11 C
Алматы
Вторник, 5 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    «Ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді». IT қауымдастығы өкілдері Тоқаевқа ашық хат жолдады

    Қазақстан Үкіметі мен ресейлік Сбербанк цифрлық үкімет платформасын құру туралы келісімге қол қойды

    Қазақстанның IT қауымдастығы өкілдері ел үкіметінің ресейлік Сбербанкпен ҚР электрондық үкіметінің «қолданыстағы инфрақұрылымын ауыстыру мақсатында» «ГосТех» платформасын сатып алуға қатысты жүргізіп жатқан келіссөзі ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіретінін айтып, ашық хат жолдады, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі, Azattyq ryhy порталына сілтеме жасап.

    Ашық хатта қауымдастық өкілдері eGov электронды үкімет платформасын ресейлік «Гостех» біртекті цифрлы платформасына ауыстырар болса, IT саласының 15 мың маманы жұмыссыз қалатынын айтып, дабыл қағуда.

    12 МЛН АЗАМАТ ЦИФЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ ҚОЛЖЕТІМДІЛІКТЕН АЙЫРЫЛАДЫ

    Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, Қазақстан ТМД елдері арасында көшбасшы бола отырып, eGov-тың әлемдегі ең үздік 15%-на кіреді екен.

    «Ашық ақпаратқа сәйкес, Сбердің әлі құрылмаған «ГосТех» платформасы «Platform V» бұлтты технологиялық платформасына негізделген. Сбер бұл технологиялық платформаның құрылғанын тек 2020 жылдың 30 қарашасында жариялады. Платформаны 700-ден астам автоматтандырылған қызметпен, 380-ден астам ақпараттық жүйемен, 1000-нан астам интеграциямен және eGov-тың ондаған негізгі компонентімен бір реттік ауыстыру мүмкіндігі 2006 жылғы жағдайдың қайталану қаупін тудырады. Нәтижесінде 12 миллион азамат (халықтың 62%-ы) цифрлық қызметке қолжетімділіктен айырылуы мүмкін. Ал, оны жақсарту EGOV-тың жекелеген компоненттерін кезең-кезеңімен жаңғырту арқылы ғана жүзеге асады. Сбер енгізген ұсыныста «қағаздан санға көшу» бойынша нормативтік құжаттардың өздерін реинжинирингтеу жөніндегі ұсыныстар жоқ — бұл цифрландыру жөніндегі жұмыстың едәуір бөлігі. Қызметтерді реинжинирингтеу жұмыстарынсыз цифрландыру сәтсіздікке ұшырайды», -делінген хатта.

    «БЮДЖЕТКЕ $1,2 МЛРД ШЫҒЫН КЕЛЕДІ»

    Мамандардың сөзінше, үздіксіз жұмыс істейтін платформаны бір уақытта сатып ала салу мүмкін емес. Және РФ ұсынып отырған баға ел бюджетіне үлкен шығын әкелмек.

    «Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Сбербанк ұсынған платформаны 300 миллион долларға сатып алу жыл сайын 20%-дан ($60 миллион) асатын шығынға әкеледі. Бұл 15 жыл ішінде 4 есеге ұлғайып, $1,2 миллиардты құрауы мүмкін. Сонымен қатар Сбер ұсынған сандық платформа 15 жыл бойы отандық техника саласының мамандары Электрондық үкіметтің қазіргі нұсқасында күні бүгінге дейін қолданып келе жатқан ашық (Open Source) және тегін қолжетімді технологиялардың көшірмесі. Сбербанк платформасын таңдаған жағдайда, 15 000 отандық жүйе әзірлеуші маман табысынан айырылады немесе біліктілігі төмен мердігерлік жұмыста қалып, соңында шетелге көшуге мәжбүр болады. Бұл елдің дамуына, қаржылық және ҚР адами капиталына келтірілген шығын», — деген фактілер келтірілген хатта.

    АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

    Мамандар шетелдік платформаны сатып алу елдің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, деректер базасына оңай қол жеткізуге мүмкіндік тудыратынына алаңдаулы.

    «Сәулетшілерді, әзірлеушілерді және бағдарламалық қамтамасыз ету компоненттерін шетелден тарту Қазақстан Республикасын eGov-тың дамуына тәуелді етіп қана қоймай, шетелдіктерге мемлекеттік деректер базасына қол жеткізуіне және екі ел арасы шиеленіскен жағдайда eGov-ты өшіруге мүмкіндік беретіні анық. Отандық IT мамандардың біліктілігі, тәжірибесі мен ресурстары eGOV-ты жаңғырту және бар проблемаларды шешу үшін жеткілікті. Мұндай жобаны іске асыру Yellow Pages қағидаттарын бұзуда квазимемлекеттік сектордың күштерімен немесе ҚР Үкіметі жүйелерін дамыту үшін шетелдік мердігерді тарту арқылы шешуге тырысудан гөрі, Үкіметтің отандық IT-саламен неғұрлым тығыз және ашық өзара іс-қимылын талап етеді. Бүгінгі күні Сбер платформасын сатып алудың қажеті жоқ, өйткені біздің IT компаниялар МЖӘ шеңберінде ұсынуға дайын автоматтандырудың мерзімдері мен өзіндік құнын бірнеше есе төмендетуге мүмкіндік беретін сынақтан өткен отандық платформалар бар», — деп отыр қауымдастық өкілдері.

    Аталған мәселені әлеуметтік желідегі парақшасында көтерген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Болат Бәшеевке хабаласып едік, ол әзірге сұхбат бере алмайтынын айтты.

    Azattyq Rýhy тілшісі еліміздің IT саласына қатысты саяси шешім қабылдайтын Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, бірнеше сұраққа жауап сұрап көрді.

    «Ресми ақпарат пен түсініктеме ертеңгі эфир барысында беріледі. Министр тілшілердің барлық сұрақтарына сол кезде толықтай жауап береді», — деді баспасөз қызметі.

    Ал отандық Big data саласының маманы Сергей Ахметов Azattyq Rýhy тілшісіне пікірін айтып, шетелдік мамандарға қыруар қаржы шығарғанша, өзіміздің IT мамандарына сенім артқан дұрыс деп есептейтінін жеткізді.

    «2007-2008 жылы бізде осындай жағдай болды ғой. Шетелдің мықты деген компанияларын жинап алдық, олар «қатырамыз» деді. eGOV-тың өзі қазақстандық өнім емес қой, бәрі шетелдікі. Уақыт өте келе мұның бәрін біріктіру қиын болды. Оның салдары 42 500 теңгені берген кезде, Ashyq қосымшасының қазіргі жұмысында көрініс тауып отыр. Бұл өнімдердің лицензиялары аяқталғанда, осындай ақаулар пайда болады. Меніңше, шетелдік өнімдерді мүмкін болса қолданбай-ақ қойған дұрыс. Қазір Қазақстанда IT сапасы өсті. IPO-ға шыққан Kaspi банк өнімін отандық мамандар жасады. Бағдарламаны жасаған адам деректер базасына емін-еркін кіре алады, оның үстіне қазір eGOV-пен байланыстыру керек. Өзі әрең істеп тұрған eGOV-ты одан сайын құлдыратуы мүмкін. Қаржы жағынан да қымбаттау, сол ақшаны өзіміздің отандық мамандарға берер болса, олар екі есе арзан бағаға жасайтын еді. Мұндай үлкен жобаларды өзіміздің көптеген отандық компаниялардың жас мамандары бірлесе жасаса, қаншама тәжірибе жинайтын еді. Біздің цифрландыру министрлігінен қандай да бір нәрсе алу мүмкін емес, үш ай бұрын біз қарапайым ғана IP ала алмай қойдық. Болашаққа қарайтын болсақ, бұл біздің мемлекет үшін өзекті мәселе», — деді Сергей Ахметов.

    Айта кететіні, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде 193 елдің ішінде 29-орынды иеленіп, онлайн-қызмет сапасы индексі бойынша-11-ші орында тұр. Ал Ресей бұл рейтингте 36 орынға ие болған.

    Фото: ашық дереккөзден

    қатысты посттар

    Мұхтар Шахановтың ұлы қайтыс болды

    Фариза

    Көлік үстіне жартылай жалаңаш шыққан елордалық жігіт жазаланды

    Фариза

    Дене шынықтыру кезінде өзін жайсыз сезінген оқушы ауруханада қайтыс болды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    twenty − 1 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.