Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты жол-көлік оқиғасына себеп болған Абай қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесі бастығына қатысты істі қарады, — деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
13 маусымда таңғы сағат 3 шамасында Volkswagen Passat көлігі тізгініндегі полицей Audi A4 көлігімен соқтығысқан. Кейін полиция қызметкерінің көлікті мас күйде жүргізгені анықталған. Ол сотта өз кінәсін мойындады.
«ҚР ӘҚБтК-ның 608-бабы 3-бөлігі «Мас күйде жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер» бойынша 20 тәулікке әкімшілік қамауға алуды және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруды көздейді», — деді сотта.
Алайда полиция қызметкері қамаудан босатылған. Өйткені бапты құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қолдану мүмкін емес (ӘҚБтК-нің 32-бабы 2-бөлігі).
«Сондай-ақ, полицейге тәртіптік жауапкершілік артылуы мүмкін. Шешім қабылдау үшін іс материалдары Батыс Қазақстан облысының полиция департаментіне берілді», — деп толықтырды сотта.
Еске салайық, бұған дейін жол-көлік оқиғасына кінәлі адам өзінің жағдайын кешке жұмыстан кейін ішімдік ішкенімен түсіндірген болатын. Бірақ кейін шұғыл жұмысқа шақырылған.
«Қазір факт бойынша қызметтік тергеу басталды. Полицейдің бұған дейін атқарған еңбегіне қарамастан, органдардан босатуға дейін шешім қабылданады», — деді БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.
Фото: newsroom.kz