Сотталушы – Ұлыбританияның 41 жастағы азаматы Мохамед Баракат. Ол «Hong Kong Air Cargo» әуе компаниясында ұшқыш болып қызмет еткен, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Informburo.kz порталына сілтеме жасап.
Бүгін Алматыда «InterContinental» қонақ үйінде болған бала өліміне қатысты сот басталады. Істі қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бахытхан Бәкірбаев қарайды. Сотталушы – 1978 жылы Ұлыбритания құрама корольдігінің Лондон қаласында туған Мохамед Баракат. Ол өзінің бір жасар қызын өлтірді деп айыпталуда. Informburo.kz тілшісі айыптау құжатының қорытындысымен танысып, тергеу нұсқасына сәйкес сотталушының қылмыстық әрекетін тізіп шықты.
Жантүршігерлік қылмыс былтыр қазан айында болды. Тергеу дерегінше, ұлыбританиялық 41 жастағы Мохамед Баракат туған қызы София Баракатты танымал мейманханада азаптап өлтірген. Жоғары білімді азамат бұрын сотты болмаған. «Hong Kong Air Cargo» әуе компаниясының жүк ұшағында ұшқыш болып қызмет еткен. Алматыдағы қылмыс жасаған қонақ үйге бесінші қазан күні әуе компаниясы мен мейманхана арасындағы шартқа сәйкес тоқтаған. Бес жұлдызды мейманханада ол жұбайы, Қазақстан азаматшасы Мадина Абдуллаевамен және қызы Софиямен бірге тұрған.
«23 қазанда Мохамед Баракат шамамен 15:00-де қонақ үйден шығып, банкоматтан ақша алады. Содан кейін пабқа кіріп, сыра ішеді. Кейін «InterContinental» қонақ үйіне оралып, жұбайы мен қызын ертіп Достық даңғылы бойында орналасқан мейрамханаға кешкі асқа барады. Тамақтану кезінде Мохамед Баракат тағы да спирттік ішімдік ішеді. Осы сәтте ерлі-зайыптылар арасында пәтер сатып алу бойынша сәтсіз мәмілеге байланысты ұрыс шығады. Аздап масайған Мохамед Баракат кешкі ас кезінде қызы Софияға лимонның кесілген тілігін береді. Аузына қышқыл өнім түскен бала жылап мазасызданады. Күйеуінің бұл қылығына ескерту жасаған жарына да Мохамед Баракат ашуланып лимонның бір бөлігін лақтырады» деп жазылған айыптау құжатында.
Актідегі дерекке сәйкес, сотталушы Мохамед Баракат сол күні сағат 22:00-де жұбайы мен қызын қонақ үйге әкеліп тастап, өзінің танысымен одан әрі спирттік ішімдік ішуге кеткен. Ал мейманханаға түн ортасында алкогольдік және есірткілік масаң күйде оралған. Соған қарамастан таң атқанша қайта-қайта тұрып, ішімдік ішуін жалғастырыпты.
«Таңғы сағат 07:00 шамасында Мохамед Баракат мас күйінде ұшақ жүргізе алмайтынын түсініп, жұбайын оятады. Жарына қандай да бір жолын тауып, өзіне көмек көрсетуді сұрайды. Осы өтініштен кейін Мадина Абдуллаева ұялы телефонынан әуе компаниясына қоңырау шалып, күйеуінің ауырып қалғанын және жұмысқа шыға алмайтынын хабарлайды. «Ауырып қалды» деген сылтау үшін Мохамед Баракат жұмысынан айырылып қалуым мүмкін деп жұбайын кінәлай бастайды. Ашуға булығып, келіншегінің басынан жұдырығымен тоқпақтай жөнеледі» деп жазылған құжатта.
Күйеуінің соққысынан сытылған келіншек, адамдарды көмекке шақыру үшін қонақ үйдің кіре беріс есігіне қарай қашады. Осы уақытта ата-анасының айқай-шуынан тәтті ұйқыда жатқан бөбек оянып, жылай бастайды. Кеудесін ашу-ыза кернеген, оның үстіне масаң күйде тұрған әке бар ашуын қорғансыз баладан алады.
«Әйелімен жанжалдасқан соң, ашу-ызасын дәрменсіз баладан алғысы келген Мохамед Баракат қасақана кісі өлтіруге оқталады. Ол өзінің заңсыз әрекетін біле тұра, кішкентай қызы София Баракатты өлтірмек болып, бүлдіршіннің кереуетіне келеді. Қызын қолына алып, қонақ үйдің қабырғасы мен есігіне баланы басымен ұра бастайды. Бұл кезде бүлдіршінді қолдарымен қатты қысып ұстайды. Сәбидің ес-түссіз жатқанына көз жеткізгесін, әкесі Софияны қонақ үй нөмірінің кіреберіс есігінің жанына еденге жатқызып қояды. Осы сәтте қыздың анасы келіп, сұлқ жатқан сәбиін көтеріп алады. Келіншек «ол менің қызымды өлтірді» деп айқайлап, ресепшнға түсіп кетеді. Ауыр жарақат салдарынан София Баракат 09:30-да №1 Қалалық балалар клиникалық ауруханасында қайтыс болды» деп баяндалған айыптау құжатында.
23 сәуірдегі сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, София Баракат басына тиген ауыр соққыдан болған жабық бас сүйек-ми жарақатынан көз жұмған. Бүлдіршіннің басы бірнеше жерінен сынып, жарықшалар пайда болған. Ми мембраналарының астына қан кетіп, мидың қабығы шағылып ұсақталған. Сондай-ақ, зерттеу кезінде қыздың ерні жарылып қан ұйығаны және жағына қан кеткені анықталған. Ауыр соққыдан бүлдіршіннің денесі көгеріп, екі қолы мен иықтары, мойын тұсы сырылып, жарақаттанған.
«Бұл жарақаттар адам өміріне тікелей қауіп төндіреді, сондай-ақ, денсаулыққа аса ауыр зиян ретінде сараланады. Осылайша, Мохамед Баракат кісі өлтірді, яғни адамның дәрменсіз күйде екенін біле тұра заңсыз әрі қасақана қылмыс жасап, басқа адамның өліміне себепші болды» делінген құжатта.
Туған қызының өмірін қиды деп айыпталған ұлыбританиялық азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, яғни «дәрменсіз күйдегі адамды өлтіргені» үшін сотталуда. Бұл бап бойынша, сотталушыға 15 жылдан 20 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру не өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Айта кетсек, сотқа дейінгі тергеу кезінде британдықтың қорғаушысы, Мохамед Баракаттың баланы әдейі өлтірмегенін, құлаған кезде денесімен басып қалғанын айтқан. Сондықтан, қорғаушы тарап істі Қылмыстық кодекстің 104-ші, «абайсызда қазаға ұшырату» бабымен қарауға өтініш берген болатын. Бұл баппен үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Сегіз айға жуық тергеу абақтысында жатқан Мохамед Баракат енді бүгіннен бастап сот алдында жауап береді.
Сурет: Azattyk-ruhy.kz