Маңғыстаулық Әсем Тәжекеева Сирияға қалай кеткенін және онда қандай қиындықтарға тап болғанын, Шам еліне жасаған қадамын қателік деп біліп, өкінетінін айтты, — деп хабарлайды Qazweek.kz ақпараттық агенттігі mangystaumedia.kz порталына сілтеме жасап.
Өмірінің 2 жарым жылын Сирияда сергелдеңмен өткізген келіншектің өзгелерден айырмашылығы – содырлардың ойыншығына айналмағаны. Құдай айдап, жолдасы мен балалары жанында болған. Алайда, соғыс олардың жанын алмаса да, көңілдеріне өшпес із қалдырды. Айдың, күннің аманында шытырман оқиға арасына тап болған кейіпкеріміз басынан өткенін бүкпесіз айтып берді.
«Ол жерде тамақ болмады. Жейтініміз шөп… Кебек жейміз, табылса. Ол да табылмайды. Ақша бар, бірақ тамақ жоқ», — дейді маңғыстаулық Әсем.
Жолдасымен бірге «Алматы қаласына көшіп барамыз» деп жақындарын алдап, Қазақстаннан із суытқан келіншек ең алдымен өзін кінәлайды. Маңғыстаудан шыққанда Әсем бұндай қиындықтарға тап боламын деп ойламаса керек. Шекара асып, ғажап өмір іздеп барған келіншек Сирияның оларды «оқпен қарсы алғанын» әлі ұмыта алмайды.
Сұм соғыстың зардабын көрген Әсем ол жақтағы өткен күндерін есіне де алғысы жоқ. Жылы баспанасын, бауырмал туыстары мен ыстық мекенін «қызыл майданға» айырбастап кеткеніне сенгісі келмейді. Дегенмен, шындық сол. Өзі қолына қару ұстап ұстап соғыспаса да, оның сол майданда болғанына жолдасы себепші.
Жанары жасқа толып: «Егер ол жаққа бармағанда қазір бұндай болмас еді. Бүйтіп отырмас едік. Қатты өкінемін, үлкен қателік жасадым», — деді Әсем. «Намазымызға, хиджабымызға тыйым салған жоқ. Біз соның қадірін білмей кетіп қалдық».
Ішерге ас болмай кебек пен шөпті азық етіп, жатарға баспана таппай, табылған шүберектен күрке тігіп күн көргеніне өзегі өртенеді. Нендей шара жасаса да, қайтар жолдың амалын таба алмапты.
Ал отбасын Сирияға ертіп апарған Әсемнің жолдасы қақтығыс аймағында жараланып, бір аяғынан айырылған. Арнайы «Жусан» операциясымен Қазақстанға қайтқан ол бұл күнде уақытша тергеу абақтысында отыр.
Әсем барлығын өткеннің еншісіне тастап, жаңа өмірін әлдеқашан бастап кеткен. Алайда, «Жусан» операциясымен «өмірге қайта келген» Қазақстан азаматшасы бүгінгі жарық күнінің өтеуін өлшей алмасы анық.
«Ең әуелі балаларымның тағдырын ойран еттім» деген оның жасағанына бармақ тістеуден басқа қолдан келер қайран жоқ.
«Қазірге дейін балаларым дауыстан қорқады. Балалардың ішіне кіріп, ойнап кете алмайды. Қорқыныш қалып қойған», — дейді 4 баланың анасы.
Қиялындағы жұмақты көзімен көргеннен кейін оның бойын үрей мен қорқыныш жаулаған. Енді Әсем «ондай Ислам елі» жоқ екеніне сенеді.
Қақтығыс аймағына кетіп, балаларынсыз келген аналар мен ата-анасыз оралған балалар жетерлік. Бауыры бүтін, балалары дін аман атажұртқа оралған Әсем әлі де ДАИШ-ке барғысы келіп жүргендерді ондай қадам жасамауға шақырады.
«Балдарыңыз жетім қалмасын десеңіздер, балалардың психологиясын ойлайтын болсаңыздар, өзіңізді, болашағыңызды ойлайтын болсаңыздар бармаңыздар дер едім», — деп қысқа қайырды.
Қабырғасы қайысқан келіншекке бұл күнде балаларымен бейбіт өмір кешіп жатқанының өзі жұбаныш. Елге оралып, жақындарымен қауышқан маңғыстаулық тұрғынның қуанышында шек жоқ.
«Бізде сенім, үміт оянды. Оларға көп-көп рақмет айтам, қарыздармыз. Елбасымызға жаудың арасынан алып шыққанына рақмет, ризамын. Сондай жерден алып шығып, бізге көмектескеніне алғыс ретінде еліміздің дамуына өз үлесімді қоқым келеді», — деді Әсем.
Айта кететін жағдай, Қазақстан Сириядан азаматтарын алып шыққан жалғыз мемлекет. Қазіргі уақытта «Жусандықтармен» арнайы мамандар, яғни психологтар мен теологтар жұмыс жасап жатыр. Олардың жұмысының бағасы оң екенін Әсеммен айтылған әңгіме түйінен байқадық.
2019 жылы 28-31 мамырда Сириядан Қазақстанға 67 әйел, 171 (олардың ішінде 9-ы жетім) бала жеткізілді. Бұл туралы 31 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген еді.
Үстіміздегі жылдың 9 қаңтарында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Жусан-1» арнайы операциясы нәтижесінде Қазақстанның 47 азаматы Сириядан оралғанын айтқан болатын.
Ағымдағы жылдың 7 және 9 мамыр күндері «Жусан-2» операциясы аясында Сириядан Қазақстанның 231 азаматы елге жеткізілген. Олардың 159-ы – бала. Сириядан барлығы 357 қазақстандық бала елге оралған.