-0.1 C
Алматы
Пятница, 22 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫНА ПАРА-ПАР ЕҢБЕК

    Көпшілік қауымға Намазалы Омашевты таныстырып жатудың өзі артық. Қазақ бұқаралық ақпарат құралдары туралы ғылымның негізін қалаған Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов секілді мүйізі қарағайдай ғалымдардың көзін көріп, солармен иық тірестіре еңбек еткен, журналистер қауымының Омашев деп атайтын қадірменді ұстазы, салиқалы әріптесі, жөн сілтер басшысы, қазақ журналистикасының қаз басып, дамуына ерекше үлес қосқан, «Қазақ журналистикасының Корифейі» атанған атақты ғалым, профессор Намазалы Омашұлын білмейтін жан кемде-кем. Ал, бүгінгі айтылар әңгіме – ұлағатты ұстазымыздың «Көптомдық таңдамалы шығармалар жинағы» хақында болмақ.

    Көптомдықтың бірінші томына Намазалы Омашұлының әдепкі публицистикалық жазбалары мен алғашқы ғылыми-зерттеу мақалалары жинақталған. Сондай-ақ, осы томға автордың әр кезде жазылған фельетондары мен очерктері, радиожурналистиканың әртүрлі мәселелерін жүйелеген тың зерттеулері енген.

    Кітаптың алғашқы томындағы «Әдепкі жазбаларын» ашқан «Армысың, арайлы жыл!» атты әңгімесінен-ақ автордың өзіндік дара қолтаңбасын бірден аңғарасыз. Жаңа жылға жайылған үлкен дастархан басына, жарасымды кешке жиналған қонақтарды ерекше таныстыруынан өзіңіз де сол шарада отырғандай әсер аласыз. «Нан! Жарық дүниеге жаңа келген жас сәби үшін ана сүтінің құдіреті қандай болса, адам тіршілігі үшін Жер ананың осы бір жұмыр басты перзентіне беретін ырзығы – нанның қадір-қасиеті де сондай. Осы байлықты молайтып, бидайдан тау тұрғызған – дихан қолы, дихан жүрегі… Қазір сол дихандар дүниені дүбірлетіп кірген жаңа жылды ырысты жылға айналдыру үшін қарлы боранды қақаған аязда күміс моншақ тер төгуде» деп келетін жолдар қарапайым еңбек адамының даңқын асқақтатып, қадірін биіктетіп тұрғаны шындық.

    Еңбек адамының мәртебесін аспандатқан осындай мезетті «Осы салтанатты сәтте от жүректі энергетиктеріміздің атынан сабақты ойымызды…» деп басталатын жолдар жалғай түседі: «Байтақ республикамызға жарық жұлдыздар шашқан энергетиктеріміз тарих еншісіне ауған 1976 жылды баянды аяқтап, мол табыстарға жетті. Энергетика қазір өміріміздің күре тамыры іспетті. Ал, электр станциялары сан мыңдаған тамырлар тоғысатын үлкен жүрек сияқты».

    Осы мақала арқылы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, елдің ертеңі үшін күн-түн демей жұмыла еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек адамдарының біздің өмірімізде алатын орнын шегелеп берген автордың сөз саптаулары мен суреттеулерін, теңеулерін тебіренбей оқымау мүмкін емес.

    Намазалы Омашұлы бұл мақаласын 27 жасында, 1977 жылы жазыпты. Бүгінде «Қазақ журналистикасының Корифейі» атанған атақты публицист, ғибратты ғалымның алғашқы мақалаларын оқу осы салада жүрген кім-кімге де қызық екендігі сөзсіз. Осылайша ұстазымыздың «Әдепкі жазбаларындағы» әсерлі шығармасы бізді де өзінің тырнақалды туындыларының тұңғиығына еріксіз тартып әкетті. Бірінен соң бірін бас алмай парақтап, оқып тауысқанша тағат таппайсыз.

    Алғашқы томдағы қарапайым еңбек адамдары, яғни, жұмысшылар туралы әдемі әңгімелер «Ырысты мекеннің өрендері», «Мерей», «Кемел шақ», «Тағылым», «Тоқымашы», «Алтын жұлдызды ана», «Іскер» және басқалары болып жалғасып кете барады. «Ырысты мекеннің өрендерінде» Мойынқұм өңірінде еңбектің үздік үлгісін көрсетіп келе жатқан «Хантау», «Сұңқар» секілді комсомол-жастар бригадаларының өмірін ерекше суреттесе, «Мерейде» Социалистік Еңбек Ері атанған құрылысшы Байқожа Қонысбаевтың қажырлы еңбегін сөз етеді. Ал, «Кемел шақ» мақаласы – тіптен қызық. Қарапайым шофер Захар Беспаевтың қар мен жаңбырдың, аптап ыстықтың астындағы күреске толы қайсар өмірін шебер жеткізеді. Құдды теледидар алдында отырған секілдісіз. Сол секілді, «Тағылымға» ата жолын жалғастырған ағаш ұстасы, ісмердің өнегелі өмір жолы арқау болса, «Тоқымашы» – қалың елге қарапайым еңбегімен танымал болған жас тоқымашы қыздарға арналған.

    Әрине, ұстазымыздың барлық әңгімесіне осылайша жеке тоқталып, талдай беруге болады. Бірақ, олай етуден аулақпыз. Себебі, оны мақсат етіп отырғанымыз жоқ. Оның үстіне, Намаз-ағаның еңбектеріне баға беретін біз емес. Біздің мұрат – ардақты ұстазымыз Намазалы Омашұлының өзіміз көптен күткен «Таңдамалы шығармалар жинағын» бас алмай оқып шыққандағы шәкірттік сезімдеріміз бен ойларымызды, көкейге түйгендерімізді ақ қағазға түсіріп, замандастарымызға ұсыну ғана.

    Намазалы Омашұлының жоғарыда біз атап өткен тырнақалды туындыларының барлығына тән ортақ нәрсе – кейіпкерлерінің бәрі еңбекпен есейген жандар. Автордың өз сөзімен айтсақ, «бейнет кеше жүріп, өздері шыққан биікпен талайларды тамсандырып, қарапайым еңбек адамдарына өзгелерді тәнті еткен адамдар».

    Екінші ерекшелігі – барлық шығармада тағдыр бар. Адам мен заман тағдыры. Кейіпкерлердің түрлі өмірі оқырманын толғантпай қоймайды. Ойға шомдырады. Күрсіндіре отырып сүйсінтеді. Мысалы: «Нысанбай аға немере інісі Сәлімді өз қолына алғанда ол ес жия бастаған. Қуаныш пен қайғыны бірге бөліскен Нысекең ағасының жастай жетім қалған тұяқтарын қолына алып, өз балаларымен бірге күтті. Бір үзім нан болса да, ең алдымен, осы жетімдердің аузына түскенін жақсы көретін. Олардың болымсыз нәрсеге жасқанып, кінәмшіл келетінін іштей аяйтын» («Тағылым»).

    Немесе: «Бақалыға жете бере ауыл шетіндегі қыратқа көз тікті. Барлығы да өзі ойлағандай көрініс. Бір ерекшелігі, ауылдың ауқымы кеңейе түскен секілді. Ол қыратқа жеткенше асықты. Қыр гүлін құшағына толтыра жинап, жедел басып келеді. Үстін қалың шөп басқан қос қабірдің басында үнсіз ұзақ тұрды. Бұрын зират басына үнемі әкесі екеуі келіп қайтатын. Енді жалғыз өзі ғана. Бақытжанға алапат қуат иесі, әрі жан біткеннен мейірімді көрінетін әкесінен де айрылғалы біраз болды. Мынау шөп басқан қос төмпешік ана мен әкеден айырып, мейірімді бейнесін жасырып тұрған қалың қамал сияқты көрінді оған» («Тоқымашы»).

    Болмаса: «Әкесі соғыстан бірер жыл бұрын дүние салған. Бұл кезде үлкен ағасы Шотпақ Алматы қаласында электрик болып жұмыс істейтін. Соны паналап, бүкіл семьяларымен қалаға көшіп келгендеріне де көп болмаған. Жұпыны лашықтың ішінде Батима ана Күлпараннан кейінгі шиеттей үш баламен тұрды. Отбасы ауыртпалығы да осыларға түсті. Жас келіншек қиын-қыстау күндерде өзі сияқты басқа да құрбыларымен, кемпір-шалдармен, әйелдермен тізе қосып еңбек етіп, бір үйлі жанды асырады» («Алтын жұлдызды ана»).

    Міне, шағын ғана мақалаларына тұтас дәуірдің жүгін, замана шындығын, одан қалды қарапайым адамдардың тағдырын шебер сыйғыза білген ұстазымыздың өзіндік қолтаңбасы жас кезінде-ақ қалыптасқанын айқын айғаруға болады.

    Публицистің шығармаларын оқи бастағанда алғашқы сөйлемінен-ақ бірден баурап әкетуінің тағы бір сыры – әрбір туындысының ерекше басталуында жатыр. Автордың құдіреттілігі де сонда. Мақалаларына ұзын-сонар кіріспе жазып отырмайды. Оның орнына кейіпкердің іс-қимылын көрсетіп, жан-дүниесін сөйлетеді немесе ә дегеннен басталған оқиға желісі бірден қызықтырып әкетеді. Тіпті, шығарманың соңына дейін оқырманды еріксіз тапжылтпай ұстап отырады.

    «Елтай ойға шомып келеді», – деп бастайды автор «Күтпеген кездесу» атты мақаласын, – «Келісті бітімі, күнқақты өңіне милиция мундирі жарасып-ақ тұр. Тротуар бойымен ағылған бейтаныс жандардың ішінара бас изеп, амандасып өтетіндері де бар. Барлығын бірдей жыға танымағанмен, көбісін шырамытады. Шамасы өз учаскесінің тұрғындары болар».

    Осылай басталған мақаланы оқи отырып, оның соңына қалай жеткеніңізді білмей қаласыз. Шағын ғана мақала болса да, ондағы кейіпкерлердің өмірі, оқиға желісі повесть, романға жүк боларлық. Ал, айтар ойы қоғамның қай кезеңінде болса да ескірмейтіндігімен, яғни, өміршеңдігімен құнды.

    «Ажалды жеңген азамат» атты шығармасының басталуы мүлдем өзгеше: «Ол стол үстінде жатқан хатты ашқанда күтпеген жайға тап болды. Конверттен шыққан суретте: «Құрметті Жұмалы аға, үйлену тойымыздың қадірлі қонағы болыңыз!» – деп жазылыпты. Жастарды танымайтын сияқты. Содан соң жанары: «Жанұзақ, Күләш» деген жазуға түсті. «Жанұзақ» деп іштей күбір етті де, сәл ойға шомды. Бұл көптен бері көкірек түкпірінде елеусіз нәрседей көмескіленіп қалған бір оқиғаны жаңғыртқандай еді». Осылайша ойда-жоқта келген хаттан басталған оқиға өмір мен өлім арасындағы сәттерге ұласып, ешкімді де бей-жай қалдырмайды.

    «Сол жылдың күзі қырын келді. Аспан аясы қорғасындай ауыр бұлттардан арылмай, ақжауын толассыз сіркіреп, қара жердің сілікпесін шығарып тұрып алды. Өңменінен өтер қара суық та әпшіні қуырады. Басқаны қайдам, бұл мезгіл Бегай Қабашеваның қабырғасына қатты батты. Ол қиналмай қайтсін, өзі басқаратын звеноның қызылша плантациясына трактордан басқа техника жете алмай қалды. Қызылша комбайны кәдеге аспай, қаңқиып ол тұр». Бұл – «Халқына қалаулы» атты мақаланың басталуы. Табиғаттың аласапыран мінезімен астасып жатқан кейіпкердің ішкі жан-дүниесіндегі алай-дүлей тебіреністер оқиғаның өз басыңыздан өтіп жатқанындай әсер қалдырып, түрлі эмоция кешкізеді.

    Осындай сезімге толы сәттерді автордың «Қауырсын қанат қатайса» атты мақаласынан да оқуға болады. Екі жастың жалынды махаббаты, сағыныштан сарғайған көңіл мен сырлы да ыстық сезімді – бәрі-бәрін осы шығармадан табасыз: «Бүгін де алдында жатқан ақ қағазға сағынышты қалай түсірерін білмей, әдетінше аз-кем отырды. Кернеген ойдың пернесін дәл басып ағытар болса, көктемнің ақ нөсеріндей лекілдете төгіп, дамылсыз селдетері анық. Ондайда тосқауыл болған дүниенің өзін тереңіне батырып, адыра толқынды бөгегендей деңгейі биіктеп, кенересінен шым-шым кетіп жатса, енді бірде тосқауылыңызды жұлып тастап, өзге дүниені өзімен бірге ілестіріп, жөңкіле жөнелетіндей болады ой ағысы. Нұрланның жан-дүниесін осындай құбылмалы кезеңдер жиі билеп жүр. Сондағы осы күйге арашашы болып келер жалғыз емі – Жанатқа жолдайтын сағынышқа толы хаты. Хат жазуға бұрын көп зауқы соқпайтын еді, қазір сүйікті кәсібіне айналдырып алды. Ауылдағы сүйген қызына ыстық сәлемін, ынтызар көңілін жеткізетін бар сүйенері осы».

    Қарымды қаламгер Намазалы Омашевтың фельетондарына да арнайы тоқталмасқа болмайды. «Жауынгер жанр» аталған сатиралық жанрдың ерекше түрінде бір кісідей тер төккен публицистің бірінші кітаптағы фельетондарын оқи отырып езу тартпауыңыз мүмкін емес. Аталған жанрдың өзі сықақтан, күлдіруден, езу тартқызудан тұрса да, автордың жазғандарына жай ғана езу тартып қоя алмайсыз. Күлдіре отырып, жылатады. Езу тартқыза отырып, ой салады. Осыдан 50 жыл бұрын жазылса да, күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жоймаған, сол кездегі келеңсіздіктер, қайшылықтар, әділетсіздіктер, сондай-ақ, кедергілермен өзіміз өмір сүріп жатқан қазіргі қоғамда күн сайын бетпе-бет келіп жүргеніңізді көріп, шарасыздықтан езу тартасыз. Әсіресе, ұстазымыздың «Ет жегің келсе, есептеспе», «Көрпесін жатыр тұйықтап», «Сен салар да мен салар», «Кексе студент» атты фельетондары – қоғам дертін дөп басқан шығармалар.

    Сондай-ақ, бүгінгі заманның бас ауруына айналған, қауіпті індет секілді асқынып тұрған жемқорлық туралы жазған «Майшелпек», «Жорға мінген жігіт», «Сүйкеп жатыр», «Жеген ауыз жесін», «Шұқымаса жүре алмай ма?», «Түрлі-түрлі жегіш бар», «Берекелі баспахана», «Сауда сақал сипағанша», «Қулар жарысы» секілді туындылары әр сөзі мірдің оғындай болуымен қатар, өзінің көздеген нысанасына дәл тиюімен бағалы.

    Сөзіміз дәлелді болуы үшін автордың бір ғана «Майшелпек» атты фельетонын алайық. «Машиналары жайрап жатқанда бұлар күніне жаяулап, жалпылап 500 тоннаға дейін жүк тасыды делініп, наряд жазыла салған. Осыншама жүк көтерген ерлерді Толағай демей не дейін. Осыншама жомарттық жасаған бастықты шалағай демей не дейін. Толағай екеш Толағай да демалып, тыныстап барып тау көтерген екен. Ал, шоферлер – Подлосов пен Миллер тәулігіне 20 сағат дем алмай жұмыс істепті. Тасығаның кімнің жүгі десең, үй құрылысы комбинатының бастығы Сегеданың жұмысы дейді. Бұл бастық та жомарттың жомарты, мақтаншақтың мақтаншағы екен. Тоқсандық жоспарын 93 процент орындапты. Жұрт алдында ұятқа батпау үшін 52 мың сомнан астам сыйлық алды. Сонымен, қағаз бетінде тасылған жүк, салынған үй бар да, көшеде дым жоқ. Қостанайлық Толағайлардың қуатты күшінің арқасында қала тұрғындары үйсіз қалмаса не қылсын!», деп жазады публицист құлқындары тоймаған жемқорлар туралы.

    Тұп-тура дәл бүгінгі қоғамның көрінісі емес пе? Осы шығарманы оқып отырып, осыдан 46 жыл бұрын жазылған деп кім айтады?!

    Бір сөзбен айтқанда, сықақшылдық қырын жан-жақты әрі кеңінен танытқан Н. Омашевтың фельетондары оқырмандардың есінде ирониялық тапқыр тіркестерімен, сәтті қолданылған юморлық эпизодтарымен, күлкілі диалогтарымен ұзаққа қалады.

    Көрнекті ғалымның «Таңдамалысының» бірінші кітабындағы «Ой-толқын» деп аталатын тарауы – қазақ радиосының тарихы мен қалыптасуына, дамуына, оның мәселелеріне арналған. Бір ғасырдың шежіресін арқалаған бұл бөлімде ғалым қазақ жерінде радио ісінің өркендеуі мен қазақ радиохабарларының қалыптасуы, радиожурналистиканың жалпы жанрлары мен хабар түрлері, қазақ радиожурналистикасындағы жанрлардың орнығуы туралы жан-жақты әрі толыққанды, таптырмас деректерді алдыңызға жайып салады. Ұлағатты ұстазымыз қазақ радиосының дүниеге келуіне байланысты тың зерттеуінде архив қазынасын ақтарып, бұрын-соңды көзге түспеген, еш жерде жарияланбаған, айтылмай, ашылмай жүрген деректерді қопарып, талай даулы жайлардың түйініп тарқатып, өзінің дәлелді, кесімді тұжырымын жасайды. Қазақстандағы радиоландыру ісі алғаш граммофон мен пластинкаларды тарату арқылы жүзеге асқанын, оған ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың қосқан үлесі аз болмағанын шегелеп тұрып дәлелдеп береді. Осылайша, ұзақ жылдар бойы айтылмай келген ақиқатты тарихтың ақтаңдақ беттерінен аршып алып, қазақ радиосының тарихына тыңнан түрен салады.

    Публицист Қазақстандағы тұңғыш агенттік, қазақ жеріндегі алғашқы қоғамдық радиоқондырғылар мен Алматы радиостанциясы туралы айтылып жүрген әр түрлі пікірлерге де жауап беріп, оларды ғылыми тұрғыдан таразылап, тарихи деректермен соңғы нүктесін қояды.

    Н. Омашұлының қазақ радиосына қатысты осы тың зерттеулеріне атақты ғалым, профессор Шериаздан Елеукенов: «Қазақ журналистикасының қабырғалы саласының тарихы мен теориясын түзудегі сан жылғы ғылыми ақ тер, көк тер ізденісінің нәтижесі» деп баға беріпті. Айтса айтқандай, жалпы радио, оның ішінде, қазақ радиосы дегенде, оған қатысты қандай да бір дерек іздегенде ең алдымен есімізге Намазалы Омашевтың түсетіні жасырын емес. Бірден ғалымның еңбектеріне жүгініп, сілтеме жасайтынымыз тайға таңба басқандай анық. Себебі, қазақ радиосы өмірге келген алғашқы күннен бастап күні кешеге дейінгі тарихын, қалыптасу кезеңдері мен даму шежіресін, жанрлық ерекшеліктерін, радиохабарлардың түрлері мен пішіндерін, табиғатын үтір-нүктесіне дейін зерттеп қана қоймай, оны жүйелеп, бір ізге түсірген бірегей ғалым – осы Намазалы ұстазымыз екендігі талассыз ақиқат.

    Бұған ғалымның радиотыңдаушылармен байланыс, аудитория мәселелері, алғашқы радиогазеттер, әртүрлі кезеңде радиода еңбек еткен тілшілердің жұмысы, олардың қаузаған тақырыптары және радионың акустикалық бейнелеуші құралдары, жанр-пішіндерінің эволюциясы, эфир мен экран сатирасы, радиоәңгімелесу туралы соны зерттеулерін қоссаңыз, ұстазымыз туралы айтылар ойдың ауқымы кеңейіп, өз-өзінен салмақтанып шыға келеді.

    Осы тұста ерекше екпін түсіріп айтылуға тиісті нәрсе – ғалымның қазақ радиосындағы хабарлардың түрлерін арнайы зерттеп, олардың жілігін шағып, майын ішкендігі. Атап айтқанда, қоғамдық-саяси, музыкалық, әдеби-драмалық, сыни, балалар мен жастар хабарларының сипатын, табиғатын, тақырыптық маңыздылығы мен әртүрлілігін, қалыптасу кезеңдерін жік-жікке бөліп, талдап береді. Осы аталған хабарлардың жұмыстарындағы елеулі кемшіліктерді де қалыс қалдырмай, оларға арнайы тоқталады. Бұл тұрғыда автордың: «Олар ең алдымен жалпы жұртқа белгілі жайды қайталайтын, шартты, абстрактылы жағдайларға құрылған кеңсе сөздеріне толы ұзақ-сонар лекциялар мен баяндамалардың көп болуынан көрінеді. Мұндай хабарларда ұлттық тілдің құнары аз болды. Онда тіл жұтаң, қатып-семген үлгілер мен құрғақ сөз толып жүрді» деген тұжырымына назар аудармасқа болмайды.

    Н. Омашев қазақ радиосындағы кейбір хабар түрлерінің кенже қалу себептеріне де айрықша ден қояды. Мысалы, радиода әдеби және драмалық хабарлардың қолға кеш алуының түпкі себептерін, алғашқы кездескен қиындықтарды сол кездегі қоғамдық-саяси оқиғалардың тізбегі бойынша бағамдайды. Сонымен қатар, Қазақ радиосы арнайы сатиралық, сыни хабарды 1956 жылға дейін бермегенін ғалым архивтік материалдар мен түрлі құжаттар арқылы сөйлетеді.

    Радиожурналистика саласына өзінің 40 жыл өмірін арнаған ғалымның қазақ радиосының жетістіктеріне арналған жазбалары да – өз алдына бір төбе. Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған қымбат қазыналарымызды, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің інжу-маржандарын саралап, ғылым тілінде сөйлеткен, сол арқылы отандық радионың сан жылғы жетістіктерін әлемге паш еткен ғалымның өлшеусіз еңбегі бүгінгі күннің өзінде талай ұрпақтың құнды мұрасына айналып үлгерген десек, артық айтқандығымыз емес.

    Қоғам қайраткерінің бірінші кітабынан түрлі шетелдік жолжазбалар мен ұлттық журналистиканың көкейкесті мәселелеріне арналған тақырыптарды да оқи аламыз. Олар «Ой-таразы» атты үлкен тарауға топтастырылған. Ғалым осы тарауда соңғы жылдардағы төртінші биліктің күрт өзгерістерінен бастап бүгінгі күнгі толғақты мәселелерін қозғап, ой саларлық, маңызы зор дүниелерді жіпке тізгендей айқындап, анықтап береді. Жаһандану кезіндегі ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігі қаншалықты өзекті екендігіне баса назар аударады. Онсызда соңғы кездері жалған сенсация қуып, арзан ақпаратқа, тапсырыстағы дүниелерге құмар, мазмұны мәнсіз мақалаларды «беттері қызармай» жариялай беретін желөкпе басылымдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар секілді қаптап кеткені рас. Міне, осындай арзан атақ қуғандарға тойтарыс бере алатын, ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар тұрғысынан сөйлейтін басылымдарымыз жеткілікті ме? Олар бәсекеге қаншалықты қауқарлы? Біздің халқымыздың қасиетті ұғымдарын қызғыштай қорғай алып жүр ме? Осындай өзекті мәселелер ғалымды күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырады.

    «Ұлтты ұтылысқа не апарады?» деп сұрақты төтесінен қоятын ұстазымыз осындай қиын сауалдарға жауап іздеп, жаһандану дауылына жұтылып кетпес үшін БАҚ тарапынан жасалар жұмыстың салмағын бағдарлап береді. Осы тұрғыда ғалымның: «Біздер үшін қоғамдық пікірді таратып қана қою аз, оны қалыптастыра да білуіміз керек… Алған ақпаратты бүге-шігесіне дейін анықтап, нақты түсіндіру газеттің міндеті болып табылуы қажет» деген пікірімен келіспеске болмайды.

    «Бізде өзі отырған бұтақты кесетіндер бар» деп ашынатын Намазалы аға ақпараттық қауіпсіздік – еріккеннің ермегі емес екенін әр мақаласында қайталап айтудан жалықпайды. Көзге көрінбейтін «ақпарат соғысы» жүріп жатқан заманда журналистиканың жүгі ауыр екендігін айтып, осы тақырыптың түп-тұқиянына дейін түгін қалдырмай жүрегіңе жеткізе жазады. Мұны жай ғана мақаладан гөрі тиісті сала басшыларына айтылған арнау сөз деп қабылдаған жөн.

    Ұстазымыз өзінің осы еңбектерінде ұлттық идеология, ұлттық мақсат-мұрат, ұлттық мүдде, ұлттық тіл, жалпы, халқымыздың «ұлттық» деп бағаланатын қасиетті құндылықтарына келгенде журналистің рөлін жоғары бағалайды. Себебі, аталған құндылықтарды насихаттауда, қорғауда, жас ұрпақтың санасына сіңіруде, оған қатысты мәселелерді билік құлағына жеткізіп қана қоймай, оң шешілуіне ықпал етуде ұлттық баспасөздің орны ерекше. Сондықтан да, Намазалы Омашұлы журналистикасы жалтақ ел тоқырайтынын шегелеп тұрып жазып, сылдыр сөздің уақыты озғанын айтып, шәкірттерін елжанды болуға, арандап қалмай, ойланып жазуға, әр сөзіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Журналистика машық емес, мамандық екенін дәлелдеп, оның қоғамдық ілім санатына көтеріліп бара жатқанын айғақтайды. Журналистика мамандық болғанда да, сен оны емес, алдымен ол сені таңдайтын талғампаз мамандық екенін арпаны бидайдан ажыратқандай тер төге отырып, санаңызға мықтап түйгізіп, құлағыңызға нықтап құйып береді.

    Кейінгі кезде журналистиканы әркім өз білгеніне қарай пайдаланғысы келетін жағымсыз тенденция етек алып бара жатқаны белгілі. Омашев мұндай қауіпті дерттің ұлттық мүддемізге кесірін тигізетінін жасырмай айтады: «Ондай дертті аластатудың жолы – журналистиканың қоғам, ел алдындағы негізгі міндетін анықтай түсіп, халық мінберіне айналдыру. Егер ол тек биліктің қолшоқпары болып қалса немесе ат төбеліндей ақшалының сойылын соғып кетсе, ақ жолдан адасатыны анық. Ақпарат монополияланған жерде пікір алуандығы бұзылады. Ақиқат айтылмайды. Ал, біз шын зиялы қоғам орнатамыз десек, Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «халықтың көзі мен құлағы һәм тілі» болатын кадрларды даярлауымыз керек. Журналист үшін одан асқан мәртебе жоқ. Ондай абыройлы істі келте ойлайтын кісі емес, кемел толғайтын жан атқара алса керек. Бұл мамандыққа университеттік білімнің қажеттілігі де сондықтан».

    Бүкіл ел қолдайтын идеологияның болуы қажеттігін талмай айтып та, жазып та келе жатқан публицист «демократияның жөні осы екен деп барлық қақпаны ашып тастамауымыз керек» дейді. Бұл – қазіргі ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда өте керек нәрсе. Кейбір сарапшылар «тықпалап» қоймай жүрген «Ақпараттың еркін ағымы» деген қақсал теория тек әлемдегі өте дамыған алпауыт елдер үшін ғана пайдалы. Мұны ұстазымыз жай ғана «былай екен», «олай екен» деп жаза салмайды. Қайтсем қазақ журналистикасының көшін ілгерілетемін, еліміздегі журналистерді оқыту бағдарламасын жаңа заманға лайықтап, халықаралық стандарттарға келтіріп, оның биік талаптарына жауап беретін етіп жасақтаймын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, АҚШ, Канада, Париж, Мәскеу және басқа да шет мемлекеттерге барып, көзімен көрген, көңіліне түйгендерін мысалға келтіре отырып қалам тербейді. Ғалымның кітаптағы «Ақпараттық қоғам» деген не?», «Жердің арғы бетінде», «Үйренері көп үлкен мектеп», «Ғалам ғибраты», «Азуын айға білеген Америка», «Бізде идеал болмай ма?», «Бізде заңға жүйрік заңгерлер ғана», «Журналистиканың теориялары мен доктриналары», «Журналистиканың жаңа стилі», «Ақиқат қай тілде айтылады?», «Білімнің дүниежүзілік стандарты. Ол қандай?» атты мақалаларынан ерлікке бергісіз үлкен еңбекті көруге болады.

    Н. Омашев – фельетон жазып ғана қоюшы емес, қазақ фельетонын зерттеушілердің бірегейі. Көптомдықтың екінші томындағы «Толқындағы тотияйын» деп аталатын тұтас тарау осы жанрға арналған. Онда автор осы жанрдың ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан зерделеп, қазақ радиосында фельетон жанрының қалыптасуы мен дамуын тереңінен індете зерттейді.

    Жалпы, ғалымның «Таңдамалысының» екінші кітабына оның ғылыми ортада жоғары бағаға ие болған монографиялық зерттеулері берілген. Автордың фельетон жанры туралы зерттеулері де – осындай қымбат, құнды ғылыми еңбектердің қатарында. Әсіресе, «жауынгер жанр» дамуының жаңа қырлары, эфир сатирасы мен синтетикалық жанрдың ерекшеліктері, міндеттері, оның акустикалық-бейнелеуші құралдары туралы жазбалары өзінің мәнін ешқашан жоймайтын бағалы еңбек екендігі даусыз. Оның ішінде, эфирге берілген фельетон сюжетінің дамуы, оқиға шиеленісінің радио табиғатына, артистердің ойынына сай келуі, факті мен мазмұны, сатиралық өткірлігі, уыттылығы, ащы әжуалық қызметі секілді толып жатқан талаптар мен міндеттерді ғылыми негізде сөйлете білуі ғалымның жылдар бойғы көз майын тауысып жазған ерен еңбегінің жемісі.

    Екінші кітаптың «Радиожурналистика негіздері» деп аталатын екінші тарауы өз алдына бөлек толымды еңбек. Осы бөлімдегі радионың табиғаты мен оның қоғамдық рөлі, орны, алдына қойған міндеттері, дыбыстың акустикалық табиғаты жайлы тың зерттеуі оның қаншалықты маңызы зор екендігін айшықтап тұр.

    Ал, «Қазақстанда радиохабар тарату ісінің тарихы» атты үшінші тараудың ауқымы өте үлкен. Себебі, ғалымның радиожурналистика саласын зерттеудегі күрделі еңбегі тыңнан түрен салғандай. Қазақстанда радиоландыру ісінің алғашқы күндерінен бастап, радионың даму кезеңдері, атап айтқанда, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы кеңестік радио, Отан соғысынан кейінгі кезеңдегі, тоталитарлық мемлекет тұсындағы, қайта құру мен жариялылық, жаңа кезең радиосы жайлы жан-жақты зерттеуін шебер тілмен көңілге қонымды, анық әрі жатық етіп жеткізеді.

    Ұстазымыз осы тарауда радиожурналистика жанрлары мен пішіндерінің жетілуі, өзгеруі, дамуы жайлы да сөз етіп, жанрларға, оған қойылатын талаптарды жеке-жеке әрі кеңінен қамтиды. Сонымен қоса, автор радиожурналистиканың бірді-екілі мәселелеріне ғана тоқталып қоймайды, кез келген адамның түсінуіне лайықты, жалпыға қолайлы әдіспен радиожурналистиканың жүйесін, оның ерекше қыр-сырын, көпшілікке беймәлім тұстарын көбірек қозғайды. Мысалы, ғалым форматты радиолар, хабар жасаудың технологиясы, дыбыс және дыбыс жазудың тарихы, радионың техникалық құралдары, хабар тарату торабы және жүйесі, сандық радиохабар, хабардың және радиохабардың бейнелеуші құралдары, деректік материалдар, радиожурналистің шығармашылық тобы және шеберханасы, тікелей эфирдің ерекшеліктері, радио аудиториясы мен оны зерттеудің әдіс-тәсілдері секілді сан алуан тақырыптағы әрбір еңбегінде архивтік таспаларды, әдебиет пен өнер туындыларын, тарихи оқиғаларды қолдана отырып, әңгімелейді.

    Қазір сәт сайын құбылып, күніне мың өзгеріп жатқан нарықтық қоғам журналистика, медиа саласына да елеулі өзгерістер әкеліп жатқаны баршаға аян. Ғалым жаңа заманға бейімделген бүгінгі медианарық, жаңа ақпараттық құралдар мен технологиялардың әлемдегі қазіргі өмірге әсері, заманауи ғылыми-техникалық прогресстің нәтижесінде пайда болған медиаорта, электронды ақпарат құралдары, «ақпараттың еркін ағымы» және жаңа медиадағы журналист рөлін саралап, талдап, байыпты, салмақты қорытындылар шығарады.

    Осы заманауи өзгерістердің радиожурналистикаға әкелген жаңалықтарын да қаузап, қазіргі радионың түрлері, қазіргі Қазақ радиосына ерекше мән береді. Кез келген БАҚ-тағы күрделі мәселелердің барлығы сауатты менеджментті, БАҚ технологиясын жетік білуді, есеп-қисап жүргізудегі ұқыптылықты, шешім қабылдаудағы көрегенділікті, барлық жағдайларды терең ескеруді талап ететіндігін айта келіп, радионың қаржылық көздері, жарнама мәселесі, хабарлардың рейтингісіне өзіндік байламын жасайды. Бұдан бөлек, Ташкенттегі радиостанция, «Азаттық» радиостанциясы, «Бай-өлке» радиосының еліміздегі осы саланың дамуына, өрістеуіне қосқан үлесі мен ықпалын бағдарлайды.

    Кітаптың төртінші тарауына арқау болған автордың фельетон туралы монографиялық зерттеулерінің «В борьбе с негативными» деп аталатын орыс тіліндегі нұсқасы ресми тілде ізденушілер үшін таптырмас құрал екендігін айта кеткеніміз жөн.

    «Оқу жоспарын жасаумен тісім сарғайған адаммын» дейтін ұстазымыз. Десе дегендей, елімізде журналистика мамандығын оқытуға арналған оқу жоспарын жасауда, оны уақыт көшінен қалмай жаңалап, жаңартып, жаңа медианың жаңалықтарын дер кезінде енгізуде Намазалы Омашевтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Болашақ тілшілерге радиожурналистиканың қыр-сырын меңгертуде де ғалымның өзі айтқан осы күйді бастан кешіргені анық. Бұл айтқанымызға автордың қолымыздағы «Таңдамалысының» екінші кітабы толық дәлел бола алады. Екінші жағынан осындай ауқымды еңбекті жазуда ұстазымыздың тәжірибе мен теорияны сәтті ұштастыра білген асқан шеберлігі мен көрегенділігі жатқаны айқын.

    Публицист Н. Омашевтың көптомдығының үшінші томы «Ой-толғам» және «Ой-таным» атты екі тараудан тұрады. «Ой-толғамда» автордың әр жылдары қалам тербеген көсемсөздері, белгілі тұлғалар жайлы естелік-толғаныстары жинақталған. Ал, «Ой-танымда» қазақ баспасөзінің тарихы, алаш басылымдарына қатысты зерттеулер және басқа да шығармалары топтастырылған.

    Соңғы томның алғашқы тарауына енген автордың мақалаларынан ұлт тағдырына, ел қамына деген жанашырлығы айқын көрініс тапқан. Ұлт болашағына алаңдаған тұлға өз тілінде сөйлемеуден басталатын ұлтқа деген өгей көзқарас, рухани құндылық, елдік мүдде, халықтық тәрбие, елжандылық және тағы басқа да ұлттық деңгейдегі мәселелерді жеріне жеткізіп тұрып жазады. Осылайша әр мақаласында «Рухы биік ел ғана еңселі», «Рухсыз ел болмайды» деп байыпты байлам жасайтын қайраткер ұлт жоқшысы ретінде аталған мәселелерді талмай, жалықпай жазып, жастардың санасына сіңіруді өзінің басты парызы санайды.

    Публицистің елге танымал тұлғалар жайлы жазған естелік-толғамдары мен портреттік мақалаларынан мол тағылым алып, көкейге көп нәрсені түйесіз. Ұлт қамын жеген қайраткерлер жаныңызға бұрынғыдан да жақын бола түсіп, олардың болмысы, кісілік келбеті, өнегелі өмірі жайлы көп мәліметке қанық боласыз.

    Мәселен, бүкіл саналы ғұмырын «Әдебиет – ардың ісіне» арнаған Зейнолла Қабдолов туралы «Дара дарын», журналист-ғалымдар Марат Барманқұловқа арналған «Алпысында ағылшын тілін үйренген» (бұл екі мақала бірінші томда – Н.М.), Рамазан Сағымбеков жайлы «Әуе толқынын барлаған», «Қазақ радиосының тұңғыш зерттеушісі», қоғам қайраткері Төлеген Қожамқұлов туралы «Нар жолында жүк қалмайды», көрнекті ғалымдар Сұлтанғали Садырбаев туралы «Даналық дәрістері», Тұрсынбек Кәкішұлына арналған «Журналист-ғалым», Тұрсын Жұртбай жайлы «Сүре сөз» жайлы бірер сөз», «Тұрсынның терең танымы», дара тұлға Михаил Есеналиев туралы «Ақиқатын айтқан қайраткер», тарихшы-ғалым Қойшығара Салғараұлы жайлы «Қазақтың Қойшығарасы», журналист, қайраткер Серік Әбдірайымұлына арналған «Жақсыларға жақын жүретін», қазақ журналистикасының алыбы Темірбек Қожакеев жайлы «Сыры ашылмаған жан», Шона Смаханұлы туралы «Уытты сөздің ұтқыры», ақын-сыншы, аудармашы-ғалым Асқар Егеубай туралы «Кісіліктің адамы еді…», ақын, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман жайлы «Жұрт күтетін Жүрсін», мемлекет және қоғам қайраткерлері Иманғали Тасмағамбетов, Асанбай Асқаров туралы «Ұлт руханиятының жоқшысы», «Ел дегенде езіледі жүрегім», жазушы-ғалым Дихан Қамзабекұлы жайлы «Алашқа болсын деген азамат» атты мақалаларын үлкен қызығушылықпен оқисыз. Оқып отырып автордың жазу стилі мен көркем тіліне риза болып, ондағы мәліметтердің құндылығына көңілің толып, танымың кеңейіп, әр кейіпкерін ерекше сөйлете білген қаламгер еңбегіне ілтипатпен қарайсыз.

    Ерекше атап өтерлігі – публицист мақалаларында кейіпкерлері туралы баршаға белгілі жайларды емес, олардың көпшілік біле бермейтін қырларын сөз етеді. Онысы мақалаға салмақ қосып, оқырманның қай-қайсысына да жылы әсер етпей қоймайды.

    Сөзіміз дәлелді болуы үшін автордың «Жұрт күтетін Жүрсін» атты мақаласындағы мына бір жолдарды алайық: «Сонау 1969 жылдан бері өмірдің небір қызығы мен қыжылын бірге бөлісіп, достығымыз жарасып келе жатқан Жүрсіннің табиғатын түсініп болудың өзі қиын. Бірде тарпаң, бірде жайсаң, бірде шарт та шұрт, қырсық-қисық мінезімен талай таңғалдырғаны бар. Ал енді кейде жалғыз ұлы – Дарханға арнап жазған өлеңі секілді туындыларымен сай-сүйегіңді сырқыратса, енді бірде жан-жары – Бақытжамал сүйіктісіне арнаған нәзік лиризмге толы сыршыл ақындығымен тәнті етеді. Болмысы бөлек досыңа іштей риза боласың да қоясың. Кейде өзіне «мынауың бір жақсы дүние екен» дегенді айта бастасаң, «Сендер мені бағалай алмай жүрсіңдер ғой» деп балаша бұртаңдайтыны тағы бар». Халық айтыс десе – Жүрсін, Жүрсін десе – айтыс деп қабылдайтын, есімі ерекше өнермен егіз ұғымға айналған жанның жұрт біле бермейтін осынау қыры бір жағынан сүйсіндіріп, екінші жағынан таңғалдырады.

    Сол секілді, ғалым Дихан Қамзабекұлы туралы мына жолдарды оқи отырып, еріксіз риза боласыз: «Бір жолы Дихан Қытай еліне конференцияға барған екен. Қайтарда ұшақ болмай әуежайда қалып қойыпты. Өзі ұша алмай жүріп, қиналып жүрген бір топ қазақ студенттерін кездестіреді. Олар бұның құзырындағы студенттер болмаса да студент-жастарға деген қамқорлығын сол мезетте көрсетеді. Олардың қиын жағдайын Қытайдағы елшілікке, т.б. жерлерге хабарлайды. Соны шешуге сеп болады. Тіпті солар үшін өзінің жанында жүрген ғалым бауырымен тілге келіп те қалады. Сондағысы: сен неге біздің жастарға көмек қолыңды ұсынбайсың. Сөйтсе ол жігіттің де өз басындағы мәселесі жетерлік екен. Сонымен екеуі жүз шайысып, кәдімгідей сөзге келеді. Сосын біз екі жігітті табыстырайық деп бас қостық. Мен сонда Диханның біреуді кінәлап сөйлеу, оның кемшілігін дөп басып айту жағынан дағдыланбаған, үйренбеген жан екеніне көз жеткіздім. Яғни, конфликтіге жоқ. Біреудің кемшілігін бетке басып айта алмайды. Жазуға салсаң да, айтуға салсаң да керемет, ал, біреудің мінін айтуға, салғыласуға жоқ екен ғой деп таң қалдым. Бұдан шығатын қорытынды, ол жасынан ұрыс-керістен аулақ болған, ондай кесапатқа жоламаған. Көрсе де, естісе де оны елең қылмаған, ондай қылықты бойына сіңірмеген. Міне, оның кемшілігі – осы».

    Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқып жүргенде Дихан Қамзабекұлының алдын талай көргенбіз. Өзімізге таныс тұлға жайлы осынау мақаланы оқығанда, дархан мінезді ағайымыздың кісілік келбетіне тағы бір тәнті болып, марқайып қалдық. Бір сөзбен айтқанда, Намаз-ағаның тұлғалар жайлы тебіреністерін оқығанда көз алдыңызға ардақты ағалардың ел үшін сіңірген ерен еңбектерінен бөлек, азаматтық келбеттері де келіп отырады.

    Ғалымның академик Зәки Ахметовтің ұлы Абайға арналған еңбегі жайлы «Ақын әлемінің астарлы сыры», сыншы Мырзатай Серғалиевтің «Сөз сарасы» кітабы хақындағы «Байыпты байлам, тұжырымды түйін», үлкен ойшыл Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі туралы «Ұлы ғұламадан ұлағат», М. Әуезовтің «Америка әсерлері» хақындағы «Әуезовтің бітпей қалған очеркі», қазақ филологиясының тұңғыш профессоры, ұлттық тіл білімінің теориялық негізін қалаған Құдайберген Жұбановтың публицистикасын арқау еткен «Ғұлама ғалым публицистикасы» секілді шығармалары – өзінің лайықты бағасын алған, шоқтығы биік дүниелер.

    Соңғы томның екінші тарауы – «Ой-танымдағы» халқы үшін туған тұлға Қабылбек Сарымолдаев, батыр бабалар Сыпатай Әлібекұлы, Наурызбай Құттымбетұлы, Жауғаш Қырбасұлы туралы тарихи зерттеу мақалаларында да үлкен салмақ бар. Сонымен қоса, «Ұлт-азаттық көтерліске жаңа көзқарас» атты мақаласы публицист шығармасының өміршеңдігін, ұлттық тарихқа бей-жай қарауға болмайтындығын тағы бір дәлелдей түседі. Автордың осы дүниелерінде бұрын ескерілмеген талай тартымды мәліметтер алдымыздан шығады.

    Халқының келешегіне алаңдайтын қаламгер тәуелсіздікті баянды ету үшін аянып қалмай, тәуелсіз сана қалыптастыруға баршаның назарын аударып, мақалаларына тақырып етіп келеді. «Көне Тараз – әлемдік ақпарат қақпасы», «Төртінші билік», «Сөзге абай болайық!», «Идеологиясыздану – індетті идеология» тақырыбындағы мақалалары автордың кім екендігін, оны қандай ой қатты мазалайтынын аңғартады.

    Н. Омашевтың Алаш көсемсөзін зерттеудегі, оны бүгінгі ұрпақпен қауыштырудағы орасан зор еңбегіне қарыздар екенімізді жасыруға болмайды. Себебі, «Айқап» пен «Қазақ» газеттері біршама зерттеліп, ондағы публицисттік материалдар туралы бірді-екілі еңбектер болмаса, «Сарыарқа», «Сана», «Таң», «Жас Түркістан» секілді басылымдар туралы жалпы түсінік, жалаң деректер ғана айтылады. Өкініштісі, осы басылымдар туралы түбегейлі кіріскен талдаулар, монографиялық еңбектер жоқтың қасы дерлік.

    Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ұстазымыз жылдар бойы, күні-түні еңбек етіп, Алаш басылымдарын халық арасына қайта оралтты. Басылымдардағы бөлімдер мен онда көтерілген ұлттық мәселелерді бір жүйеге түсірді. Бүгінде осы басылымдарда жарияланған Алаш арыстарының көсемсөздері көптеген ғылым салалары бойынша тың зерттеулердің бастауына айналып та үлгерді.

    Ғалымның таңдамалысындағы үшінші томға жинақталған «Егемен» – ел газеті», «Өткен ғасыр басында туған «Шолпан», эмиграциядағы үні қатқыл, қаһары күшті «Жас Түркістан» журналы туралы «Түркі жұртының ортақ басылымы», «Сана» журналы жайлы «Ұлттық сана ұйытқысы», кеңестік кезеңнің тонын киіп, алаш рухын жырлаған «Таң» журналы туралы «Сырт кейпі – кеңестік, мазмұны – ұлттық басылым», «Абай» журналы хақындағы «Азат үнді, тәуелсіз рухты басылым», «Алаш ұранды «Сарыарқа», «Еңбекші қазақ» газеті турасындағы «Тартысты жылдар баспасөзі» секілді зерттеулері бүгінгі таңда ауадай қажет дүниелер. Өйткені, белгілі бір тарихи оқиғаларды зерттеуде, оған баға берерде сол кезде жарық көрген баспасөзге, онда жарияланған көсемсөзге жүгінбеу мүмкін емес. Ол сол кезеңнің шындығын, уақыттың үнін, тынысын айна-қатесіз жеткізеді.

    Екіншіден, аяулы арыстарымыздың көсемсөзі халық санасынан әдейілеп өшірілді. Қысқа уақыт аралығындағы араб жазуынан латынға, одан кириллицаға көшіру саясаты халықтың бүкіл рухани әлеміне зардабын тигізді. Алаш қайраткерлері ақталған күннің өзінде қазіргі ұрпақ олардың не жазғандарынан бейхабар. Себебі, шағатай, араб жазуларын кез келген адам оқи алмайды.

    Міне, осыны мұрат еткен ғалымның Алаш басылымдары туралы зерттеулері кейіннен «Алаш көсемсөзі» атты онтомдыққа ұласты. Бұл бағалы еңбектің жарық көруі осы тақырыптың өзектілігін тіпті арттыра түсті.

    Қорыта айтқанда, қарымды қаламгер, ғибратты ғалым, пәрменді публицист, ұлағатты ұстазымыз Намазалы Омашевтың көптомдық таңдамалар жинағы – қазақ журналистикасының энциклопедиясына пара-пар құнды еңбек, қажетті және таптырмас кітап. Себебі, бұл шоқтығы биік дүниеден білім қуған студент те, кәнігі ғалым да, тек журналистика ғана емес, басқа саланың өкілдері де, жалпы алғанда кез келген маман – бәрі-бәрі өзіне керегін, іздегенін жаңылмай әрі оңай табады.

    Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

    журналист.

    қатысты посттар

    ҚЫЗЫЛОРДАДА «SYR VOLONTERLARY» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

    Фариза

    Қызылорда: Қазалыда 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде

    Фариза

    «Ұстап көрдің бе?» деді»: 16 жастағы қыз имамның жағаұстатарлық қылықтарын айтты

    Пікір қалдыру

    3 + fifteen =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.