Бүгін композитор, Әнұранның авторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Осыған орай, қала әкімі Мұрат Әйтенов пен бір топ өнер адамдары Шәмші Қалдаяқов көшесіндегі сазгердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Нақтырақ айтқанда, шараға қала әкімінен өзге композитор-әнші Құралай Сәтмұхамбетова, композитор, Шымкент қалалық мәдениет үйінің директоры Нұрлан Ыдырысұлы Адильханов, композитор Қалдыбек Құрманәлі, мәдениет қайраткері, Шымкент қалалық опера және балет театрының әншісі Үрәлхан Сейілбекова қатысты.
Олар Шәмші ескерткіші алдында Қалдаяқов әндерінен попури орындап, естеліктер айтты.
«Бүгін қазақ халқының руханияты мен музыкалық мәдениетінде өзіндік орны бар дара дарын, даңқты компазитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толып отыр. «Құлақтан кіріп, бойды алар» әсем әндерімен халықтың ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленген өнер иесінің тоқсан жылдығы — бүкіл елімізге ортақ мереке. Тәуелсіздік жылдарында Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттау бағытында ауқымды істер атқарылды. Елбасы Жарлықтарымен өнер иесіне Қазақстанның халық әртісі атағы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы беріліп, оның «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттік Әнұран ретінде таңдап алынды. Пандемияға қарамастан биыл да осы дәстүр жалғасын тауып отыр. «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» іс-шарасының аясында эстрадалық ән орындаушылар арасында Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» атты онлайн-фестиваль өтуде. Оған ТМД елдерімен қатар АҚШ пен Түркиядан да танымал орындаушылар қатысуда. Бұл — Шәмші шығармашылығын халықаралық дәрежеде насихаттауға қосылған елеулі үлес деп білеміз»,- деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Қазірде қалада Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған онлайн форматта әдеби сазды кештер, Шәмші өміріне саяхат, виртуалды көрме, онлайн көрме, онлайн караоке т.б. іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Айта кетейік, Шымкент қаласында компазитордың атында көшеден басқа филармония мен саябақ бар.
Г. Капал