Пятница, 8 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Билік және саясат Қоғам

    Дүнгендер Тоқаевқа қандай уәде берді?

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көктемнің алғашқы күнін Қордай ауданына іссапармен өткізді. Бұл күн — қазақстандықтар үшін Алғыс айту күні. Атаулы мерекеде Президент өткен айда жаппай қақтығыс болған Қордай ауданына барды. Мұнда ол ауыл тұрғындарымен, дүнген диаспорасымен кездесіп, қақтығыстың нақты себебін айтты, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

    Бұрынғы басшылық неге қызметінен кетті?

    Тоқаев іссапар барысында қақтығыс болған ауыл тұрғындарымен кездесу өткізген. Кездесу барысында өңірдің бұрынғы басшылығын сынға алды. Қақтығыс басталмас бұрын облыс әкімі қызметінде Асқар Мырзахметов болған. Ал Қордай ауданын Болатбек Байтөле басқарған. Олар қақтығыстан кейін қызметінен кеткен болатын.

    «Қақтығыс болған жерде ешқашан, ешқандай даму болмайды. Бұл — заңдылық. Өкінішке қарай, облыс басшылары бұл заңдылықты дұрыс түсінген жоқ. Сондықтан облыс басшылары, соның ішінде құқық қорғау органдарының басшылары толығымен ауыстырылды, қызметкерлер жұмыстан босатылды», — деді Президент.


    Тоқаевтың ауыл тұрғындарымен кездесуі. © akorda.kz

    Сонымен қатар, Мемлекет басшысы облыстың жаңа әкімі Бердібек Сапарбаевтың алдында тұрған мақсатты айтты.

    «Жаңа басшылар тағайындалды. Солардың арасында Бердібек Сапарбаев бар. Бұл азаматты жақсы танисыздар. Тәжірибесі мол мемлекеттік қызметші. Оның алдында тұрған мақсат — тұрақсыздыққа түрткі болатын жағдайларды түбегейлі жою және өңірдің дамуына серпін беру», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


    Ауыл тұрғындары. © akorda.kz

    Қақтығыстың себебі — контрабанда

    Сондай-ақ, Тоқаев Қордай ауданындағы заңсыздықтарға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Қордайдағы қақтығысқа сол заңсыздық себеп болған. Ол аймақтағы құқық қорғау органдарына қылмыскерлерді ұлтына қарамай жазалауды тапсырды.

    «Ауданда бір топ адам белсенді түрде контрабандамен айналысып жүрген. Бұл — белгілі нәрсе. Осы іске басқа топ та қатысқысы келген. Бір сөзбен айтсақ, заңсыз табыс көзі үшін екі қылмыстық топтың арасында текетірес пайда болған. Бұл текетірес салдарынан көп адам зардап шекті. 11 адам қаза тапты. Оны ашық айту керек. Енді құқық қорғау органдарының алдында тұрған мақсат — барлық қылмыскерлерді ұлтына қарамай, заңға сәйкес жазаға тарту. Онсыз елімізде тәртіп болмайды», — деді Президент.

    Сондай-ақ Тоқаев Қордайдағы жергілікті қызметкерлердің пара алу және шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселелерін шешуді тапсырды.

    «Бұл — биліктің де жіберген кемшілігі»

    Ауыл жұртшылығымен кездескен соң Тоқаев сондағы дүнген диаспорасымен әңгімелесті. Дүнген халқымен кездесу барысында ол қайғылы оқиғаны ұмытып, енді бейбіт өмір сүруге шақырды. Сондай-ақ бұл қақтығысқа биліктің де кінәсі бар екенін басып айтты.

    «Болған қайғылы оқиға артта қалуы тиіс. Алдағы уақытта тату-тәтті, түсіністікте бірге өмір сүреміз. Біз бұдан сабақ алуымыз керек. Бұрын-соңды мұндай жағдай болған емес. Бұл биліктің де жіберген кемшілігі. Сондықтан мен бірден облыс басшылығын, соның ішінде құқық қорғау органдарының жетекшілерін де ауыстырдым», — деді Мемлекет басшысы.


    Қасым-Жомарт Тоқаевтың дүнген диаспорасымен кездесуі. © akorda.kz

    Дүнген диаспорасымен кездесу кезінде Тоқаев қазақ тілін білу аса маңызды екенін айтты.

    «Сіздердің балаларыңыз қазақ тілін үйренуі керек. Сондай-ақ орыс тілі мен өзінің ана тілін де білуі қажет. Мемлекет сіздердің мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтап, дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Дегенмен сіздер, әсіресе, ауылда тұратын азаматтар мемлекеттік тілді білгендеріңіз аса маңызды», — деді Мемлекет басшысы.

    Қасым-Жомарт Тоқаев елдің оңтүстік өңірінде ғана тұрақтап қалмау керегін басып айтты. Ол дүнген жұртшылығын балаларын солтүстікке, шығысқа қарай жіберуге шақырды.

    «Еліміздің солтүстігінде құнарлы жерлер бар. Біз неге бір жерде ғана тұрақтауымыз керек? Балаларыңызды солтүстікке, шығысқа қарай жіберіңіздер. Солтүстік, батыс, оңтүстік, шығыста сіздердің балаларыңызға жұмыс істеп, ақша табуға мүмкіндік мол», — деді Тоқаев.

    Дүнген жұртшылығы қандай уәде берді?

    Қордай ауданында тұратын дүнген жұртшылығы ақпанда болған қақтығыс үшін кешірім сұрады. Кездесу кезінде сөз алған Қордай ауданының Құрметті азаматы Шисыр Динласон қазақ халқына алғысын айтты.

    «Дүнгендер 1878 жылы Қытайдан Қазақстанға көшіп келді. Қазақ халқы бізді өте жақсы күтіп алды, наны мен тұзын бөлісті. Бірге өмір сүргенімізді мақтан тұтамыз. 140 жылдай бірге тұрып келеміз. Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдері салт-дәстүрі мен тілін сақтап қалды. Барлығы қазақ халқы мен Президенттің ұстанған саясатының арқасы», — деді Шисыр Динласон.

    Ол дүнгендердің атынан қақтығыс үшін кешірім сұрады: «Ол оқиғаның болғанына өте қатты өкінеміз және кешірім сұраймыз».

    Тоқаевтың қазақ тілін меңгеру туралы ұсынысын дүнген жұртшылығы қабыл алды. Сортөбе ауылдық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эдик Суларов жергілікті балаларға мемлекеттік тілді, Қазақстан тарихын, қазақ халқының салт-дәстүрін оқытуға ниетті екенін жеткізді.

    «Мен өзім қазақ тілі пәнінің мұғалімі ретінде өз оқушыларыма біздің еліміздің тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын мақтаныш етіп қорғауға, сақтауға тәрбиелеймін. Әсіресе мемлекеттік тілді толық меңгеруге барлық күшімді саламын. Біз дамуға бет алып, керемет мемлекетте өмір сүріп жатқанымызға қуаныштымыз», — дейді мектеп мұғалімі Эдик Суларов.

    Айта кетейік, кеше, 1 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаракемер ауылының жұртшылығымен кездесті. Президент кездесуде Жамбыл облысының Қордай ауданына жұмыс сапарымен арнайы келгенін айтты.

    Еске салайық, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болды. Жаппай төбелеске 300-ге жуық адам қатысқан. Ауқатты ауылы және Бұлан Батыр ауылдарында жанжал шықты. Бұзақылар металл заттарын, атыс қаруын қолданған. Қақтығыс салдарынан 11 адам қаза тапты.

    қатысты посттар

    Оралда түлектерді университеттен әскерге алып кетіп жатыр

    Фариза

    Коронавирус қаупі: Министрлік демалыссыз жұмыс кестесіне көшті

    Фариза

    Семейде кәмелетке толмаған қыздың денесі іздестірілуде

    Фариза

    Пікір қалдыру

    6 − six =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.