Халықаралық мұғалімдер күніне орай «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты шара өтті. Ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтаған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев оларға балаларға білім мен тәрбие беру жолындағы тынымсыз еңбектері үшін алғыс айтты.
Мұғалім мамандығы – қай кезде де құрметті және мәртебелі. Сіздер еліміздің болашағы үшін еңбек етудесіздер. Сіздердей ұстаздардың ерен еңбегінің нәтижесінде жамбылдық оқушылар түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. ҰБТ қорытындысы бойынша да түлектер жақсы нәтиже көрсетіп, орташа балл 82 пайызды құрады. Жамбылдық мұғалімдер облыстың қоғамдық өміріне де белсене атсалысуда. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы аталып өтілуде. Мемлекет қандай жағдайда да білім саласын қолдаудан танған емес. Соңғы екі жылда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мұғалімдердің жалақысы көтеріліп, мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеуіне қомақты қаржы бөлінді. Биылдың өзінде облысымызда 21 нысанның құрылысы жүруде. Біздің мақсатымыз – апатты және үш ауысымды мектептердің мәселелерін толық шешу.
Мұғалімдерге үлкен үміт артылады, өйткені олар ел ертеңі – бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуде. Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын және кәсіби салада жаңа белестерді бағындыруларыңызды тілеймін, — деді облыс әкімі.
Жамбыл облысында 40 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді. Айта кету керек, биыл білім беру саласын дамытуға 200,8 млрд.теңге бөлінді, бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,1 есе көп. 2020-2021 оқу жылында 5125 мұғалім республикалық, халықаралық конкурстардың жеңімпаздары атанса, облыс оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 241 медальға ие болды. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 3 мұғалім «Үздік педагог» республикалық конкурсында, 7 мұғалім осы конкурстың облыстық деңгейдегі жеңімпаздары атанған.
Салтанатты шарада өңір басшысы үздік педагогтарды марапаттады. «Үздік педагог» республикалық конкурсының жеңімпаздары Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның химия пәні мұғалімі Сандуғаш Нұртаева, дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» облыстық лицей-интернатының география пәні мұғалімі Нұрлан Суанбеков, Ғани Мұратбаев атындағы гимназияның химия пәні мұғалімі (Байзақ ауданы) Мөлдір Рахметқұлқызы 2 млн. 917 мың теңгенің сертификаттарына және облыс әкімінің Алғыс хаттарына ие болды. Облыстық «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары 875 мың теңгенің сертификаты және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Облыстың мектепке дейінгі, қосымша және арнайы білім беру ұйымдарының педагогтары мен әдіскерлеріне 100 мың теңгелік сертификаттар табысталды.
Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының және Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының өнерпаздары ұстаздар қауымына арнап концерттік бағдарламаларын ұсынды.