-5.1 C
Алматы
Вторник, 24 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Аймақтар

    Жамбыл облысының әкімі Жуалы жұртымен кездесті

    Жуалыда жүйелі тірлік көп. Ауласындағы азын-аулақ шаруашылығынан түскен табыспен-ақ, отбасын асырап отырған ауылдықтар аз емес. Осындай еңбеккеш жандардың бірсыпырасының тиянақты тірлігін өңір басшысы Асқар Мырзахметов барып көрді. Олардың кәсібін дамытсам деген өтініш-тілектеріне билік тарапынан қолдау болатынын жан-жақты түсіндіріп берді. Сөйтіп, ауыл-аймақтың ажарын ашып, жалпақ жұртты байытатын бастаманы түсіндіру мақсатында аудандарды аралап жүрген аймақ басшысы бастаған топ жұмыс сапарын Жуалыда түйіндеді. Ауласында үй құстарының түр-түрі бар мына отбасының тірлігіне тамсанбай қоймайсың. Тауықтарынан тәулігіне 200-ден астам жұмыртқа жинайтын Айнагүл Ахмадбекова сонымен қатар, құс еті бағытында тауық асырайды. Жолдасымен бірге осы кәсіпке ден қойғанына үш жыл болыпты. Түсетін табыс та жаман емес. Айына бес тонна құс етін өндіріп отыр. Әр тауық кемінде 3 келі ет береді екен. Дидарбек ата да «зейнеттемін» деп қол қусырып қарап отырмай, үй маңындағы он бес сотық жерін жайнатып, жаннат-баққа айналдырған. Алма талдан түсетін өнім көл-көсір. Бұған қоса қолдан жасалған бұғазда балық асырап, оны аулап, бір минутты да бос өткізбеймін, дейді. Жазғы демалысқа келген немерелерінің ермегі де осы. Ал, ауыл тұрғыны Азат Мұнзатов жылыжайда қияр өсірудің қыр-сырын әбден меңгерген. Алғашқы жылдары түсімнің аз болғанына қарамастан, ісін жетілдіріп, бүгінде мол өнімге қол жеткізіп отырғанын айтып мақтанады. Айына 600 келіге дейін қияр жинайды. Үй жанындағы 25 сотық жерінің екі сотығына құлпныай өсіруді қолға алған Гүлсім Мұсабекованың да шаруасы ширақ. Екі маусымда төрт жүз мың теңге табады. Тіршілік көзі ретінде мұндай қосалқы шаруашылықты дамытуға әр тұрғынның мүмкіндігі бар. Бірақ, сан сылтауды желеу етіп, еңбек етуден жалтаратындар аз емес. Бұл ретте ауыл әкімдері ауылдың даму мүмкіншілігін егжей-тегжейлі зерделеуі керек, ұжымдастырудың тиімділігі халыққа жете түсіндірілуі тиіс, деді Асқар Мырзахметов Жуалылық жұртшылықпен кездесуде. Сбебі, ел экономикасын көтеру — ең алдымен ауылдар мен елді-мекендердің жағдайын жақсартудан басталады. «Қарапайым заттар экономикасы» бұл — ауыл халқының белсенділігін арттырып, үй жанындағы қосалқы шаруашылықты жүргізу, ауылшаруашылығы кооперативтерінің жұмысын үйлестіре отырып, ауыл жұртының әл-ауқатын арттыруды көздейді. Аймақ басшысы ауылдықтармен кездесуде халыққа осыны барынша жеткізіп, ең алдымен, аудан ауыл әкімдерінің және ауыл халқының түсінігін қалыптастыруға тырысты. Асқар Мырзахметов жиынның қорытындысында тиісті басқарма мен аудан жəне ауыл əкімдеріне тапсырма жүктеді. Ол енді аз уақыт ішінде шешімін тауып, тиісті шаралар қолданылуы керек.

    қатысты посттар

    Айбек араға апта салып бозкілемге қайта шығады

    Қызылорда қаласында көпқабатты тұрғын үйлер қайта жаңғыртудан өтті

    Фариза

    Түркістан мен Шымкент арасында меморандумға қол қойылды

    Фариза

    Пікір қалдыру

    five × two =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.