Қызылордада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен орталық алаңда аймақтағы бірқатар медициналық мекемелерге санитарлық жедел жәрдем көліктерін табыстау рәсімі өтті. Атап айтсақ, 40 дана жедел жәрдем реанимобильдері кілті облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына, Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Төретам жедел жәрдем бөлімдеріне табысталды.
Қармақшы және Жалағаш аудандарына 2 дана жылжымалы медициналық кешен кілті берілсе, «Аралтұз» акционерлік қоғамы демеушілігімен Арал ауданаралық ауруханасына 2 реанимобиль автокөлігінің кілті табысталды. Салтанантты шараға медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов пен Қызылорда қаласы және аудандардан келген мамандар қатысты.
«Әлемді жайлаған короновирус пандемиясы кезінде Қызылорда облысының медициналық жедел жәрдем стансасы жұмысты сауатты және ұтымды ұйымдастыруының нәтижесінде барлық республикалық индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етті. Халық денсаулығы – еліміздің белсенді дамуына, экономикасына, әсіресе, әлеуметтік жағдайына ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан, қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Осы ретте, алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына жеткізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде халықтыңөмір сүру сапасын жақсартуға әкеледі», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Бүгінде Қызылорда облысы халқына 2423 дәрігер, 9528 орта буын мамандары медициналық қызмет көрсетеді.
2016 жылдан бастап өңірге қажетті медицина мамандықтары бойынша 91 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалды.
Одан бөлек, 2018 жылдан бастап Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетімен жасалған Меморандум аясында облыс әкімінің арнайы гранты бөлініп, қазіргі таңда 100 жалпы тәжірибелік дәрігер жергілікті бюджет қаражаты есебінен даярлануда. Олар бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарын аймақтық дәрігерлермен толық қамтуға мүмкіндік береді деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда жедел жәрдем қызметін орталықтандырудың арқасында облыс орталығы мен аудандарда жедел жәрдем қызметі бір деңгейде көрсетіліп отыр.
Сапалы көрсеткіштерге тоқтала кетсек, 2020 жылы шақырыстарға кешігу көрсеткіші 2,5 %-дан 1,9%-ға азайса, жедел жәрдем тобының көз алдындағы өлім көрсеткіші 3,2%-дан 1,6%-ға азайып, нәтижелі реанимация 47,2%-дан 56,3 %-ға көтерілді.
Шара соңында сала ардагері Тұрғанбай Маханов мемлекет тарапынан медицина саласына көрсетілген қолдауға алғысын жеткізіп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.