Пятница, 8 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    Желтоқсаншылар неліктен әлі күнге дейін ақталып жүр?

    Өр рухты қазақ жастарын ұлты үшін алаңға шығарған Желтоқсан оқиғасының азапқа толы күндері әлі күнге халық жадынан кете қойған жоқ. Ал желтосаншылар үшін бұл оқиға — күні кеше болғандай әлі күнге көз алдарында. Қазақ жеріне аяқ баспаған, Қазақстанды мүлдем білмейтін Колбиннің қазақ елін басқаруға тағайындалғаны, расында, сол кездегі өр рухты, көкірегі патриоттық рухқа толы жастардың ашуын оятты. Соған орай бүгінгі тәуелсіз күнімізге себепші болған сол ызғарлы Желтоқсан оқиғасының  Қазақстанның әр аймағындағы қатысушылармен Qazweek.kz ақпарат агенттігің журналисі сұхбатасқан еді.

    Тәуелсіздік алғанымызға 34 жыл толғанымен, Желтоқсан оқиғасына байланысты ашылмаған қанша шындық, ақталмаған қанша ерлеріміз бар. Бұлай деуіміздің себебі, қоғамда әлі күнге өзін нағыз желтоқсаншы екендігін дәлелдей алмай жүрген қаншама батыр ағаларымыз, рухты әпкелеріміз бар. Оларға тәуелсіздікті алып берген ерлер деп көмек көрсету түгілі, есімін ақтап алу қиынға соғуда. Тіпті, коғамда олардың суреттерін өз мақсаттарына пайдаланып жүргендер де жетерлік. Бүгінгі біз тілдескен желтоқсаншылардың билік ке, қоғамға да айтар уәждері бір. Желтоқсаншы статусын алу ғана. Ұзақ уақыт бойы жақ ашпай, өкпесін іште сақтап келген 86-ның қаһармандарының шындығын еститін күн туған секілді. Ендеше басынан бастайық!

    Желтоқсан көтерілісі —  бұл сол кездегі қазақ жастарының патриоттық рухымен алаңға шығарған тарихымыздың әлі күнге ызғары басылмаған оқиға. Тәуелсіздік алған жылдан бастап 34 жыл өтті. Осы 34 жыл өтсе де сол ызғарлы күндердің ашылмаған шындығы, айтылмаған уәжі жетерлік. Осы тұста Желтоқсан көтерілісі әдейі қолдан ұйымдастырылған. Жастарды алаңға патриоттық сезімдері алып шыққанымен, олардың сол сезімімен ойнап,  ол жерде арнайы өз мақсаттарына пайдаланбақ болған ұйымдастырушылар болды деген ақпараттар бар? Сондай ұйымдастырушылардың болғаны рас па? Бұған желтоқсаншылар не дейді?

    «Бізді алаңға шығаруға үгіттеген ешкім болған жоқ. Ол кездегі бойында патриоттық рухы бар әрбір қазақ кеңес үкіметінің мұндай талабына шыдап отырмас еді. Біз хабарды ести сала бір-бірлеп сол кездегі Брежнев алаңына жиналдық. Ресейден келген әскерилер алаңға жиналған жастарды ұстап түрмеге әкете бастады. Бізге бір рет емес, екі рет әскерилер келіп, бәрімізді сабап, ұрып-теуіп, 4 қабаттық жатақханада бірде-бір сау есік қалдырған жоқ. Сыйғанынша жігіттерді тиеп алып кетті, біздің арамыздағы болған жігіттерді сыртқа машинамен тиеп апарып, түрмелердің камералары соншалықты толғаннан кейін, қаланың шетіне апарып, тыржалаңаш шешіндіріп жіберген. Іш киіммен оралғандао болды арамызда» , — деді  желтоқсаншы.

    Ал екніші бірі, расында да, ұйымдастырушылардың болғандығын айтады.

    «16 желтоқсан күні біздің сабағымыз кешке дейін болды. Қандай сабақ екенін білмеймін, бірақ, аудиторияға 1-2 жігіт келіп: Егер сіздерге таныс емес адам келетін болса, аудиторияға және жатақханаға кіргізбеңіздер, —  деді. Біз ондай нәрселерді естіген жоқпыз, содан кейін мән бермедік. Кешке қарай жатақхананың жанында бірнеше студенттердің шоғырланып тұрғандығын көрдім. Бір іс-шараларды ұйымдастырып жатқан сияқты көрінді маған. Бірақ, көңіліме алмастан өте кеттім. Сол жігіттер ұйымдастырып жүргендер екен, оны біз тек көтеріліс біткеннен кейін ғана білдік.

    Дәл осы тұста біздің экс-президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы билікке қарсы шыққан қазақ жастарына жақтаса алды ма, жоқ әлде ел арасында тараған Желтоқсан оқиғасын билікті қолына алу мақсатында Назарбаевтың өзі ұйымдастырды деген сөз рас па?

    Назарбаевты «Желтоқсан оқиғасын» ұйымдастырды дегенге келіспеймін .Ол кездегі жастар расыменде, өз қалауларымен елі үшін алаңға өзі барды. Әрине, біз ол кезде Шахановтан да, Олжас Сүлейменовтен де сол кездегі танымал тұлғалардан қолдау күттік, дегенмен, ондай қолдау болмады.  Алаңда ұстап алып кетіп ұрғаны бөлек, жатақханалардың өзіне келіп күш көрсеткендер болды.  Алаңға шыққан жастардың тізімін алып, оларды арнайы экспертизаларға жіберді, оқудан шығарды, тіпті, нашақор маскүнем деп айыптай бастады.

    Мен қазақ болып туғаннан соң, жәбір көруге міндетті болғандай болдым

    Бізге ең қиын болғаны 16-17желтоқсаннан кейінгі қудалау. Біз сабақта отырған кезде, аяқтың жүрген ізінен қорқып отыратын жағдайға жеттік. Күн сайын жоғары соттан келеді де, аптасына екі рет келіп, лекция оқитын.

    «Менде 2000 сурет жатыр. Соның ішінде қайсысың барсың, соның бәрі сотталады, институттан шығасыңдар, қамаласыңдар», —  деп айтатын.

    Дегенмен, сол кездегі мұғалімдеріміз, декандарымыз ақырын бізге біз сендердің жақтарыңдамыз деп айтатын. Біз сендердің суреттеріңді көрдік, бірақ, бізде оқиды деп айтқан жоқпыз. Ал егер ұсталып қалған жағдайда бізге ренжімеңдер дейтін. Біздің сонда қорыққанымыз сол, әр апта сайын тексерушілер келіп бір баланы жетектеп анда алып кетеді, бір баланы мұнда алып кетеді сұрақ алуға. Қаланың басқа жерінен ұстаған жастарға дейін жазалады олар. Ал ол уақытта біз Желтоқсан оқиғасына қатысқанымызды айтуға қорқып жүрдік.

     Біз 16-17желтоқсан күні батырлық жасайық деп барған жоқпыз, қазіргі күнгідей бейбіт митинг өткізуге, неге бізге басқа ұлттың басшысы деген сұрақты қоюға бардық. Сол уақытта Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов секілді танымал тұлғалар неге келмейді, неге басу айтпайды деген де сұрақтар болды.

    «Мені мектептен, комсомолдан шығарды. Біздің мектептің директоры Паталахова деген әйел болған. Ол КГБ-ға барып менің үстімнен арыз жазып, Жапашова Ләззат есірткі қолданады деді. Сол күні мені Ұлттық қауіпсіздің қызметінен 2 жігіт  келіп алып кетті. Менің анам 40 жыл сот болып істеген кісі. Менің баламды менің рұқсатымсыз ала алмайсыңдар деді. Сонда жаңағы жігіттердің айтқан сөзі: Орынбасар Әлімжанқызы, егер сіз дәл қазір қызыңызды бізбен бірге жібермесеңіз, онда сіздің Томскте оқып жүрген балаңыз жоғалып кетуі мүмкін деді. Сол уақытта мен 16 жаста болғам. Қазақты адам құрлы көрмегендерін көрдім. Сонда қан тапсыруға барғанда, қолымды дайындап отырған кезде, артымнан орыстың дәу әйелі келіп, мойныма ине тығып алды. Сонда оларға бәрібір болып отыр ғой.  Ол кішкентай бала ма, бала емес па, мен қазақ болып туғаннан соң, жәбір көруге міндетті болғандай болдым. Олар адам құрлы санаған жоқ. 16 жастағы қыздың күре тамырына ине тығып, сол күннен бастап менің аяқ-қолым дірілдеп қалды. Қандай дәрігерге барсам да көмегі жоқ. Мен осындай жауыздықты көрген адаммын», — деді Ләззат Жапашева.

    Тәуелсіздік алғанымызға 34 жыл өтсе де, билік жыл сайын осы 16 желтоқсан жақындаған кезеңде студенттерді сабағынан босатып, мейлінше қалада жастарды қалдырмауға тырысады. Қалған күннің өзінде бақылауда болады. Биліктің әлі күнге осы желтоқсаннан қорқуының себебі неде? Оның қайталануы мүмкін бе?

    «Қазіргі уақытта митингке шығудың айтарлықтай себебі жоқ. Біз, желтоқсаншылар 1986 жылы алаңға патриоттық рухпен, ел үшін күресіп шықтық. Ал қазіргі таңда араңдатушылар өте көп, біз ондай емеспіз, тіпті, салыстыруға да келмейді» , -деді Желтосқан оқиғасына қатысушы.

     Қазақ мемлекеті бола тұра қазақты малға теңеді

    Ол кезеңде Алматыда 70-80% орыс тілді халықтар тұрды. Қазақша сөйлейтіндер өте аз болды. 16 желтоқсаннан кейін тіпті көшеге шығуға қорқатын болдық. Бір күні вокзалға шыққанымда, адамдардың қолдарында бәрінің бір-бір газет ұстағанын көрдім. Орыс нәсілділердің бәрінде сол газет болды. Ал сол газетті анықтап қарағанымызда газеттің пішінімен бірдей арматура болғанын аңғардық. Олар сол вокзалға келген және кетіп бара жатқан жастарды ұстауға, жан-жақтан қазақтарға көмекке келе жатқандарды күтіп алуға арнайы ұйымдастырған әскерилер болды.

    Дәл сол кезеңде қазақ жастарының расында патриоттық сезімі ояна бастады. Қазақша білмейтін жастар, тілдерін бұрап қазақша сөйлей бастады. Ол кезде Алматыда жалғыз ғана қазақ мектебі болды. №12 қазақ мектебі. Алматыға мекен-жайға тіркелу деген мүмкін болмаған. Қалаға сырттан ешкім кірмейтін. Тек 10-15% ғана жергілікті халық қазақ болды да, қалғанының барлығы да басқа ұлт өкілдерінен еді. Оның бәрі сол кездегі саясаттың көрінісі болды. Тіпті, өзіміз 86 жылдан кейін қазақша сөйлеуге қорқып қалдық. Институттың өзінде қазақша сөйлеуге мүмкіндігіміз болмады. Сонда бір сабақта армян ұлтының өкілі бізге сабақ берген, қазақша жауап бергенімде, сендер малсыңдар, сендерге қазақша сөйлеуге болмайды, орысша сөйлеңдер деді. Сонда қараңыз, қазақ мемлекеті бола тұра қазақты малға теңеп отыр. Сонда мен орысша жеткізе алмайм, қазақша айтам дедім. Ол менің қазақша айтқаным үшін балымды төмендетінін айтты. Сонда 5-ке шығып тұрған сабағымнан қазақша жауап бергенім үшін 4-ке шыққан кезім болды. Ол кезде Алматыда жергілікті тұрғандар, тіпті қазақтардың өзі қазақша сөйлемеген. Оларды қазақша сөйлеткен, патриоттық сезімін оятқан осы Желтоқсан оқиғасы.

    Желтоқсаншылардың билікке және қоғамға айтар уәждері бар.

    Желтоқсаншылармен тілдесе келіп, олардың билікке де қоғамға да айтар уәждері бар екендігіне көз жеткіздік. Тіпті, оларға арналған әлеуметтік көмектің өзі тек Алматы өңірінде ғана бар екен. Оның өзінде көмір алуға, светке 50%-дық,  сондай-ақ қоғамдық көлікке жеңілдік қарастырылған. Ал басқа өңірдегі желтоқсаншылар ешқандай мемлекеттен көмек көрсетіліп жатқан жоқтығын айтады. Тіпті, олар өздерін ақтаутың өзі дәл қазіргі уақытта қиынға соғуда.

    Біздің суреттерімізді пайдаланып, мен Желтоқсан оқиғасының қатысушысымен деп өзін таныстырып жүргендерді көзіміз көрді

    Нағыз желтоқсаншыларға арналған марапаттарды, төсбелгілерді Желтоқсан оқиғасына мүлде қатысы жоқ адамдар алып жатыр. Тіпті, кейбіреулері алған кезде жұртқа көрсетуге ұялады. Осындай жағдайға өзім кезіккенмін. Бір күні жұмыс орныма кіріп келе жатсам, алдымнан менің қарамағымда болған бір жігіт шығып келе жатыр екен. Өзі шамалы жағымпазданатыны бар жігіт болатын. Қойнында бірнәрсені тығып келе жатыр. Не тығып келе жатырсың, көрсетсейші десем, Жәке, қайтесің деп, көрсеткісі келмеді. Мен бірақ, ұстап алып көрсетсиші дедім, қолынан тартып алып, қарасам Ішкі істер министрлігінің алғыс хаты екен. Сонда соны тығып алып кетіп бара жатыр, ал ондай марапаттарды үлкен жиналыстарда, халықтың көзінше тапсыратын дүние ғой. Осындай да жағдайлар болған.

    Желтоқсан оқиғасына байланысты біреулердің бір жерлерге тіркеліп, әлеуметтік көмек алып жатыр дегенін естідім, бірақ, оған дейін естімек түгілі ондай жеңілдіктердің бар екендігін де білмеппін. Желтоқсаншыларға ондай құрмет көрсетіліп жатқан жоқ.

    Желтоқсан оқиғасынан бері 34 жыл уақыт өтті. Соның 30 жылында біз жүре бердік, біз желтоқсаншымыз, үкімет бізді өзі тауып алады деп. Сөйтіп жүрсек, бізді іздеген ешкім де болған жоқ, қанша жыл өтіп кетті. Кездейсоқ неше түрлі ұйымдар құрылып, желтоқсаншылар жиналып жатқандығын естіп таң қалдым. Менің сондағы таңқалғаным, бізден бұрын желтоқсанға  мүлдем қатысы жоқ адамдар ұжым ашып, сол жерде басшы болып, адам жинап, өзінің құда-құдағи, көршісін бәрін қосып, сонымен әлі жұмыс істеп келе жатқан ұқсайды. Соны енді ғана естігеннен кейін біз сол ұжымға кірдік. Енді біздің бұл бірінші жасаған қадамымыз. Бұдан кейін екінші қадам,  ақталған желтоқсаншы, ақталмаған желтоқсаншы деген мәселе көтеріліп жатыр. Ақталу үшін біз бүкіл құжаттарды жинап, қасымдағы болған жігіттерді алып сотқа барып дәлелдеуім керек. Сонда ғана мен желтоқсаншы екенімді дәлелдей алам, сонда ғана желтоқсаншы статусын ала аламын. Сонда неліктен біз осылай ақталумыз керек? Сондықтан жақын уақытта осы мәселені көтеру ойымызда бар.

    Желтоқсан жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қалады.

    Желтоқсаншылардың билікке де қоғамға да байқап отырғанымыздай айтарлықтай реніштері бар. Расында, елі үшін, ұлты үшін жанын да, барын да қиып, бүгінгі тәуелсіздігіміздің себепкері болған осындай ер тұлғалы батыр ағаларымыз бен әпкелерімізге деген бүгінгі билік пен қоғамның бар рақметі осы ғана болғаны ма? Қарапайым халықтың олардың атын жамылып, олар ие болу керек дүниені иемденіп жатқандығын айтудың өзі ұят нәрсе. 30 жыл бойы жағын ашпай келген қаһарман  Желтоқсаншыларға бүгін алғыс айтып, құрмет көрсету — біздің парызымыз. Осы уақытқа дейін әлеуметтік желіде тараған тарихи суреттердегі қаһарман бабаларымыздың нағыз өзін халыққа таныстырудың кезі жетті деп ойлаймын. Qazweek.kz ақпарат агенттігі нағыз Желтоқсаншыларға алғыс білдіре отырып, олардың Желтоқсан оқиғасы кезіндегі және қазіргі уақыттағы бейне суреттерін назарларыңызға ұсынады.

    Бақыт Бекназаров
    Айтмухамедов Алмахан Абдікерімұлы 1959жылы 25 қыркүйек бұрынғы Шымкент облысы Келес ауданы Абай ауылында дүниеге келген. 1983-1988 жылдар аралығында Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауылшаруашылық институтындағы » ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда » Корпорация АҚ ордасы» ЖШС-нің автобаза директоры
    Ануар Тышқанбаев
    Амантаев Жалғасбек Ахметұлы, 1966ж.т. Каз.СХИ,мехфак-88. Байқоңыр қаласы
    Самат Ғылымов
    Жапсарбаев Жанайдар Қайдароұлы, Каз.ОТКЗ.СХИ Мехфак 1988жылы бітірген, қазіргі таңда ИП Жан директоры, Алматы Текелі ауданынан
    Нұрлан Мырзабеков
    Нұрбек Сарбаев
    Бауыржан Алдаберген
    Жапашева Ләззат Рахымжанқызы. 30.01.1970 жыл т\ж. 1986 жылы 10 сынып оқушысы. Осы кезде Директор ТОО «Закон Л.Company»

    қатысты посттар

    Пара алып, сотталған Аягөздің бұрынғы әкімі уақытынан бұрын бостандыққа шықты

    Фариза

    Сағынтаев қар құрсауында қалған қазақстандық альпинистерге байланысты мәлімдеме жасады

    Қызылордада көпқабатты тұрғын үйлерге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде

    Фариза

    Пікір қалдыру

    five × 4 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.