-1.1 C
Алматы
Пятница, 22 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    Қытайдан қашып келген Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлы шабуылға ұшырады

    Қазақстанға Қытайдан қашып келген екі этникалық қазаққа белгісіз адамдар шабуыл жасады. Алматыда Қайша Ақанды үйінің қасында соққыға жыққан. Ақмола облысында Мұрагер Әлімұлына пышақ жұмсап, жеңіл жарақат салған. Шабуылды кім жасағаны белгісіз. Полиция бұл екі оқиғаны тексеріп жатыр, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

    «ҚАРАҢҒЫ БҰРЫШТА БАСЫНАН АУЫР ЗАТПЕН ҰРҒАН»

    Қытайдан қашып, шекарадан заңсыз өтіп келген, Қазақстан билігі былтыр күзде босқын мәртебесін берген төрт Шыңжаң қазағының екеуі – Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлына 21 қаңтар күні кешкі мезгілде белгісіз біреулер шабуыл жасағаны туралы суыт хабар бейсенбіде әлеуметтік желіде тарады.

    Қытай қысымынан қашып келген этникалық қазақтардың құқықтық мәселесімен айналысатын тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» ұйымының белсендісі Бекзат Мақсұтханның Азаттыққа хабарлауынша, екі оқиға шамамен бір мезгілде болған.

    Қайша Ақан шабуылдан кейін. Алматы, 21 қаңтар 2021 жыл.
    Қайша Ақан шабуылдан кейін. Алматы, 21 қаңтар 2021 жыл.

    – Қайша маған хабарласып, өзін белгісіз біреулер ұрып-соғып кеткенін айтты. Дауысы әрең шығып тұр. Үйінде күйеуі жоқ екен. Қайшаның сөзінше, үйінің маңындағы дүкенге барып, қайтып келе жатқан кезде қараңғы бұрыштан әлдекім қатты затпен басынан екі рет ұрып, қылқындырып, сүйреген. Сол кезде есінен танып қалыпты. Есінен жиса, әбден тоңған. Сосын маған хабарласты, – деді Бекзат Мақсұтхан.

    Мақсұтханның сөзінше, Қайша оған бейсенбі күні кешке сағат оннан кете хабарласқан. «Оқиға содан бір сағаттай бұрын болғанға ұқсайды» деді Мақсұтхан Азаттыққа. Қайшаға шабуыл жасалған жерге адамдар жиналып, полиция мен жедел жәрдемге хабарлаған. Жедел жәрдем көлігі Қайша Ақанды ауруханаға алып кеткен.

    Алматы қаласындағы №4 аурухананың қызметкерлері Азаттыққа жедел жәрдем көлігі Қайша Ақанды 21 қаңтар күні сағат 23:50-де жеткізгенін, оған алғашқы медициналық жәрдем көрсетілгенін айтты.

    Алматы қаласының Түрксіб аудандық ішкі істер басқармасының қызметкері, полиция капитаны Ақылбеков Азаттыққа Қайша Ақанға шабуыл жасалуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

    – «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір бастықтардың бәрі оқиға орнында жүр. Іске байланысты басқа ештеңе айта алмаймын, — деді ол.

    Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Қайша Ақан Қазақстан билігі өзіне бір жылға берген босқын куәлігін көрсетіп тұр. Алматы облысы, 30 қазан 2020 жыл.
    Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Қайша Ақан Қазақстан билігі өзіне бір жылға берген босқын куәлігін көрсетіп тұр. Алматы облысы, 30 қазан 2020 жыл.

    Заңгер Гүлмира Қуатбекқызының Азаттыққа хабарлауынша, Қайша Ақан «ауруханада өзін қауіпсіз сезіне алмайтынын» айтып, ауруханаға жатудан бас тартқан. «Қазір Қайшаның жағдайы қалыпты: есін жиған, сөйлей алады. Былтыр жазда операция жасалғандықтан кейбір емді қабылдай алмаған» дейді заңгер.

    «ПЫШАҚ ҚАЛТАМДАҒЫ ЗАТҚА ТИІП, ДЕНЕМЕ ТЕРЕҢ ЕНБЕДІ»

    Қазақстаннан босқын мәртебесін алған Мұрагер Әлімұлы да 21 қаңтарда шабуылға ұшырағанын айтты. Оның сөзінше, шамамен сағат 22.00-ден өте Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы Қоянды ауылында көшеде белгісіз екі адамның өзіне тап бергенін айтады.

    Мұрагер Әлімұлының (оң жақтан екінші) полиция сұрақтарына жауап беруге келген кезі. Ақмола облысы, Қоянды ауылы, 22 қаңтар 2021 жыл.
    Мұрагер Әлімұлының (оң жақтан екінші) полиция сұрақтарына жауап беруге келген кезі. Ақмола облысы, Қоянды ауылы, 22 қаңтар 2021 жыл.

    – Қараңғы көшеде келе жатқанымда, өмірі көрмеген бейтаныс екеу ештеңе айтпастан маған пышақ жұмсады. Қалтамда телефон қуаттандыратын зат (powerbank) бар еді, сол сақтап қалды: пышақ соған тиіп, денеме терең енбеді, жеңіл жарақат алдым. Сосын олар мені қолындағы темірмен басымнан, белімнен ұрды. Қазір Нұр-Сұлтандағы дәрігерге басымды, белімді тексертуге барамын, – деді Мұрагер Әлімұлы Азаттыққа.

    Полиция Мұрагер Әлімұлына жасалған шабуылдың мән-жайын тексеруге кіріскен.

    Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлына кімдер шабуыл жасағаны әзірге белгісіз.

    Шыңжаңда туып-өскен Қайша Ақанға Алматы қалалық көші-қон полициясы босқын мәртебесін былтыр 29 қазанда бір жыл мерзімге берген. 2018 жылдың мамыр айында Қазақстанға Қытайдан заңсыз өтіп келген Қайшаны 2019 жылдың желтоқсан айында Алматы облысы Панфилов аудандық соты «шекара бұзғаны» үшін айыпты деп танып, шартты түрде жарты жылға бостандығынан айырған. Қайша Ақан сотта Қытайда өзіне «лагерьге қамалу қаупі төнген соң» Қазақстанға қашып өтуден басқа амалы қалмағанын мәлімдеген еді.

    2019 жылы күзде Алматыда Мұрагер Әлімұлы өзі сияқты тағы бір этникалық қазақ Қастер Мұсаханмен бірге 2019 жылы қазанда Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі қуғыннан қашып, Қазақстанға шекараны заңсыз кесіп өтіп келгенін мәлімдеген. Кейін Қазақстан билігі оларды заң бұзғаны үшін қамауға алып, екеуіне депортация қаупі төнген. Құқық қорғаушылар оларға араша түсіп, Қазақстан үкіметін Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханды Қытайға бермеуге үндеген. 2020 жылғы қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық соты екеуін «мемлекеттік шекараны бұзып өткені үшін айыпты» деп танып, бір жылға бостандығынан айырған. Қамауда отырған әр күні екі күн деп есептеліп, олар 22 маусымда бостандыққашыққан. Былтыр қазанда Қазақстан оларға бір жылға босқын мәртебесін берген.

    қатысты посттар

    Кара шанырак ҚазҰУ-ға 85 жыл

    Фариза

    “ Бір жаман «подстава» жасалайын деп жатқан сияқты” Министрлікті тік тұрғызған Толқынайдың басына бұлт үйірілді

    Фариза

    Екі миллион теңге дауы: Коронавирус жұқтырған дәрігерлердің жартысынан астамына өтемақы төленбейді

    Фариза

    Пікір қалдыру

    11 + fifteen =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.