Әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджерлерде Түркістан қаласында жердің тегін беріліп жатқаны туралы ақпарат тарады. Хабарламада жер алу үшін халықтық кеңсеге бару қажет екені айтылған деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
Шаһар басшысы Рашид Аюпов бұл ақпаратты жоққа шығарып, қалада инфрақұрылым аяқталмай жердің берілмейтінін жеткізді. Оның мәлімдемесін Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанерке Жарылқасын Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
«Түркістан қаласында кеңсеге барып, арыз жазсаң, жер тегін беріледі екен деген ақпарат тарап жатыр. Бүгін таңертеңнен бастап жалғыз Түркістан қаласының азаматтары ғана емес, көрші қала, ауылдан жүздеген адам келіп, кезекте тұрып, арыз қалдырып жатыр. Біріншіден, бұл – алаяқтық, өтірік ақпарат. Ешқандай жер тарату, жер беру болып жатқан жоқ», — деді Аюпов.
Қала әкімінің сөзінше, жиналғандар арасында халықты ақымақ қылып жатыр деген де пікір айтылып жатыр.
«Олай емес. Алаяқтар өздері осындай ақпарат таратып жатыр. Ол шындыққа жатпайды. Қазір 25 мыңнан астам тұрғын кезекте тұр. Инфрақұрылымның бәрін жүргізіп бітпей, жер бермейміз. Жер берілмейді. Берілген күнде де тек қана кезекпен алады. Бізде қазір инфрақұрылымы дайын жер жоқ», — деді шаһар басшысы.
Аюпов жер берілуі үшін инфрақұрылым дайын болуына баса назар аударды. Сонымен қатар, тұрғындарды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.