Тіпті осы уақытқа дейін көп айтылған әлеуметтік маңызы бар өнімдер де бір аптада 0,4%-ға, ал бір айда 0,7%-ға қымбаттап отыр, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz порталына сілтеме жасап.
Energyprom.kz зерттеуінше, қабылданған шаралар мен берілген уәделерге қарамастан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы өсіп жатыр. Мұнда әңгіме барлық азық-түлік өнімі туралы емес, өмір сүруге қажет әлеуметтік маңызы бар тауарлар туралы.
Мысалы, осы жылдың 25 қаңтарындағы қорытынды бойынша азық-түлік бағасының апта сайынғы өсімі 0,4%, ал жыл басынан бергі өсімі 0,7% болды.
Әлеуметтік маңызы бар санатқа жататын 19 тауардың тек төртеуі жыл басынан бері қымбаттамаған. Сонымен қатар тағы екеуінің бағасы сәл төмендеген. Қалған 13 тауар қымбаттағаны байқалып отыр.
Жыл басынан бері сәбіз 2,2%-ға, картоп 4,2%-ға, қырыққабат 18,7%-ға қымбаттаған. Тауарлардың бұлай қымбаттағанын бағаның маусымдық өсуіне жатқызуға келмейді.
Мегаполистер мен ірі қалалар арасында Нұр-Сұлтанда (1,5%), Көкшетауда (1,4%), Ақтөбеде (1,1%) және Таразда (1%) тауар бағасы айтарлықтай өскен.
Еске сала кетейік, Қазақстанда азық-түлік бағасының өсуі мәселесі бірнеше рет көтерілген еді. Былтыр қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында азық-түлік өніміне баға белгілеу мен бөлудің тиімсіздігін тағы бір рет айтып, тиімді жұмыс істей алмаған көтерме сауда орталықтарына тоқталған еді.