-13.1 C
Алматы
Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    «Шелекке бөлек, садақаға бөлек төлейсің»: Журналист Түркістандағы әулиелердің басы бизнеске айналғанын айтты

    Арыстан бабтағы имам садақаны жәшікке емес, Kaspi Gold картасына жіберуді сұраған.

    Түркістан түркі дүниесінің астанасына айналып, қалада зәулім ғимараттар бой көтергелі оңтүстікке зиярат етуден бөлек, турист ретінде барушылардың саны көбейген. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылдың өзінде Түркістанға 1 миллионнан астам турист келген. Оның 8,5 мыңнан астамы – шетел азаматы. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, қызмет көрсетілген келушілер саны 103 747 немесе 58,5% өсімді құраған. Бір ғана Үкаш ата кесенесіне 2019 жылы 142 мыңнан астам адам барған екен.

    Барушылардың көпшілігі Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне зиярат етіп, Үкаш ата құдығына шелек тастап кетуге тырысады. Бірақ туристер әулиелердің басын бизнес көзіне айналдырып алған қызметкерлерге өкпелі. Осыдан бір ай бұрын Түркістанға саяхаттап барған алматылық журналист (аты-жөнін атамауды өтінген) Azattyq Rýhy тілшісіне басынан өткен оқиғасын айтып берді деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап.

    «Мамырдағы мерекеде үш журналист Алматыдан Түркістан қаласына саяхаттап бардық. Киелі жерге барған соң Арыстан баб, Ясауи кесенелерін аралап, Үкаш атаның құдығына соқтық. Бір байқағаным, туристер баратын нысандардағы шырақшы, имам, тізім қадағалайтын қызметкерлердің бәрі мүмкіндік болса халықтың қалтасын қағып қалуға тырысады. Үкаш атаның басында бір ер кісі шелекке ақша төлеңдер деді. Үш қыз 1000 теңгеден 3000 теңге бердік те, құдыққа өтейік десек: «бұл садақаға кетеді, енді шелекке тағы да мың теңгеден беріңдер» деді. Жаңағы кісіге жағдайымызды айтып едік, құлақ аспады. Артымызда бәленбай адам кезек күтіп тұрған соң, оның үстіне киелі жер ғой деп дау шығармай, құдыққа шелек лақтырмастан қайтып кеттік. Біз барғанда Үкаш атаның басында шамамен 100-ге жуық адам кезегін күтіп тұрды. Олардың әрқайсысы 1000 теңгеден шелекке бергеннің өзінде, бір күнде жүз мың теңге шығады. Одан бөлек садақаға деп жоқ дегенде бір адам 200 – 500 теңгеден қалдырып кетіп жатыр. Осы ақшаның бәрі кімнің қалтасына кетіп жатыр? Бұл әулиелердің атын пайдаланып, ниет етіп барған халықтың қалтасына қол салу. Оның үстіне, әр адам бір-бір жаңа шелекті құдыққа лақтырып жатқан жоқ. Адам басынан 100-200 теңгеден деп жинаса да жетпей ме?», — деді кейіпкеріміз.

    «Бастысы ниет түзу болса болды…»

    Журналистің айтуынша, құдық басында шелекке ақша жинаудан бөлек, Арыстан баб кесенесінің басындағы имам келушілерге жұма сайын қашықтан құран бағыштап, сырттай дұға жасау қызметін ұсынған.

    «Арыстан баб кесенісінің басында бізді бір имам күтіп алды. Сосын қыздарға кесене тарихы айтылды, құран оқылды, бата берілді. Кейіннен ол кісі «Мен жұма сайын осында ірі қалалардағы клиенттерімнің ата-бабасына вацаптағы тізім арқылы құран бағыштап, дұға етемін. Ақшаны қалауларыңызша kaspi картама жіберсеңіздер болады деп нөмірін жазып берді. Журналист болған соң, қызығып «бұл қаншалықты дұрыс практика, ондай да қызмет түрін алатын адамдар бар ма?» деп сұрағанымда, имам бастысы ниет екенін жеткізді. Мұнда ешкім ешкімді күштеп тұрған жоқ, бірақ имамның мұндай қызметті қарапайым адамдарға қасиетті жерде отырып ұсынғаны таңғалдырды», — деді алматылық тележурналист.

    Айта кетейік, Арыстан баб кесенесі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарамайды.


    Фото: Tengrinews.kz

    Бес айда садақадан түскен ақша есебі

    Аталған мәселе бойынша Azattyq Rýhy Үкаш ата құдығына қарайтын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне ақпараттық сауал жолдап, садақа жәшігіндегі қаражаттың есебін, оны кімдердің қандай мақсатта жұмсайтынын сұрап білді.

    «Құдық басында ақша жиналатынын білмейді екенмін, алдағы уақытта бұл мәселе қатаң бақылауға алынады. Бір кірген кісі шелекті бір рет қана тастап қоймайды, су шықпаса бірнеше рет тастайтындар бар. Салдарынан шелектер майысып, жарамсыз болып жатады. Сол себепті шелекке ақша жиналады. Ол жерге электр жүйесі дұрыс бармай тұр, болашақта бейнебақылау камерасын қоямыз. Садақаны біздің мекеменің аты жазылған жәшікке ғана тастау керексіздер. Ол ақша Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Әзірет Сұлтан қорының есепшотына кетеді. Жиналған қаражатты жөндеу жұмыстары, қайырымдылық шараларына пайдаланатын болсақ, алдымен Мәдениет және спорт министрлігіне хат жазып, рұқсат аламыз», — деді қорық-музейдің өкілі Ерсін Тәжібаев.

    Үкаш ата құдығының басындағы садақа жәшігіне түскен қаржы қорық-музейі директорының арнайы бұйрығымен бекітілген комиссия мүшелерінің қатысуымен актіленіп алынады. 2021 жылдың қаңтар-мамыр айлары (5 ай) аралығында аталған нысаннан 961 891 теңге қаржы түсіпті. Түскен қаражат қорық-музейдің жылдық жоспарына сәйкес, мақсатты бағытталған жұмыстарға жұмсалады екен.

    Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің редакциямызға берген статистикалық мәліметі бойынша, 2020 жыл облысқа бір күндік келушілер саны 410 614 адамды құраған. Жалпы келушілер саны 103 747 немесе 58,5% өсімді құраған. 2019 жылы 177 404 турист келген. 2025 жыл болжам бойынша, Түркістан облысына келушілер саны 2,5 млн адамды құрайтын болады.

    Фото: Tengrinews.kz

    қатысты посттар

    Қарлығаш Әбдірахманова: Елорда – егемен елдің жүрегі

    Фариза

    Құрбан айтта Алматыға кіреберістерде бекеттер қойылады

    Фариза

    Шығармашыл оқушылар арасындағы «Ақберен» VI республикалық өнер байқауының қорытындысы

    Фариза

    Пікір қалдыру

    twenty − 7 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.