Биылғы жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанында Қызылорда облысының Сырдария ауданы бойынша 17 мектептің 15-інде 1-4 сыныптар аралығында кезекші сыныптар ұйымдастырылса, қалған сыныптың оқушылары қашықтан оқытылды. Ал аз комплектілі екі білім ошағында, атап айтқанда, Іңкәрдария мен Жетікөл ауылындағы орта мектепте барлық сыныпта дәстүрлі сабақ өткізілді.
Карантин жағдайындағы оқу жылының екінші тоқсаны 16 қарашадан басталады. Тиісінше, аз комплектілі Іңкәрдария, Жетікөл, А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун ауылындағы орта мектепте дәстүрлі сабақ жүргізіледі. Қалған 13 мектепте кезекші сыныптар ұйымдастырылады. Ал 6-11 сыныптар карантиндік шектеу талаптарына сәйкес онлайн оқитын болады. Осы ретте, оқушыларды планшет, ноутбук және компьютермен қамтамасыз ету мәселесі басты назарда.
Оқушылардың қашықтан білім алуына жағдай жасау үшін жаңа оқу жылында аудандық бюджет есебінен 157 планшет алынып, таратылған. Мектептер балансындағы 1074 компьютер мен ноутбук білім ізденушілерге уақытша пайдалануға берілсе, барлық білім беру ұйымдары бойынша елді мекендердегі кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен 52 электронды құрылғы үлестірілген.
Облыстық білім басқармасы тарапынан «Dara Bilim» қоғамдық қоры арқылы үйден оқитын 13 мүмкіндігі шектеулі оқушыларға ноутбук берілді.
Ал республикалық бюджеттен 255 планшет тұрмысы төмен, көпбалалы отбасы балаларына таратылса, қазіргі таңда 197 компьютер мен 762 ноутбук аудандық білім бөліміне келді. Арнайы сарапшылар ақаулығы жоқтығын тексеріп бергеннен кейін электронды құрылғылар аудан оқушыларына таратылатын болады.