Қазақстандық жасөспірімдер халықаралық пәндік олимпиадалардың күнтізбелік жылын лайықты аяқтап, дайындық сапасын тағы да дәлелдеді.
Дохада (Катар) жасөспірімдердің 16-шы халықаралық жаратылыстану-ғылыми олимпиадасы (International Junior Science Olympiad – IJSO) аяқталды. Жарысқа әлемнің 70 елінен 15 жастан аспаған оқушылар қатысты. Әр ел 6 оқушыдан тұратын команданы жібереді. Қазақстан құрамасы бес медаль жеңіп алды. IJSO-2019 – тестік, теориялық және практикалық турда қатысушылар физика, химия және биология бойынша өз білімдерін көрсетті.
Күміс медальді Павлодар қаласы, дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 9 сынып оқушылары Рахимжанов Динмухамед пен Лим Владимир жеңіп алды.
Қола медальдарымен: Қызылорда қаласы №9 облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 10 сынып оқушысы Серікбаев Исламхан, Нұр-сұлтан қаласы «Республикалық физика-математика мектебі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалының 10 сынып оқушысы Қалдыбаев Рауан, Ақтөбе облыстық дарынды ер балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мамандандырылған лицей-интернатының 9 сынып оқушысы Сәрсенбай Айдос марапатталды.
Медальдардың көптігі — бұл өзіндік дәстүрлері мен жаңашылдықтары бар тамаша педагогикалық мектептің, сонымен қатар жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша олимпиадалық резерв мүшелерін сапалы даярлаудың нәтижесі.