Қазақстанда үй болып, шаңырақ көтерген әрбір үшінші жұптың ажырасып жатқаны белгілі. Мамандар ерлі-зайыптылардың басы бір қазанға тұрмыстағы дау-дамайдан, жанұядағы зорлық-зомбылықтан, бала тәрбиелей алмаудан және қаржылақ қиындықтардан сыйыспайды дейді. Психолог Айсұлу Құтпанбекованың сөзінше, жоғарыда аталғаннан бөлек ер мен әйел адамды ажырасуға итермелейтін басты фактор бар. Қандай екенін психолог маман айтып берді, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтының дерегіне сүйеніп.
Айсұлу Құтпанбекованың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы жүктілік, зорлық-зомбылықтың басым бөлігі жыныстық тәрбие мен сауаттылықтың болмауынан кең етек алып келеді. Көп жағдайда ұят атты шеңберден шыға алмайтын қазақ менталитеті жыныстық өмір жайлы емін-еркін әңгіме қозғауға мүмкіндік бермейді. Қоқыс жәшігінен шақалақтың табылуы, жастардың суицидке көп баруының себебі де осында жатыр дейді ол.
“Егер балаға кішкентай күнінен бастап жыныстық тәрбие берсек, өсе келе ол сексуалды өміріне үлкен жауапкершілікпен қарайтын болады. Өзінің жыныстық сауатын ашып, вумбилдингпен (қынап және жатыр бұлшықеттерін қатайтуға арналған арнайы жаттығулар жиынтығы — ред.) айналысатын әйел кейін білетінін қызына үйретеді. Анасынан сауаттылығын ашқан қыз күйеуге тигенге дейін арын сақтайды, бала босанғанда қиналмайды.
Ал бізде сауатсыздық болған соң, тұрмысқа шықпай жатып, төсектес болады. Менің ойымша, бойжеткен киеуге тигенге дейін жыныстық қатынасқа түссе, үйлену тойында ақ көйлек кимей-ақ қойсын. Ақ көйлек — пәктіктің белгісі. Жыныстық тәрбиеден хабары жоқ бойжеткен екіқабат болып қалсам, алдырта саламын деген оймен жүре береді. Келешекте бұл қадамы өміріне кесірін тигізетінін сезсе де, райынан қайтпайды. Бірақ мен бірнәрсені нақты айта аламын. Некесіз бала көтеріп, оны алдыртып тастаған әйелге бұл ісі өмірден таяқ жегізбей қоймайды. Өміріндегі сәтсіздігінің себептері осы қателігінен бастау алады”, — дейді психолог.
Құтпанбекованың айтуы бойынша, ер адам бойжеткенді алдап, екіқабат етіп кеткен күннің өзінде әйел баланы өзі үшін туып алуы қажет.
“Алдыма келіп: “Ол мені өте қатты жақсы көретінін айтты, сөзіне сендірді. Шындығына келгенде төрт баласы, жары бар екен. Ал мен екіқабат болып қалдым”, — деп жылайды. Кешірім сұраймын, бірақ ол сонымен төсектес боларда не ойлады? Жастықтың буымен деп айтатындай жас та емес, бұғанасы қатпаған жасөспірім емес. Бала көтеріп қойса, өзі үшін туып алған жөн деп санаймын. Балаға жете алмай жүргендер қаншама!” — дейді ол.
Сұхбат барысында Құтпанбекова ер адамдар жыныстық қатынасқа түсуді 24 сағат бойы ойлайтынын айтты. Сексуалды энергияны қатты қажет ететінін және әйелдер оны беруге міндетті екенін сөз етті. Отбасындағы дау-дамайдың алдын-алып, қаржылық қиындықтардан құтылуға болады, ал сексуалды энергия болмаса, ерте ме, кеш пе, ерлі-зайыптылар бәрібір ажырасады.
«Үйінен қырық қадам аттаған адам бойдақ деген бар. Оның үстіне, ер адам тәулік бойы жыныстық қатынасты ойлайды, себебі оған сексуалды энергия керек. Бұл энергияны әйелінен ала алмаған соң, басқа қыздарға барады. Сексуалды энергия — өмірлік күшіміздің қуаты. Әйел де ол үнемі тасып тұруы үшін жыныстық сауаттылығы болуы қажет», — деп түсіндірді ол.
Статистика бойынша, елімізде әр үш сағат сайын әйел, екі тәулік сайын бала зорланады. Құтпанбекова мұндай арсыз қадамға баратын ер кісілерді хайуанға теңеді.
«Сауатсыздықтың кесірінен ер адамдар қазақтың қаншама қыздарын алып қашып, қыздығын алсам әйелім болады деумен зорлап тастап жатыр. Мақсаты сол болғандықтан, олар қыздығын алудан басқа ешнәрсені ойламайды. Мұндай адамның хайуаннан айырмашылығы жоқ», — дейді Құтпанбекова.
Психолог зорлаған адамның қылмысын ешнәрсе ақтай алмайтынын айта келе, әйел адамдар мен ер кісілерді бір-бірінің болмысын жақсы білуі үшін жыныстық сауаттылықты ашуды міндеттеді.