-12.1 C
Алматы
Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам Оқиға

    Дүнген халқы ҚР заңы мен тілін көздеріне де ілмей ме?

    Өткен жұманың соңы бүкіл елді шулатқан оқиғамен аяқталды. Бейбіт заманда бейбіт тұрғындардың берекетін қашырып, соңы бірнеше адамның өлімімен аяқталған Жамбыл облысы Қордай ауданындағы қақтығысқа байланысты жұрттың көкейінде қалған сұрақ көп. Ең бірінші, елді толғандыратыны – мұндай дүрбелең тағы қайталана ма? Қайталанған жағдайда не істемек керек?

    Ел билігі екі жақты да сабырға шақырып, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындармаудың қамын жасап, барлығын бақылауға алдық деп мәлім етті. Десек те, бұл жағдайға кінәлілер өздеріне лайықты жазасын ала ма? Ал кінәлілер кімдер?

    Қазір еліміздегі БАҚ беттерінде және әлеуметтік желіде түрлі пікірлер айтылуда. Биліктегі жауапты тұлғалардың мәлімдеуінше, кішігірім текетіресті арандатушылар өз пайдаларына асырып, ұлтаралық жанжал тудырып жіберген. Ал, арандатушылар деп тұрғанымыз кімдер? Пікір білдірушілердің сөзінше, қазақ жігіттері арандатушылардың сөзіне еріп, тым өрескел әрі қатігез іс-әрекетке барған. Сонда, бұл қанды оқиғаға да қазақ жігіттері кінәлі дегені ме?

    Бұл жанжалға байланысты елімізге танымал актер Асанәлі Әшімов өзінің пікірін айтып, «Жігіттер ақылға салмай, намысқа беріліп кетті» дейді. Ал оларды мұндай жағдайға жеткізген кімдер? Ең бастысы, осы сұрақтың жауабын тауып, кінәлілерді анықтау қажет болар.

    Оқиғаның қалай өрбігеніне көз жүгіртейік. Депутат Смағұловтың айтуынша, көлік айналасындағы кикілжің туралы көпшілік білмейді екен. Ол қандай кикілжің, депутаттың сөздерін келтірейік.

    «Құқық қорғау қызметкерлері сақтық танытып, көшеде күдік тудырған көліктерді тексере бастайды. Бұл – олардың міндеті. Сол кезде тоқтатылған машиналардың бірінде жүргізушісінің құжаттары жоқ болып шығады. Үйде қалдырып кеткенін сылтауратқан. Полицей ізгілік танытып, батыстағыдай бірден қолын қайырмай, үйіне бірге еріп баруды ұсынады. Мұны естіген күдікті боқтап, балағаттап, есігін тарс жауып, көлігімен қашады. Құқық қорғау органдарының өкілдері соңынан қуып, дұңған ауылындағы аулаға дейін індетіп кіреді. Алдын ала телефонмен ескертіп қойса керек, үйден қашқынның туысқандары, жолдастары қаптап шығып, полицейлерге жабылған», — дейді Бақытбек Смағұлов.

    Онымен қоймай, полиция қызметкерлерін жабыла ұрып, тепкілеп жатқанын өздері видеоға түсіріп, мақтаныш қылып, әлеуметтік желілерге салған екен.

    Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды дейді. Депутаттың сөзінен байқағанымыздай, дүнген ұлтының адамдары бұл қақтығысқа өздері себепші болған.

    Елімізде полиция қызметкерлеріне шабуыл жасау заңмен қудаланатынын бәріміз де білеміз. Ал, Қазақстанның Конституциясында жазылған бұл заңды дүнгендердің көзіне де ілмегені ме? Екі-үш полиция қызметкеріне бірнеше адам жабылып, сабап тастаған адамдар қазір қайда? Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды ма?

    Көпшілік жұрт алғашында ұлтаралық жанжалдың басқа себебін айтқан болатын: жасы 80-нен асқан қазақ ақсақалын екі ұлымен бірге дүнген ұлтының жігіттері соққыға жығып кеткен. Кейіннен, бұл ақпаратты ресми түде жоққа шығарды. Яғни, жанжалдың басталуына бұл оқиғаның түрткі болмағаны айтылды. Десек те, мұндай жағдайдың болғаны ақиқат. Зардап шеккен ақсақалдың жары Зура Құдашбаева пікір білдіріп, мұндай төбелестер екі ауылдың арасында жиі болатындығын айтты.

    «Теледидардан «қазақтар бәрін қиратты» деп айыптап жатыр, ол дұрыс емес. Сондай жағдайға жеткізгендер кінәлі. Бұл көрші жатқан екі ауылдың бірінші қақтығысы емес», — дейді Зура Құдашбаева.

    Оның айтуынша, дүнгендер «қазақтардың үйлерін өртейміз» деп айбаттанып отыр екен. Сондықтан да, Үкіметтен қандай да бір шара қолданып, мұндай қайғылы оқиғаның қайталанбауына жол бермеуін сұрайды.

    Бүкіл елді дүрліктірген дауды жауапты шенділер барынша шешуге тырысып бағуда. Шекара асып кеткен дүнген отбасыларын елге қайтарып, олардың қираған үйлерін жөндеп беретінін, барлық жағдай жасалатынын айтуда. Олардан кешірім сұрап де жатыр. Әрине, бұл істе екі жақ та сүттен ақ, судан таза емес. Екі тарапта да жаман да, жақсы да адамдар бар. Бірнеше адамның қателігінен бүкіл Қазақстан олардан не себепті кешірім сұрауда? Не себепті көпшілік қауым қазақ жастарын кінәлі етіп танып жатыр?

    Қазір әлеуметтік желілерде көптеген адамдар елімізде тұратын дүнген ұлтының азаматтарының басым көпшілігі қазақ тілін мүлде білмейтінін айтуда.

    «Масаншыға барып-қайтқаныма бір айға жуық уақыт өтті. Бір дүкенге кіріп, қазақшалап «Ассалаумағалейкум» деп амандасып едім, өздерін мұсылман санайтын дүнгендер түсінбеген сыңай танытты. Кейін амалдың жоғынан бар білетін дүнген-қытай тілінде өзіме керегін айтып түсіндірдім. Бұл елде барлық адамның құқығы бірдей. Десек те қазақ ұлты — негізгі ұлт болып саналатынын ұмытпау керек. Мемлекеттің аты да сол себепті Қазақстан деп аталады», — деп жазады желі қолданушысы Сырым Абдрахманов. Осы сынды пікірлер әлеуметтік желіде қаптап жүргені белгілі.

    Білуімізше, еуропаның алдыңғы қатарлы елдерінің көпшілігінде сол мемлекеттік тілін білу заңмен міндеттелген. Мысалы, Германияда неміс тілін білмеген адамдар жұмыс істей алмайды, ол елге барып және сонда тұрақтауды немесе біршама уақыт жұмыс істеуді жоспарлаған адамдар неміс тілін білуі тиіс. Олар неміс тілінен арнайы сынақ та тапсырады.

    Неге біздің елімізде тұратын өзге ұлттарға мұндай заң қабылданбайды? Мемлекеттік тілді менсінбеген ұлт сол елдің халқына да сыластықпен қарауы екіталай.

    Жоғарыда аталған мәселелерге байланысты жауапты тұлғалардың назарына келесі сұрақтарды жолдаймыз:

    Өз қызметін атқарып жүрген полиция қызметкерлеріне не себепті қол көтеріп, соққыға жығады? Қазақстанның заңын көздеріне де ілмегені ме?

    Ең қызығы, дүнген ұлтының азаматтарында соншама қару қайдан жүр? Бізде солай қаруды ашықтан ашық пайдалануға рұқсат берілген бе, әлде тағы да еліміздің заңы мен ережесін елемегені ме?

    Не себепті елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді білмейді? Қазақ тілін менсінбегені ме?

    Бұл жанжалдан кейін Жамбыл облысының әкімі өз еркімен жұмысын тоқтатып, полиция басшысы Президенттің жарлығымен қызметінен босатылды. Шу шыққан жерге үнемі басшы болып тағайындаталатын Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының жаңа әкімі болып сайланды. Басшылық ауысты, ендігі жағдай қалай болмақ? Жақсы өзгерістер күтуге бола ма?

    Назерке Лабихан

    қатысты посттар

    «Баласының туған күнін тойлаймын деп әкесінің жаназасын шығарды» Шамалғандағы апатта мерт болған автобус жүргізушісі жер қойнына тапсырылды

    Фариза

    Алматы полициясы «басы кесілген қызметкерлерге» қатысты пікір білдірді

    Фариза

    «Түптің-түбінде Алла жазасын береді» Блок-бекетте қайтыс болған полицейдің анасы мен жары кінәліні өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрауда

    Фариза

    Пікір қалдыру

    13 − four =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.