-14.1 C
Алматы
Вторник, 24 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Аймақтар

    Жуалыдағы 100 мегеваттық КЭС толық қуатында жұмыс істеуде

    Жуалы ауданындағы 100 мегаватты құрайтын күн электр стансасы толық қуатында жұмыс істеп келеді. Стансаның алғашқы бөлігі 2015 жылы пайдалануға берілген. Ол жобаның жалпы құны 23,5 миллиард теңгені құраған болатын. Стансаға қажетті құрал-жабдықтар, фотоэлектрлі панельдер құрылыс алаңына Германиядан жеткізіліп орналастырылған еді. Жалпы алаңы 150 гектарды алып жатқан «Бурное солар-1» күн электр стансасының қуаттылығы 50 мегаватты құрайды.

    Бұл стансаның тұсауы 2015 жылдың 2 шілдесінде Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен «Индустрияландыру күні» ұлттық телекөпірі арқылы Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында кесілген. Содан бері күн электр стансасының табысы жыл санап артуда. Бұл кәсіпорын 2019 жылы 2 890,1 миллион теңгенің 81 911,3 мың кВт (МВт/сағат) электр энергиясын өндірсе, 2020 жылы 3 089,4 миллион теңгенің 80 069,0 мың кВт (МВт-сағат) электр энергиясын өндірген. Биыл да өнім көлемі артпаса, төмендей қойған жоқ.

    Ал 2016 жылы «Бурное солар-2» күн электр стансасы құрылысының екінші кезеңі басталып, оған алғашқы стансаның жанынан (Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты жер телімінен) 151,8 гектар жер телімі бөлінді. Оған бөлінген қаражат – 25 миллиард теңге. Аталған жобаның инвесторы – «Самұрық Қазына-Юнайтед Грин» ЖШС, ал қаржыландыру көзі – Лондондағы «Европалық қайта жаңғырту және даму банкі». Бұл кешен аумағында «jinko Solar» компаниясының 185 174 фотоэлектрлік модулі және «Sungrow» өндірісінің 16 инверторлық стансасы жұмыс істеуде.

    Стансаның екінші кезеңі де Елбасымыз Н.Назарбаевтың қатысуымен 2018 жылдың қарашасында өткен «Индустрияландыру күні» ұлттық телекөпірі арқылы ашылған болатын. Стансадағы электр энергиясының жылдық болжамы өндіріс сағатына 78,2 миллион киловатты құрайды. Бұл шамамен 40 мың тұрғын үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған жоба да қазіргі таңда толық қуаттылығында жұмыс істеп, күн сәулесінен электр энергиясын өндіруде.
    Бүгінгі таңда 100 МгВ-ты құрайтын станса күніне 660-680 мың кВт шамасында қуат өндіру әлеуетіне ие. Бұл күн электр стансаларының жалпы жобалық құны 48 миллиард теңгені құрайды. Бұл 80 мың тұрғын үйді энергиямен қамтамасыз ете алады.

    «Бурное солар-1» және «Бурное солар-2» ЖШС күн электр стансасының бас директоры Нұрлан Қапеновтың айтуынша, күн электр стансасының электр өндіру қуаты жыл санап артуда. Серіктестік екі жыл бұрын Еуропалық қайта құру және даму банкі EMEA Finance тарапынан «Бурное солар-2» жобасы бойынша «Күн энергиясы саласындағы үздік мәміле» номинациясы бойынша марапатқа ие болыпты.

    Бұдан бөлек, ауданда су электр стансаларын салу қолға алынған. Бастауын Алатаудан алатын Ақсай мен Көксай каналдары ауданның тіршілік көзі. Ақсай өзені Талас Алатауының баурайынан басталып, Теріс өзеніне қосылатын өзен. Өзеннің тау баурайындағы ағысының арыны қатты. Сондай-ақ табиғаты таңғажайып, арынды өзеннің суы жаяуға ғана емес, аттылыға өткел бермейтін шатқалдың бірі – Көксай. Туристік орталыққа сұранып тұрған ол Жуалы ауданы ғана емес, бүкіл облыс тұрғындарының мақтанышы. Онда болған адам шатқалдың қос беткейінде сыңсып өсіп тұрған арша мен шырша, бозарша және аққайыңдарын, кәусар ауасы мен мөлдір суын, алуан гүлдер өсетін көкшалғынын ешуақытта ұмытпайды. Оған шекара бойында қалған табиғаттың тамаша туындысы Көксай каньонын қосыңыз.

    Көксай өзенінің суын аудан диқандары ежелден егістігіне пайдаланып келеді. Бұрынғы одақ тарқаған тұста каналдың 12 километрі көрші Қырғыз елінің аумағында қалып қойып, диқандар судан айтарлықтай тапшылық көргені белгілі. 2015 жылы Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың тікелей араласуымен каналдың жаңа арнасын салуға Үкіметтен 5,2 миллиард теңге бөлініп, бұл мәселе түбегейлі шешімін тапқан. Одан кейін күн тәртібіне арыны қатты өзеннің суынан электр энергиясын өндіру мәселесі қойылып, оның басына су электр стансасы салына бастаған. Сөйтіп Көксай шатқалынан қуаты 18 мВт құрайтын шағын су электр стансасын салу қолға алынды.

    Стансаны салатын инвестор табылып, 2018 жылы бұл жоба қаржыландырылған болатын. Оның құрылыс жұмысын «Қазгидрооперэйтинг» ЖШС бастап та кетті. Жоба бойынша канал бойынан су электр стансасының 4 каскадын тұрғызу жоспарланған. Бүгінгі таңда бір электр стансасы тұрғызылған. Құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар арнайы тапсырыспен Австрия мемлекетінде жасалып, сол жақтан жеткізілген. Сондай-ақ «Жамбыл электр желілері» ЖШС тарапынан электр бағандары орнатылып, сымдар тартылған.

    Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Шыңғыс Боранбаевтың айтуынша, «Көксай» каналы бойынан қуаттылығы 18 МВт шағын су электр стансаларының құрылыс жұмысын жүргізуге ауданның жер қорынан 1,71 гектар жер телімі 10 жылға жалға беріліпті.

    қатысты посттар

    ШЫМКЕНТ: ДОСТАСТЫҚ ЕЛДЕРІ АРАСЫНДА ӨТКЕН ӨНЕРЛІ БАЛАЛАРДЫҢ ФЕСТИВАЛІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

    Фариза

    Жел электр станциясының құрылысы басталды

    Арыс қаласының оқушылары Шығыс Қазақстан облысына келді

    Пікір қалдыру

    3 + 19 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.