11 C
Алматы
Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Экономика

    Жамбылда егістік алқап үш жылда 92 мың гектарға ұлғайған

    Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы жөніндегі кеңес өтіп, онда салаға қатысты негізгі мәселелер егжей-тегжейлі қаралып, талқыланды, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі.

    Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов айтуынша, 2017- 2020 жылдар аралығында жалпы саланы дамытуға 72,5 млрд. теңге субсидия төленіп, осы кезеңде бөлінген субсидия көлемі 2,1 есеге артқан. Нәтижесінде облыста төрт түлік малдың саны көбейген. Сондықтан ет өндірісі 26, сүт 4,4, жұмыртқа өндірісі 14 пайызға өсіп отыр.

    Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының көлемі 2017 жылы 629,2 мың гектар болса, 2020 жылы 721,3 мың гектарға жеткен. Нақтырақ айтқанда, 92,0 мың гектарға (15 пайыз) көбейіп отыр. Минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі 17,3 мың тоннадан 28,5 мың тоннаға дейін артқаны, су үнемдеу технологиялары 15 мың гектардан 30 мың гектарға дейін көбейіп, екі есе ұлғайғаны аталған индикатор бойынша жүргізілген жұмыстың жемісі. 2017 жылмен салыстырғанда 2020 жылы жаңа техника сатып алу көрсеткіші де төрт есеге көбейген. Жалпы егін және мал шаруашылығындағы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2015 жылғы деңгейімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өнімінің (көрсетілетін қызметтерінің) нақты көлем индексі 133,1 пайызға артты.

    Сондай-ақ 2017- 2021 жылдары аралығында жергілікті бюджет есебінен ұзындығы 556,48 шақырымды құрайтын 133 су шаруашылығы нысандарына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 36994 гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. Атқарылған жұмыстың құны 1335,6 миллион теңгені құраған.

    «Облыста ірі қараның 26 пайызға көбейгенін айттыңыз. Бірақ, сүт өндіру көлемі 4,4 пайызға ғана көбейген. Неге? Сиырдың басы артса, сүттің де өндірісі көбеюі тиіс емес пе? Өсімдік майымен тұрғындардың 27 пайызы ғана қамтылған. Өз алқабымызға мақсары, күнбағыс еге алмаймыз ба? Тауық еті неге қымбат? Қырғызда картоп бағасы төмен. Себебі, олар оны өздері көп мөлшерде егеді. Біздің тұрғындар да сол жақтан алып жатыр. Неге біз ең кемі картоп пен сәбізді жеткілікті көлемде егіп, өзімізде осы өнімдердің бағасын арзандата алмаймыз? Басқармада нақты талдау жоқ. Сіз маған қанша гектар алқапқа қандай өнім түрін егуіміз керектігін, оған қанша көлемде элиталық тұқым алуымыз керектігін баяндап отыруыңыз керек. Ондай белсенділікті көріп тұрған жоқпын. Жалпы, қаржы мен көмекті жұмысы ширақ шаруашылықтарға беру қажет», – деді облыс әкімі.

    Жиында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов кейінгі жылдары жайылым жерді егістікке айналдыру есебінен егіс алқабы 18 мың гектарға ұлғайғанын, шаруа қожалық жетекшілерінің барлығына жер көлемі бойынша арнайы төлқұжаттар берілгенін атап өтті.

    Облыс әкімі бірқатар сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

    «Жамбыл су қоймалары» мекемесі белсенді жұмыс істеуі керек. «Өңірде қанша бұлақ бар? Оның қаншауы жұмыс істеп тұр? Қанша тоған бар? Оның қаншасына су жинауға болады?» деген мәселенің бәрін осы мекеме бізге хабарлап, талдау жасап отыруы тиіс» – деді.

    Аймақ басшысы Байзақ, Талас, Меркі, Сарысу аудандарының әкімін онлайн түрде тыңдап, кемшіліктеріне тоқталып, енді жайбасарлыққа жол бермеуін ескертті.

    қатысты посттар

    Доллар бағамы 490 теңгеден түсті

    Фариза

    Карантин аяқталған соң доллар бағамы өседі – экономист

    Фариза

    Тауықтан да табыс бар

    Пікір қалдыру

    three × 4 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.