Оралда педофилияға күдікті тергеушіге пара бермек болған. Алайда тергеуші пара беру фактісін дереу өзіндік қауіпсіздік басқармасына хабарлаған, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі «Мой ГОРОД» порталына сілтеме жасап.
27 қыркүйек күні Орал қалалық соты тергеушіге пара берді деп айыпталған 52 жастағы ер адамға қатысты үкім шығарды. Іс материалдарынан белгілі болғандай, 2021 жылдың 5 шілдесінде Зачаган полиция бөлімінде Орал қаласындағы орта мектептердің бірінде электромонтер болып жұмыс істейтін азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Ол кезде ол кәмелетке толмағандарды азғыру бабы бойынша қылмыс жасады деп күдікке ілінген.
«8 шілдеде айыпталушы өз ісін жүргізіп жатқан тергеушінің телефон нөмірін біліп алған. Ол тергеу нәтижесін бұрмалау мақсатында тергеушінің телефон нөмірі арқылы банк шотына ақша аударуды жөн көрген. Ер адам тергеушінің өзіне ескертпестен, оған 50 мың теңге аударады. Алайда тергеуші әйел пара алудан бас тартып, бұл жайында дереу өзіндік қауіпсіздік басқармасына жүгінді», – делінген іс құжаттарында.
Ер адам өз кінәсін мойындап, өз ісіне өкінетінін айтқан. Сот үкімімен ол лауазымды қызметкерге пара берді деп айыпталды. Айыпталушыға 562 мың теңге айыппұл салынды, ол оны бір ай ішінде төлеуі тиіс. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ал оның кәмелетке толмағандарды азғыру фактісіне байланысты ПД баспасөз қызметі қылмыстық істің сотқа жөнелтілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды.