Арал ауданында өнеркәсіп өндірісі қарқынды дамып келеді. Теңізді өлкеде жыл басынан бері өнеркәсіп орындары 10,4 млрд теңгеден артық өнім өндірген. Ал, 8 ай ішінде ауданда барлығы 504,9 мың тонна тұз қазылып, 162,6 мың тонна йодталған тұз, 3,5 мың тонна балық, 170 тонна ет, 452 тонна нан және нан өнімдері өндірілген. Экономика табыс әкелетін бірқатар жобалар қабылданып, жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамылған.
Айталық, индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 101,8 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асуда. Жоба толық іске асса 1389 азамат жұмыспен қамтылады.
Балық өндірісінен табысын еселеп отырған ауданда биыл 2 балық цехы ашылды. Ақбасты елді мекенінде іске қосылған цехтың бірі балықты сақтайды, ендігі бірі өңдейді.
Цехта 100 тонна балық сақталады. Өндіріс орнында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, екінші цех күніне 40-қа жуық балық консервісін шығарады.
Ауданда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында бірқатар жұмыстар нәтижелі аяқталды. 16 жоба іске асып, 651 адам екі қолға бір күрек тапқан.