Пятница, 8 ноября 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    Доллар көтерілген сайын азық-түлік бағасы да қымбаттауда.

    Жаз айларында Қазақстанда күнделікті тұтынатын тауарлардың, көкөніс пен жеміс-жидектің бағасы қымбаттай түскені байқалды. Жергілікті сарапшы мұны «импортқа тәуелділіктен» көреді деп хабарлайды Qazweek.kz ақпараттық агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

    Алматы қаласындағы мектептердің бірінде мұғалім болып істейтін Толқын Жанғозының айлық жалақысына биыл 20 пайыз үстеме ақша қосылған. Мектепте математика пәніне сабақ беретін мұғалімнің 180 мың теңге жалақысы маусымның 1-інен бастап 36 мың теңгеге көбейген. Бірақ күнделікті тұтынатын тауар бағасы күрт қымбаттаған соң өскен жалақысы оның отбасы бюджетіне оң әсер ете қоймаған.

    — Өткен аптада күнделікті тұтынатын тауарлар үшін 30 мың теңге жұмсадым. Аптасына бір рет сауда жасаймын. Әр барған сайын базардағы бағаның білінбей өсіп бара жатқанын байқайсың. Мысалы, осыдан бір ай бұрын 20 мың теңге алған тауарыма осы жолы 30 мың теңге кетті. Негізі «жалақы өседі» деген сыбыс шыға бастаған кезде базардағы баға да ұша бастайды, — дейді Толқын.

    "Магнум" сауда үйіндегі сарымсақ пен сәбіздің бағасы. Алматы, 6 тамыз 2019 жыл.
    «Магнум» сауда үйіндегі сарымсақ пен сәбіздің бағасы. Алматы, 6 тамыз 2019 жыл.

    «БАҒАНЫ КҮШПЕН ҰСТАП ОТЫР»

    Алматыдағы тұрғындар көп баратын «Магнум» сауда үйі мен «Ауылшаруашылық жәрмеңкесі» ретінде осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған «Түрксіб» базарындағы бағалардың құбылып тұрғаны көрінеді. «Маслозавод №1» деп аталатын бір литр сұйық майдың бағасы 29 теңгеге өскен. Оның бір ай бұрынғы бағасы 400 теңге болатын. Ал «Сұлтан» деп аталатын макарон өнімдерінің 1,6 келісі 555 теңгеден 569 теңгеге дейін қымбаттаған. Бірақ өзге өлшеп сатылатын макарон өнімдері осыдан бір ай бұрынғы 147 теңгелік межесінен аспапты. Шілденің 6-сында «Магнумдағы» бір келі қанттың бағасы 219 теңге болса, осы аптада 209 теңгеге дейін түсіп, 10 теңгеге арзандапты.

    Алматы қаласындағы «Береке», «Диас», «24 сағат бойы», «Еділ» секілді бірнеше азық-түлік дүкендеріне хабарластық. Бірақ барлығы «бағаның өспегенін» айтып, мардымды жауап бермеді. «Әзиз» деп аталатын дүкеннің иесі Жанаттың айтуынша, азық-түлік тауарларының бағасы өндіруші мен тасымалдаушы фирмаларға байланысты.

    — Мысалы, тауықтың еті бұрын 850 теңгеден келетін. Қазір 920-дан келіп жатыр. 20 пайызға қымбаттаған. Керісінше жылда осы уақытта қымбаттап кететін қанттың бағасы түсті. Бірақ күріштің бағасы артты. Негізінде Қазақстанда өндірілетін тауарлардың бағасын күшпен ұстап отыр. Ал Ресейден келетін азық-түліктердің бағасы ерекше қымбат. Қазір Ресейден өндірілетін печенье, конфет секілді нәрселерді алуды да қойдық, — дейді Әзиз дүкенінің иесі.

    Алматыдағы базарлардың бірінде сатып алушы көкөніс алып жатыр. Көрнекі сурет.
    Алматыдағы базарлардың бірінде сатып алушы көкөніс алып жатыр.

    Оның айтуынша, тауарлардың бағасы АҚШ долларының құнымен байланысты. Егер теңгеге шаққандағы доллар құны өссе, тауарлар да қымбаттай бастайды.

    «БАЗАР БОС ҚАЛДЫ»

    Тамыздың 2-сі күні Алматыдағы «Түрксіб» ауылшаруашылық тауарлары базарының ет бөлімінде адам қарасы аз болды, қызу сауда көрінбеді. Сатушыларға арналған сөрелердің көп бөлігі бос тұр. Әр жерде тұрған ет сатушылар төбе көрсете қалған аз-кем адамның алдында өнімдерін жарнамалап-ақ жатыр.

    36 жылдан бері ет сатып келе жатқан Камила есімді сатушы соңғы рет базардың бұлай босап қалғанын 2003 жылы көргенін айтты.

    — Ет бағасы соңғы бір аптада, тіпті соңғы екі күнде адам айтқысыз болып өсіп кетті. Бұрын күніне 50 теңгеден қосылып келетін. Өткен аптада сиыр етін 1750 теңгеден саттық. Одан кейін 1850-ге шықты. Кеше 2100 болған. Бүгін 2150 теңгеден сатып отырмыз. Бағаның күнделікті өзгеруіне байланысты тақтадағы бағаларды да алып тастады. Шынымды айтсам, қазір сататын ет жоқ. Көріп тұрсыз ғой, базар бос қалды, — дейді ол.

    Түрксіб базарының ет сатуға арналған бөлімі. Алматы қаласы, 5 тамыз, 2019 жыл.
    Түрксіб базарының ет сатуға арналған бөлімі. Алматы қаласы, 5 тамыз, 2019 жыл.

    Апта бойы ашық Түрксіб базары әуел баста ауылшаруашылық тауарларын арзан бағамен сату үшін ашылған. Бірақ бұл айырмашылығы қазір ұмытылған. Базарда қой етінің бір келісі орташа есеппен 1750 теңгеден, жылқы еті 2200 теңгеден сатылып жатыр. Ал тауық сирағының әр келісі 900 теңгеден болса, бітеу күйінде 1400 теңге. Биыл картоптың бағасы келісіне 130, сарымсақтыкі 150, қызанақтыкі 200, ал қиярдыкі 150 теңгеге шыққан.

    Қазақстандықтар көп тұтынатын тауық етінің әр жерде әртүрлі бағамен сатылатынын аңғаруға болады. Мәселен, «Магнум» сауда үйінде тауық сирақтарының келісі 880 теңгеден болса, кейбір дүкендерде 1120 теңгеге дейін шыққан.

    қатысты посттар

    Қазақстанда фудкорттар ашылады

    Фариза

    Жаңақорған аудандық ауруханаға көмек көрсетілді

    Фариза

    Қызылорда қаласында спорт мектептеріне балалар ақысыз қабылданады

    Фариза

    Пікір қалдыру

    1 × five =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.