6 C
Алматы
Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Жаңалықтар

    “Өлтіре сала ма деп ұйықтамайтынмын…” – 18 жасында жетім қалған әйел жан-сырын ақтарды

    Жанымды өртейтін бір мәселемен бөліссем деп едім, ақыл-кеңестеріңізді қоса отырсаңыздар. Өмір бойы ешкімнен ақыл сұрамап едім, мына мәселе мені күйретіп тұр.

    Қәзір қырықтың үстіне шықтым. Осыдан 22 жыл бұрын анам мен әкем бірінен соң бірі жүрек дертінен о дүниелік болды. Мектеп бітірген тұста, 18 жасымда жетім қалдым. Үйдің кішісі едім. Екі әпкем өз өмірлерін сүріп, бақыттарын тауып, басқа қалаға тұрмысқа шығып кетті. Жалғыз ағам мен жеңгемнің қолында мен қалдым. Медицина саласына түсіп едім, оқитын жағдайым болмаған соң тастап, жұмысқа шықтым.

    Ағамның екі баласы болды. Бір ұл, бір қыз. Ұлы өмірге келген бойы еді. Араларында кикілжің туып, жеңгем жүргіш болып кетті. Ағам күні-түні жұмыста, жеңгем үйден көрінбейтін. Жұмысты қойып балаларды қарауға кірісіп кеттім. Қыз естиярлау, ұл болса тым шақалақ. Соны бауырыма басып, бағып-қағып жүрдім. Жеңгем емізбейтін. Үйдегі сиырды сауып, үйтіп-бүйтіп бір жасқа жеткіздім. Сол кезде жеңгем өзге еркекке тием деп, ағамнан ажырасып қызды алып бөлек кетті. Ұлына бұрылып та қарамады. Сотта балаларды тең бөлісейік деп өзі ұсыныс тастады. Сөйтіп ағам екеуміз ұлды құшақтап қалдық. Ағам жұмысынан айрылып, ішкілікке салынып кетті. Үйдегі бардың бәрін сатып, арақ қылатын. Өзім жаспын, өзім үшін, кіп-кішкентай бала үшін қорқатынмын. Ішіп келіп, көзі көрмей, өлтіре сала ма деп ұйықтамайтынмын.

    Бірде шыдамым таусылып, қалаға кетіп қалдым баланы алып. Бір орыс әжейдің жазғы үйін паналап, баланы балабақшаға беріп, өзім еден жуушы болып бір үлкен мекемеге жұмысқа тұрдым. Заман да қиындау еді. Сол жерде жүріп жұмыста хатшы болдым, одан кейін университетке түсіп, сол жүйені толық меңгеріп алдым. Міне, дәл сол алғырлығым мен пысықтығымның арқасында бүгініме жеттім. Ұлым мені мама дейді. Мектепті бітіртіп, ЖОО-орнына түсіріп, дипломын алып, астына машина да әпердім. Өзім істейтін мекемеге жұмысқа тұрғыздым. Осы ұлды жеткіземін деп жүріп, өз бақытымнан да кезінде бас тарттым. Жігіттердің ұсынысын елемедім.

    Былтыр ұлымды үйлендіріп, келін алдым. Бұл өмірдегі бар қызығым мен байлығым осы ұлым мен келінім, немерем. Бұларсыз өмірді елестете алмаймын. Ендігі мәселе: үш жыл бұрын ағам мен жеңгем табысып, қайта қосылыпты. Оны жақында білдім. Келінімнің төркіні, әке-шешесімен керім құда-құдағи болып араласып келдік. Оларға да туған шешесі емес екенімді айтпап едім. Келінім де білмейтін оны. Ағам мен жеңгем ұлдың үйленгенін естіп, құдаларды тауып, барып бар-жәйді жайып салыпты. Мен жайлы не айтқанын білмеймін, бірақ, құдам мен құдағайымның маған деген көзқарасы өзгерген. Мерекелер мен той-думандарда дос-құрбыдай күшті араласатынбыз, қәзір хабар-ошарсыз қалды. Өзім хабарласып, ылғи қонаққа шақырамын. Келмейді.

    Құдағайым “қызымыздың туған ата-енесі бар екен, қандай болса да күйеу баламыздың әке-шешесі солар, біз солармен туыс боламыз деп шештік” деп бұрқан-талқан жанымды одан сайын сөндіргендей болды. Ұлыма айтсам, менің мамам сенсің, сенен ешқайда кетпеймін, құдаларың не қылса, о қылсын деп отыр. Өзі барып та айтты ата-енесіне расымен жағдай қалай болғанын. “Оларды ата-анам ретінде мойындамаймын, олар маған ешкім емес, оларды көргім келмейді тіпті. Сіз түгілі мен араласпаймын” деп нүктесін қойып келді. Құдаларымды тура бір дуалап алғандай, түкті түсінер емеспін. Мен сонда не істеуім керек? Ұлым келіншегін үзілді-кесілді үйімен араластырмай қойды. Келініме обал. Екі жақ дұрыс араласпағасын қабағына кірбің түсетін сияқты. Төркінінен кәдімгідей алыстап барады. Анасына жылап та айтты, ұрсып та айтты, бұны тыңдар құлақ жоқ. Есім кетіп, осыдарды уайымдап өлетін болдым.

    Кезінде ешқайсысы керексінбеді осы баланы, енді үйлі-күйлі, жағдайы күшті, бағылған-қағылған, оқылған-тоқылған баланың жекжатымен араласып, өздеріне иілдіргісі келеді. Ағама звондасам, боқ сөздің астына алып, бала менікі, қайтар өзіме деп дымымды қоймады. Жеңгем түсінер деп оған айтсам, өзіңе туып ал ұлды сосын асыра, біреудің ұлында нең бар деп бүкіл жүйкемді тоздырып жіберді.

    Енді не істеуге болады бұл жағдайда? Ол шақалақ бала емес, әрі-бері тартатын. Дардай адам ғой ақылы мен есі қалыптасқан. Қылықтарымен, істерімен, пиғыл-ниеттерімен ұлды жолынан тайдырып жібермесе екен деймін. Жұмысына да бара беріп мазасын алатын көрінеді. Келініме өздерінше сыйлық жіберіпті кешегі 8 наурызға. Ұсақ-түйек носки, колготки салыпты. Оқытылған ба, дуа салынған ба, құдай біледі, өртеп жібердік. Ұл мен келінді қайтар, туған баламыздың рақатын өзіміз көрейік енді деп беттері былш етпей, алдыма күнде келеді. Осындай арсыз адамдардан қалай құтылсам болады?

    Дереккөз: Alashainasy.kz

    қатысты посттар

    ІІМ қазақстандықтардың паспорттарынан табылған чипке байланысты түсініктеме берді

    Фариза

    “Аңқау елге арамза молда”: Дүйсембинов жас министрге шүйлікті

    Фариза

    Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалық белсенді азаматтарға «Халық алғысы» медалін табыстады

    Фариза

    Пікір қалдыру

    five + nineteen =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.