Суббота, 9 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    Балаларды дәретханаға байлап азаптаған тәрбиешілер жазадан құтылып кетті (видео)

    Атырауда жүйке жүйесінде ауытқышылық бар балаларға арналған мектеп-интернаттың екі тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Олар науқас балаларды дәретхананың теміріне байлап, қатыгездік танытқан еді. Ал енді полицияның істі тоқтатқанына халық наразы, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Экспресс К порталына сілтеме жасап.

    ЭК осыған дейін Атырауда мүгедектігі бар балалаларды дәретхананың теміріне байлап қойып, жылап жатқан жеткіншектерге қарамаған интернаттың тәрбиешілеріне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын. Бұл іс бойынша екі тәрбиеші күдікті деп танылды.

    Желіде тараған бейнежазба қоғамдық резонанс тудырған еді. Кейін мекеме директорына қатаң сөгіс жарияланып, прокуратура мектеп-интернатты тексерген болатын.

    Алайда ҚК 110-бабымен (Азаптау) қозғалған қылмыстық іс енді тоқтатылды.

    «Қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Қалалық прокуратура бұл шешімді қолдады», — дейді Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Көшқалиев.

    Ал балаларды дәретханаға байлап, оларға жөнді қарамаған, тіпті күдікті болып танылған екі тәрбиеші де қатаң сөгіспен құтылып, мекемеде науқас балалармен әлі жұмыс істеп жатыр.

    Екі тәрбиешіміз де жұмыстарын жалғастырып жатыр. Біреуі — зейнет жасына жақындаған апай, екіншісі — еңбек демалысында,

    — дейді мектеп-интернат директоры Анар Каюпова.

    Мектеп-интернаттың бұрынғы директоры осы видеоны түсірген бұрынғы қызметкер Ұлбике Бисекенованы ұрлық жасады деп айыптап, кейін жұмыстан шығарған болатын. Бисекенова қылмыстық істің қысқарғанын естіп, жағасын ұстады.

    «Елімізде әділдік қайда? Бейнежазбада барлығы анық көрініп тұрса да, қылмыстық істі жауып тастады. Сонда заң ауру балаларды қорғамай ма? Балаларды әрқашан боқтап, ауыр сөздер айтады. Тіпті мерзімі өткен азық-түлік береді. Бірнеше рет Атырау облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жазған арыздарым қараусыз қалды. Егер де сол кезде шара қолданғанда, осындай жағдай болмас еді. Тағдыр ренжіткен балаларды енді тәрбиешілер ренжітіп отыр», — дейді Ұлбике Бисекенова.

    Бисекенованың айтуынша, оның арызы бойынша құзырлы органдар тексеріс жүргізіп, мекемеден балаларға берілген дәрілердің мерзімі өтіп кеткенін анықтаған. Алайда медбике тек әкімшілік айыппұл арқалап, жұмысын жалғастыра берген.

    Олар да — біздің қоғамның мүшесі, біздің балаларымыз. Мемлекет ақша бөліп отырған жерде оларға қажетті жағдай жасалуы керек. Мекемеде барлық құқық бұзушылықтарға көз жұма қарап отырғандар жазаланып, қылмыстық іс қайта тергеуге жіберілуі керек,

    — деп санайды Бисекенова.

    Ұлбике Бисекенованы мектеп-интернаттан күштеп, тіпті полиция қызметкерін шақырып, шығарып жіберген көрінеді. Енді ол қылмыстық іс қайта ашылмаса, Нұр-Сұлтандағы шенеуніктерге хат жазуға бекініп отыр.

    қатысты посттар

    «Талғат Мұсабаев елордалық қызды итімен серуендеп жүргені үшін жұдырығымен ұрған

    Фариза

    Алматылық әйел кішкентай 3 баласымен бірге 9-қабаттан секіріп кеткен

    Фариза

    Қарағанды облысында дәрігерлер науқасқа мас күйінде келген

    Фариза

    Пікір қалдыру

    15 + 6 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.