылы Нарын құмын мекендеген үйлердің астынан газ шығып кеткен. Кейін мамандар оның жерастына қайта айдалған газ екенін анықтады. Яғни, ол мұнайдан босаған қабатқа кері жіберілген болып шықты. Баламалы энергия көздері мұндай қауіптің де алдын алар еді.

    Сосын, шындығы керек, ілеспе газ өнім емес пе? Еуропа елдері соған қол жеткізе алмай отырған жоқ па? Бүгінде Ресейге санкция жариялаған мемлекеттердің өздері осы елден келетін «көгілдір отынға» тәуелді. Әсіресе, шағын мемлекеттер ірі әріптестеріне әзірге қосылғанымен, түбі ресейлік шикізатсыз күн көре алмайды. Енді айналма жолмен алуға ұмтылып жүр. Ал, біз оны тонналап жер астына қайта айдап жатырмыз. Қаншама миллион, тіпті, миллиард доллар табыстан қағылдық. Жаңартылатын энергияны көбірек тұтыну ел бюджетін толықтырудың да бір жолы болуы әбден ықтимал.

    Қайткенде де, Жер-Анаға оның өзі де көтере алмайтындай сом салмақ сала берген жөн емес. Мұның да сұрауы бар. Астын ашқарақтанып қазу соңы шөккен қалалар саны артуына соқтырады. Қашағанға келетін болсақ, кейбіреулер мұндағы ұңғымалардың орны теңіз суымен толықтырылып жатқандығын айтады. Әйтсе де, инвесторлар оны мойындаған жоқ. Ал, расында да осындай дерек тіркелсе, онсыз да тайызданып бара жатқан айдыннан мүлдем айырылып қалу қаупі бар. Баламалы энергия көздері мұндай қатердің бір де біреуін болдырмайды.

    ҰСЫНЫС СҰРАНЫСҚА САЙ МА?

    Әйтсе де, бір мәселе туындайды. Қазір әлемдік өндірісте өркендеу бар. Пандемияға, Ресей-Украина жанжалына, тағы кейбір қақтығыстарға қатысты азды-көпті тежелу байқалғанымен, тұтастай алғанда, тығырыққа тірелген жоқ. Тіпті, кей елдер бұдан да пайда тауып, жағдайын жақсартып алуда.

    Міне, осылай дүниежүзілік экономикалық дүмпуде жаңартылатын энергия көздері энергетикалық қуаттарға өсіп отырған қажеттілікті қанағаттандыра ала ма? Бұлар ұсынатын балама сұранысқа сай ма? Міне, мәселе қайда? Рас, кейбір шағын зауыттарға кәдеге асар. Кішкене елді мекендерге керек болар. Алыс ауылдарды жарықтандыруға жарап қалар. Ал, ірі кәсіпорындарға шамасы жете ме?!

    Республикаға еңбегі сіңген энергетик Мұхамбетқали Қалиевтің айтуынша, қазіргі жағдайда дәстүрлі энергия көздерінен қол үзу әлі ертерек. Өйткені, кідіріссіз жұмыс жасауы шарт стратегиялық нысандар бар. Олардың сәл ғана тоқтап қалуы орны толмас олқылықтарға соқтыруы ықтимал. Немесе қайта қатарға қосуы қыруар күш пен қаражатты қажет етпек. Сондықтан, бұларда міндетті түрде кез-келген тосын жағдайға даяр тұратын қосымша энергетикалық қуат болуы тиіс. Негізгі желідегі энергия көзінде апат орын алса, бұл дереу іске қосылады. Баламалы энергия көзі соны қамтамасыз ете ала ма?

    Сонымен қатар, кейбіреулер айтып жүргеніндей, республикада көмірсутегі шикізаты таусылып келе ме? Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Балтабек Қуандықовтың айтқанындай, елімізде игерілмей жатқан кеніштер әлі де баршылық. Олардың қайтарымы да мол. Дені Каспий ойпатында орналасқан. Қарт Ембінің мүмкіндігі әлі сарқылған жоқ. Шығыс пен Арқа бетте де бар. Рас, тым тереңде. Инвестор күші керек, өз қаражатымызбен игеру өте қымбатқа түседі. Президенттің соған үндеп отырғаны да сондықтан. Демек, ерте ме, кеш пе – түбі тың кеніштерге бұрғы бойлайды. Сонда еліміздің «қара алтын» қоры қайтадан толығады. Қазір де Қазақстан әлемдегі мұнай мен газ өндіруші мемлекеттер тізімінде алдыңғы орыннан табылады. Яғни, төніп тұрған тура қауіп жоқ. Мәселе – жетіқат жер астында жатқан сол ен байлықты жер үстіне қоршаған ортаға салмақ салмай шығаруда болып отыр.

    Міне, осы орайдағы проблеманың орайын қалай табуға болады? Мамандар энергетикалық қуаттарды барынша аз пайдалануды ұсынады. Қалайша? Әрине, бұл – бейнелеп айтқанда, шам жақпай, қараңғы бөлмеде отыру емес. Қазір энергия көзін аз тұтынғанымен, күші бұрынғылармен тең жабдықтар шығарылып жатыр. Рас, құны қымбаттау. Тың дүние болған соң солай ғой. Әйтсе де, қайтарымы қомақты. Мәселен, соны қолдану арқылы сумен жабдықтаушы мекемелер жылына миллиондаған теңге үнемдейді. Өйткені, электр энергиясына аз төлейді.

    Ал, электр энергиясын шығарушы кәсіпорындар ше? Өнімі өтпей, олар тығырыққа тірелмей ме? Ешқашан. Себебі, бұлар да үнемге көшеді. Көмірсутегі шикізатын барынша аз пайдаланады. Жабдықтары жылдам тозбайды, желілерге салмақ салынбайды. Жақсы емес пе?

    Мұнай-газ өндіруші компаниялар ше? Бұлардың мүмкіндігі шектелмей ме? Жоқ. Ішкі сұраныс азайса, өнімді сыртқа көбірек шығаруға жағдай жасалады. Экспортқа сатылатын шикізаттан түсер табыс көбірек екені аян. Демек, оны саудалайтын кәсіпорындар ұтпаса, еш ұтылмайды. Қазір кейбір мұнай өнімдеріне шектеу қойылып жатса, бұған себеп олардың ішкі қолданыста жетіспеушілігі. Міне, жаңартылатын энергия көздері соның орнын толтырып, экспортты қалпына келтірер еді. Тек оның қуатын келешекте көтере түсу керек.

    СЕНІМДІ СЕРІКТЕСТІККЕ СЕРПІН

    Ақыры баламалы энергия көздерінің қуаты жөнінде әңгіме қозғаған екенбіз, соны тарқатып көрелікші. Бұған дейін айтылғанындай, ертеректе әке-аталарымыз жел диірмендерін қолданып, сол арқылы арыққа су жеткізген. Рас, бұл қондырғылар қарапайым ғана еді. Қалақтары қисайып қалса, кез-келген кісі балғамен ұрып, тез түзеп алатын. Бір тетігі кетсе, жедел ауыстыра салатын. Қазіргі қондырғылар күрделі. Маманы болмаса, екінің бірі қалпына келтіре алмайды. Бұлар сонысымен тиімді. Көп қуат береді, сенімді жұмыс жасайды. Ал, күн панельдері бұрын тіпті де қолданылған жоқ. Бұл – бізге Еуропадан жеткен жаңалық. Көмірсутегіне кенде елдер ойлап тапқан тәсіл. Енді оны біз де пайдаланып көрмекпіз. Тіпті, осы салаға қызығушылық артып келе жатқан секілді.

    Сонда электр энергиясын өндіретін бұрынғы дәстүрлі тәсіл қайда қалады? Егер баламалы энергия көздерін тарату кеңінен өріс алып, оның қуаты артса, жылу-электр стансаларына лайықты бәсекелес болуы әбден ықтимал. Ал, бағасы қолжетімді қалыптасса, тұтынушы соған ұмтылады. Демек, мұнай-газ күшімен энергия шығарып отырған қазіргі кәсіпкерлердің монополиялық басымдығына қатер төнеді. Нарықта бәсекелестік пайда болады. Жұрт таңдау құқын иеленеді. Ендеше, керегі де осы емес пе? Бұл – біріншіден.

    Екіншіден, қоршаған орта айтарлықтай тазарады. Ауаға парникті газ шығару көлемі күрт кеміген соң табиғаттың да тынысы ашылады. Экологиялық мәселенің түйіні тарқатылады. Оның үстіне, Қазақстан 2050 жылға дейін ауаға парникті газ тарату көлемін 30 пайызға кемітуге міндеттеме алды. Сол үдеден шығу үшін де баламалы энергия көздерін көбірек тұтыну қажет-ақ.

    2022 жылғы швейцариялық «IQAir» мониторингтік тобы жүргізген рейтингте Қазақстан ауасы ең лас 20 елдің қатарына енді.

    Үшіншіден, жасыл технология қолданысқа қолайлы. Тұтынушының түрлі қажеттілігін өтеуге қолжетімді. Демек, күнделікті сұранысты жедел қанағаттандыруға мүмкіндік зор.

    Төртіншіден, «жасыл экономика» нәтижесінде тың кәспорындар пайда болады. Өнімнің жаңа түрлері жасалады. Оны өмірге әкелу үшін өндіріс ошақтары ашылып, жұмыс орындары құрылады. Ендеше, жаңартылатын энергия көзінің кеңінен өрістеуі, сайып келгенде, жұмыссыздық мәселесі азды-көпті шешілуіне оң әсер етпек.

    Ақырында, бесіншіден, әлемдік қауымдастық мүшесі ретінде Қазақстан да дүниежүзілік үрдістен тыс қалмайды. Қоршаған ортаны бірлесіп қорғауға бағытталған міндеттемесі бар. Ғаламдық жылынуға қарсы күреске үлес қосуы қажет. Ал, бұл белгілі бір дәрежеде баламалы энергия көздерін барынша көп тұтынуға да байланысты екендігі шындық.

    P.SСонымен, жаңартылатын энергия дегеніміз не? Ол – жел мен күннің, судың күші. Яғни, тылсым табиғаттың адамзатқа тартқан сыйы. Демек, оны қоршаған ортаға залал келтірмей, онымен үндестік жағдайында жүзеге асырған абзал. Көмірсутегі қоры таусылар немесе таусылмас – мәселе мұнда емес. Адамдар таза энергия көздерін пайдаланып, өздері де таза өңірде өмір сүруі тиіс. Бүгінде мұнай мен газ, көмір өндірілетін өңірлерде экологиялық ахуал асқынып тұрғаны жасырын емес. Тұрғындар арасында түрлі дерт туындаған.

    Міне, осындай және басқа да проблемаларды шұғыл шешуде баламалы энергияның тигізер пайдасы орасан. Ендеше, тың бастамаға тосырқап қарамай, оны күнделікті тұрмысымызға енгізген жөн. Әр адам күн немесе жел энергиясының күшімен отбасы қажетін өтесе, бұл да – ортақ мақсатқа қосылған азды-көпті үлес.

    Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

    журналист.

    қатысты посттар

    Премьер-Министрдің орынбасары Қызылорда дәріханаларындағы дәрі қорын бақылады

    Фариза

    Бақыт Сұлтанов: Азық-түлік тауарларының бағасы қолжетімді болады

    Фариза

    Алматыда блок-бекеттер орнатылғалы жатыр ма? Қала әкімі жауап берді

    Фариза

    Пікір қалдыру

    2 × three =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.