Шымкентте Еңбекші ауданы, Елтай елдімекенінің 60 шақты үйін су басып қалды.Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметтері бойынша, кешкі сағат 21.20-да Төлеби ауданының Каскасу елдімекеніне жақын маңдағы нөсердің салдарынан сол өзендегі су деңгейі арнасынан асып кетті, деп хабарлайды Qazweek,.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Зарипа Турусбекова оқиға орнынан хабарлады. Ал, табиғаттың тосын мінез танытуынан Тоғыс су қоймасы да арнасынан асып кеткен. Ауыл тұрғындарының 60 үйін су басты. 3 шаруашылық нысанын су шайып кетті. Тұрғын үйлердің аулаларындағы су деңгейі 20-25 см-ге көтеріліп, су сағатына 3-5 текше метрге дейін жеткен.
Қазір адамдарды эвакуациялау жүріп жатыр. Оқиға орнында Түркістан облысы, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 57 құтқарушысы және 25-тен астам арнайы техникасы, жедел құтқаружасағының, өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметкерлері жұмыс істеуде. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ. Қазір әріптесіміз Гүлсанат Қалмырзақызы оқиға орнында жұмыс істеуде.
Ол Елтай елдімекенінде тұрады. Басқа ауыл тұрғындарымен бірге оның отбасы да су тасқыны орын алған аймақтан эвакуацияланды. Гүлсанаттың айтуынша, кешкі сағат 9-да ауыл тұрғындары келіп жатқан су және шұғыл эвакуация туралы хабардар болған. Шұғыл түрде адамдар балаларын, құжаттарын, керек заттарын алып, үйлерін тастап кетті. Қазір адамдар қалаға автобуспен бара жатыр. Оларға мектептер мен мешіттерге орналастырылатындығы айтылды. Алдын-ала мәліметтер бойынша мыңнан астамадам эвакуацияланды. Біздің журналистер оқиға барысын жіті қадағалап отырмақ.
Тасқын су толастар емес. Бірнеше елдімекенді басып қалған судан тіпті адамдар көліктерімен өте алмай жатқан жайы бар. Нөсер жаңбыр салдарынан Бадам өзенімен қатар Арыс өзендерінің де су деңгейі көтеріліп, су шайуы мүмкін. Әкімдіктер ескерту жасап, сақтық шараларына дайын отыру керектігін ескертті.