-6.1 C
Алматы
Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    Бірінші толқын әлсізді ажалына, жемқорды пайдасына апарды. Цой халықтың жаңа үміті ме, әлде…

    Коронавирус еліміздегі денсаулық сақтау министрлігінің бетпердесі мен ондағы басшылардың шамасының неге жететінін көрсетіп берді десек, қателеспеген болар едік. Оның себебін айтпасақ та белгілі. Экс-министр Е.Біртанов пен А.Молдағасымоваға байланысты орын алған шу мен қателіктердің кесірі бір ғана емес 100 мыңдаған адамға келіп тиді. Олардың жауапкершіліксіздігінің салдыранан қайтыс болғандардың саны күннен-күнге артып, елімізде қаралы күн орын алды. Дегенмен, басшылық та халықтың ашу-ызасын жерде қалдырмай бірінші Елжан Біртановты, одан кейін Айзат Молдағасымованы, ал күні кеше Людмила Бюрабекованы қызметінен алып тастады. Бұл көкірегін ашу-ызаға кернеген халықтың жеңісі деп айтумен қатар, көпшілік сенімі қалмаған Денсаулық министрлігінде бір үміт жалыны шарпығанымен бірдей болды десек болады. Дегенмен, 3-4 адамды қызметінен босатқанымен, алдағы уақытта Денсаулық сақтау министрлігі халықтың үмітіне ие бола ала ма, екінші толқынға министрлік қаншалықты дайын?

    Коронавирусқа жалпы көлемі 6 трлн-ды құрайтын қаржы бөлінді. Ал оның ішінде Денсаулық сақтау министрлігіне бөлінген қаржының шегі де жоқ, қаржының қайда кеткеніне есеп беретін жауап та жоқ. Қазіргі уақытқа дейін  биліктің уәде еткен өтемақысын медицина қызметкерлерінің 14%  ғана  алған. Ал халықтың денсаулығы үшін жан аямай күресе  жүріп, вирус жұқтырған басқа дәрігерлер милиионның 1 тиынына да қол жеткізген жоқ. Бәрін былай қойғанда ең сорақысы, пневмания диагнозынан көз жұмған дәрігерлер өз жанын қиса да, биліктің «алдауына түсіп,»  өтемақыдан да құр алақан қалды.  Бұл — коронавирус індеті басталғалы бері жыр ғып қозғап, әлі күнге шешімін таппай келе жатқан мәселе. Ал одан бөлек бюджеттен бөлініп, қарапайым халыққа жетпей қалған қаржының көлемі қаншама?! Ал дәл осы әрекеттерге жауапты адамдар тек қызметінен кетіп ғана құтылды.

    Людмила Бюрабекова ең бірінші фармацевтика саласына жауапты болған вице-министр. Дегенмен, ол осы қызметке келген күннен бастап халық игілігі үшін не істеді? Індет елге келген күннен бастап, елде дәрі-дәрмек жетіспеушілігі орын алды. Дәріханаларды былай қойғанда, медицина қызметкерлері ауруханалардың өзінде керекті дәрі-дәрмек, тіпті, өздерін қорғауға арналған қорғаныш заттар жоқ деп дабыл қақты. Аталған мәселе тек құлағы естімейтін саңырауға ғана жетпеген шығар. Бүкіл халық дабыл қақса да, өзімізде бар дәрілерден бөлек, шетелден келген гуманитарлық көмектің өзін қамбасына тығып отырған СК — Фармацияны неге бақылауда ұстамады? Тек халықтың шуынан кейін ғана СК-Фармацияның басшысы ұсталып, 7 жылға сотталды. Дәрі-дәрмек пен қажетті заттардың жетіспеушілігінің салдарынан қанша адам вирустың азабын тартты, қанша адам жақынан айырылды. Халықтың амандығы үшін жұмсалуы тиіс қаржы, дәрі-дәрмек, тіпті, гуманитарлық көмектің өзінің жетер жеріне уақытында жетпеді. Осының бәріне жауапты болған Людмила Бюрабекова тек қызметінен ғана кетіп, жауапкершіліктен қашып кетпек пе? Ал ең қызығы бүгін Людмила Бюрабекова вице-министрлік қызметінен өз еркімен кеткендігін мәлімдеді.

    Дегенмен, бұл Бюрабекованың жіберген жалғыз қателігі емес. Онымен қоймай экс-вице-министр адам денсаулығы үшін өте қауіпті саналатын фавипиравир(авивавир, фавипавир) дәрісін елге коронавирусты емдеуге арналған дәрі ретінде хаттамаға енгізіп, жаппай қолданысқа жіберуге ықпал етті. Тек 2 айдан кейін ғана дәрігерлердің дабыл қағуының арқасында дәріні хаттамадан алып тастау туралы билік шешім қабылдады.

    Фавипиравир-2002 жылы халықаралық атауға ие болған Жапония елінің тұмауға қарсы ойлап тапқан дәрісі. Тұмаудан бөлек, Эбола сынды қауіпті вирусқа қолданған. Эболаны жеңуге дәрі жақсы әсер еткенімен, зерттеулер нәтижесінде дәрінің адамдарға өте қауіпті екендігі анықталған. Фавипиравирді қолданғаннан кейін одан дүниеге келетін ұрпақ  ДЦП, психологиялық ауытқу, дұрыс жетілмеу секілді өте қауіпті кеселдерге шалдығып туылады. Ал жүкті әйел қолданған жағдайда түсік тастауы да таңқаларлық жағдай емес. Жуырда Жапония Фавипиравирдің коронавирусты емдеуге қауқарсыз екендгін мәлімдеді.

    Аталған мәселелерге байланысты қоғам белсендісі Қайырғали Конеев жуырда митинг өткізіп, фавипиравирді қолданысқа енгізуге қарсы шыққан болатын.

    Ал тағы бір шулы оқиғалардың себепкері Алматы қаласының бас санитар дәрігері болған Айзат Молдағасимова болса, қажетті мидициналық құралдардың жетіспеушіліген вирус жұқтырдық деп дабыл қаққан Алматы медицина қызметкерлерін жағдайына үңілудің орнына, дәрігерлердің өзін дұрыс қорғанбаған деп кінәләп шықты. Дәл қазіргі жағдай жағадан алатын емес, нағыз бір-біріне демеу беретін кез. Ал үміт артқан басшылықтың мұндай әрекеттерінен кейін, халық кімге сенуі керек?

    Сонымен, қатар бұл жағдайға дейін Молдағасымова Германиядан келген коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғаны үшін өзіне 2 айлық көрсеткіш көлемінде өтемақы жаздыртып алып, елді бір шулатқан болатын. Әлі күнге қарапайым дәрігер қол жеткізе алмаған өтемақыны Молдақасымова Тоқаевтың жарлығынан бұрын жаздырып алғанын қалай түсінуге болады?

    Аталған әрекеттерді қарап оларды халықтың мұң-мұқтажын ойлайтын жандар деп айтудың өзі ұят. Расында, дәрі жоқ, қорғаныш зат жоқ бүкіл елге дабыл қаққан халықтың жан айқайы тек Денсаулық сақтау министрлігіне ғана жетпей қалғаны өкінішті. Уақытында тиісті жеріне жете алмаған дәрі-дәрмек, желге ұшқан қанша қаржы, халықтың денсаулығы үшін күресем деп жанын қиған қанша дәрігер, осыншама ауыртпашылықтың обалы кімге болмақ? Халқымыздың басынан өткен осынау үлкен қасіретке себепші бір-ақ нәрсе, ол — жемқорлық.

    Өткен істі өттіге санап қоя салатын қазақтың қойдан бетер жуастығы кейде қалтасын ғана ойлайтын жемқорлардың пайдасына шешіліп кетеді. Бұлай айтпасқа амал да жоқ. Себебі, осы уақытқа дейін бар болған, шетелден гуманитарлық көмек ретінде келген тонна-тонна дәрі-дәрмектер қайда жоғалып кетті немесе елімізде халық жаппай қырылып жатқанда дәрі-дәрмектен ажиотаж жасау кімге керек болды? Халықтың өзі коронавирустың енді елге кірген кезінде дәрі таппай жүрсе, онда сонша дәріні қайда жіберді? Адам өмірі үшін араша болар дәрі-дәрмектен осындай қысылтаяң шақтың өзінде бизнес жасау — қылмыс демесек, басқаша қалай атауға болады? Әрине, ұсталғандарды да, жауапқа тартылғандарды жоққа шығара алмайсың. Дегенмен, сыбысын білдірми жеп қана жауапкершіліктен қашып отырғандар да жоқ емес.

    Халық қарсы шығып, шағым айтқан Біртанов та, Молдағасымова да, Бюрабекова да қызметінен кетті. Тәжірибесі жоқ жас мемлекетке елдегі соңғы уақытта орын алған жағдай сабақ болды десек те болады. Бірінші толқын әлсізді ажалына, жемқорды пайдасына апарған кезең болды десек, артық айтпаған болар едік.  Ал қазіргі Денсаулық сақтау министрлігі алдыңғы буынның қателігін қайталамай, екінші толқынды ауыздықтай алар ма екен?

    қатысты посттар

    Қазақстанда азық-түлік бір жылда 10%-ға қымбаттады

    Фариза

    Қызылорда қаласындағы 2 емхана мен 12 дәріханаға зерделеу жұмыстары жүргізілді

    Фариза

    Қызылордалық егіншілерге арзандатылған дизель отыны бөлінеді

    Фариза

    Пікір қалдыру

    17 + three =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.