7 C
Алматы
Пятница, 8 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    Жалағаштықтар мемлекеттік бағдарлама аясында өз кәсіптерін дамытуда

    Жалағаштықтар кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп келеді.

    Әсіресе, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы аясында өз ісін өрістетіп, пайдаға кенелгендер жетерлік. Аталған бағдарлама аясында 10 млн теңге несие алып, халыққа сапалы қызмет етуді мақсат еткен Ләззат Карипова да бүгінде жұмысының жемісін көріп отыр. Медицина саласында жиырма жылға жуық тәжірибесі бар ақ халатты абзал жан осыдан 3 жыл бұрын аудан орталығынан «Ақ-Сұңқар» клиникасын ашқан болатын. Жалағаштағы орталық ауруханада бұған дейінгі атқарған жұмысы сеп болса керек, жеке клиника жұмысын бастаған бойда халық мұнда көптеп келе бастады. Кейін науқастардың сұранысына сай көрсетілетін қызмет түрін арттыруды көздеген іскер азаматша медициналық нысанды жаңа заманауи аппараттармен толықтыруды жоспарлап, мемлекеттік бағдарламамен 10 млн теңгеге несие алады.

    Аталған медициналық нысан қазіргі таңда 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Ақ-Сұңқар» клиникасы 2018 жылдан бері «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-мен арада жасасқан шартқа сәйкес халыққа тегін қызмет көрсетіп келеді. Яғни мұнда ересек адамдар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі арқылы тегін ем алуда.

    Аталған клиникада 2018 жылы 600-ге жуық науқас тегін ем алса, былтыр 623 науқасқа тағы да тегін әрі сапалы ем жүргізілген. Жеке клиниканың басшысы Л.Серікқызы биыл 700-ге жуық адамға тегін ем жүргізуді жоспарлап отыр.

    «Біз де «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-мен жасасқан келісім-шарт аясында халыққа тегін ем жүргіземіз. Яғни біздің клиникадан аудан тұрғындарының күндізгі стационарда тегін ем алуына болады. Аймақ дәрігерлерінің жолдамасы негізінде пациентті бейінді мамандардың зертханалық, аспаптық зерттеулерінің және консультацияларының нәтижесімен ұсынылады. Барынша халыққа сапалы қызмет жасауға тырысамыз. Негізгі мақсатымыз – заманауи диагностикалық емдеу, алдын алу, және медициналық-әлеуметтік технологиялар негізінде пациенттердің мұқтаждықтарын қанағаттандыратын жоғары сапалы медициналық көмек көрсету. Мұның бәрі халықтың денсаулығының жақсаруына оң әсерін тигізері анық», – дейді клиника басшысы.

    Мемлекет қолдауының нәтижесінде медициналық нысан жаңа заманауи аппараттармен толық жарақтанған. Жеке клиника медициналық процедуралармен және дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Бүгінде мұнда тоқпен емдеу аппаратымен, дәрілік электрофорез, парафинотерапия, массаж арқылы халыққа тегін ем жүргізілуде. Осылайша Жалағашта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның игілігін іскер азаматтар да, халық та көріп отыр.

    қатысты посттар

    Педагогтар мен медицина қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі

    Фариза

    Қазақстанда жылу бағасы қымбаттады

    Фариза

    Қызылорда облысында егін шаруашылығы жағдайы мен суармалы су жеткізу мәселесі бақылауда

    Фариза

    Пікір қалдыру

    20 + 4 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.