Ақтөбе облысында тағы да тапа-тал түсте екі адам пышақталды. Абырой болғанда бұл жолы зардап шегушілер дін аман деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
Оқиға 19 тамыз күні қала іргесіндегі Құршасай ауылында тіркелген. Екі бірдей әйел адамға пышақ жарақатын салған күдікті оқиға орнынан қашып кетті.
Қауіпті қылмыскерге полиция іздеу салды. Ал жәбірленушілер облыстық ауруханада жатыр.
«Екі науқастың да қазір жағдайы жақсы. Әзірге дәрігерлердің бақылауында болады»,-дейді хирургия бөлімінің меңгерушісі.
Жарақат алғандардың бірі ауруханаға ауыр жағдайда түскен. Кеуде қуысынан жарақатталған қыз баланың қан тамырлары зақымдалған. Ал 31 жастағы екінші жәбірленушіні толғақ қысып тұрған кезде арқасынан пышақ сұққан.
«Қазір ол келіншек босанды, қызды болды. Айтуынша, ол сол күні таңертең балаларды балабақшаға апарған. Қайтып келгенінде күдікті үйінің қасында отырған. Ол адам танысы екен. Бұрын көршілері болған. Әйел адамның артынан ілесіп, үйіне кірген.
Танитын адам үйге кірген соң шай қойып, дастархан жайған. Шай ішіп болған соң да кетпей, үйінде отырған. Ер адам ауылдан жүретін автобустың уақыттарын сұраған.
Сол жерде келіншек ауырып тұрғанын, босану орталығына баратынын айтыпты. Ер адам үйінен шықпаған. Босануға керек заттарын жинап жүргенде үйде тұрған ас үй пышағын алып жүгірген. Арқасын жарақаттап, әйелдің қолындағы телефонын алып, үйден қашып кеткен», — дейді босану бөлімінің дәрігері Гауһар Төлешқызы.
Толғақ қысып, жарақаттанған келіншек көршілеріне жүгіріп, дәрігер шақырған. Жергілікті полиция қызметкерлері қылмыскерге іздеу жарияланғанын хабарлайды.