Олар бұл әрекеттерімен көпшілік назарын аударып, адам бойында қорқыныш пен үрей сезімін тудыруды көздеген
Астанада «Жусан» операциясы аясында елге қайтарылған 14 қазақстандыққа қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Прокурор олардың кейбірінің жантүршігерлік қылмысын жариялады, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан порталына сілтеме жасап.
Прокурор Еділ Мұраттың айтуынша, сотталушылардың ішінде Газинұр Бақытжанов пен Аманжол Жансеңгіров террористік сипаттағы роликтер түсірген, тіпті, адамның басын кесіп, фотоға түскен.
«ДАИШ халықаралық террористік ұйымының содырлары жергілікті үкімет әскерімен болған соғыста жеңіске жеткендіктен, террористік топ мүшелері – Жансеңгіров пен Бақытжанов ұялы телефонның камерасын пайдаланып, бейнеролик түсірген», — деді Мұрат.
Ол роликте содыр Бақытжанов өздерінің аз адам шығынымен жеңіске жеткендерін мақтан тұтып, жауды ешқандай бекініс құтқара алмайтынын айтқан. Содан кейін әскери киімде өліп жатқан адамдарды қарумен нұсқап, оны кәпір деп атап, Аллахтың қалауымен оқ тиіп өлді деген.
Сараптама аталған роликте діни алауыздықты қоздыру және терроризмді насихаттау бегілерін анықтады.
«Сондай-ақ, қарулы қақтығыстан кейін ИГИЛ террористік ұйымының мүшелері төрт адамның басын кесіп алып, жұртты үрейлендіру мақсатында қала көшелерінің біріне жеті тәулікке тастап қойған», — деп атап көрсетті прокурор.
Олар бұл әрекеттерімен көпшілік назарын аударып, адам бойында қорқыныш пен үрей сезімін тудыруды көздеген.
«Террористік топ мүшесі Жансеңгіров осы бастардың бірін аяғымен басып, қару ұстап тұрып суретке түскен. Ол сурет ғаламтор арқылы көпшілікке тарап кеткен», — деп жалғастырды Еділ Мұрат.
Оның айтуынша, сараптама кезінде фотосуреттегі адам 1986 жылы Ақмола облысында туған Аманжол Жансеңгіров екені расталған.