Таразда астана күні қарсаңында «Таразға тарту» жобасы аясында бірден бірнеше нысан пайдалануға берілді. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев барлық жұмыстары аяқталған нысандарды арнайы аралап, танысты.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қолға алынған «Таразға тарту» жобасы бюджеттен тыс қаржыландыру көздерін тарта отырып, скверлер мен аллеялар салуға, қалада жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Әр нысанға жауапты ретінде облыстық басқармалар мен департаменттер, аудандық әкімдіктер бекітілген. Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер де атсалысуда.
Мәдениет, архивтер және құжаттама, тілдерді дамыту, туризм басқармаларының жауапкершілігімен Абай даңғылы бойындағы №153, 155 көп қабатты үйлердің маңындағы саябақты абаттандыру жұмыстары орындалған. Мұнда жарық шамдары, орындықтар, қоқыс жәшіктері, арық науалары орнатылып, тротуарлар салынып, көгалдар пайда болған. Сондай-ақ, үлкен спорт алаңы салынған.
Сарысу ауданы Абай даңғылындағы №200 көпқабатты үйдің іргесіндегі саябақты абаттандыру жұмыстарын ойдағыдай жүргізген. Олар тротуарларды реттеу, жарықтандыру, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, арық науаларын жаңарту жұмыстарын атқарып, ағаш көшеттерін отырғызған. Сквер аумағында спорт және балалар ойын алаңдары ашылған.
Аймақ басшысы, Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевке іргелес үйдің қасбетін жаңартуды тапсырды.
Қала тұрғындары облыс басшылығына және «Таразға тарту» жобасының қатысушыларына ризашылықтарын жеткізді.
— Қаланың шырайы арта түсуде. Жаңа саябақтар мен скверлер қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналуда. Біз әр кеш сайын отбасымызбен саябақтарда серуендеп, оң өзгерістерге куә боламыз.Басқа қалалардан келген достарымыз бен таныстарымызға шаһарымыздың көрікті жерлерін мақтанышпен көрсетеміз. Мұнда суару жүйесімен қамтылғаны қуантады. Гүлдерді өзіміз күтіп-баптайтын боламыз, — дейді тараздық Гүлмира Рашева.
Сондай-ақ, осы көшедегі №202 көпқабатты үйдің жанындағы аумақты абаттандыру бойынша меркіліктер тындырымды тірлік атқарған. Олар шағын архитектуралық формалар орнатып, аумақ ажарын аша түскен. Ал, «Жамбыл су» КММ Байзақ батыр көшесіндегі №170 көп қабатты үйдің жанындағы саябақты абаттандырумен қатар, аялдамаларды пандустармен қамтамасыз еткен.
— Біздің ауламыз адам танымастай өзгерді.Жаңа асфальт, тротуар, орындықтар, балалар алаңы салынды. Үйіміздің іргесі қаланғанына жарты ғасырға жуықтағанмен, ауласы енді ғана абаттандырылды. Ендігікезекте мұны ұқыпты пайдаланып, күте білуіміз керек. Тұрғындар ауланың тазалығына алаңдауда. Құрал-жабдықтарды балалардың күтіп ұстауын өзіміз бақылауға алуға дайынбыз, — дейді зейнеткер Асия Пяк.
Бердібек Сапарбаев тұрғындардың өздері мұқият болса, ауладағы жайлылықбіраз жылға сақталатынын тілге тиек етті.
— Тәуелсіздік мерейтойына орай аудандар, басқармалар, мекемелерТараз қаласына тамаша тартулар жасауда. Ендігі біздің мақсат – соларды барынша сақтай білу. Көп дүние азаматтардың өздеріне байланысты. Билік пен тұрғындар бірлесіп жұмыс жасауы керек. Кейінгі ұрпақтарымызоларға осындай қолайлы жағдай жасағанымыз үшін алғыс айтатын болады. Балаларды еңбекке, саламаттыөмір салтын ұстануға баулу керек. Қалада көптеген спорттық және мәдени нысандар салынуда. Барлығы жас ұрпақ игілігіне негізделген, — деді облыс әкімі.
Аталған көшедегі 185/2 көп қабатты үйдің жанындағы скверді реттеу байзақтықтарға жүктелген. Мұндағы жұмыстар бекітілген кестеден қалып қойған. Аймақ басшысы мұндағы бірқатар жұмыстарды қайта толықтыруды тапсырып, мүмкіндігінше қоқыс жәшігі мен орындықтар санын арттыруды, балалар алаңшасын салу керектігін айтты. Жұмыстардың сапалы орындалуын қатаң бақылауды тапсырды
Мойынқұм және Жамбыл аудандары Сәкен Сейфуллин көшесіндегі шағын аудандардағы аумақтарды ұлтық нақышта айрықша етіп абаттандырыпты.
Қазыбек би көшесіндегі №131, 133 көп қабатты үйлердің маңындағы аумақ таластықтардың күшімен көркейе түскен. Олар тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеуден өткізіп, қабырғаларын муралдармен безендірген. Балалардың ойын және спорт алаңдарын, жаяу жүргіншілер жолын реттеп, орындықтар, қоқыс жәшіктерін орнатып, арық науаларын ауыстырған.
Қазыбек би көшесіндегі №179 көп қабатты үйдің жанындағы гүлзардағы жұмыстарды сәтті аяқтаған жуалылықтар да ондағы үйлердің қасбеттерін әрлеуге де ерекше көңіл бөлген. Балалар алаңы да арнайы жабдықталған. Тұрғындар да дән риза.
— Құрылысшылар өз жұмыстарына жауапкершілікпен атқарды. Біз балалар алаңдарына арналған шатырлы орындықтардың, арнайы фигуралардың сапалы материалдардан жасалғанына көз жеткіздік, бұл олардың шыдамдылығы мен жайлылығын қамтамасыз етері сөзсіз, — деді қала тұрғыны Любовь Рябова.
Сол секілді, Т. Рысқұлов ауданының әкімдігі Қ.Тұрысов көшесіндегі саябақты абаттандырумен қатар көлік тұрағын да реттеген. Осыған іргелес үйдің аумағындағы скверді табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, экология департаменті абаттандырып, шағын сәулет формаларымен безендірген.
Айта кетейік, биыл «Таразға тарту» жобасы аясында барлығы 42 нысанды қамту жоспарланған. Олардың бесеуі маусым айының соңында тапсырылған болатын десек, енді жұмысы аяқталған нысандардың саны 16-ға жетіп отыр.