Елімізге белгілі әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында соңғы уақытта елдегі болып жатқан оқиғаларға қатысты өз ойын білдірді, деп жазады Qazweek.kz ақпарат агенттігі.
“Халық биліксіз болмайтыны сияқты, билік те халықсыз болмайды. Біреуі оң қол, біреуі сол қол сияқты тұтас ұғым. Көзқарасыңды алаңға шығу арқылы білдірудің түбі жақсы емес, бір қолыңды кесіп тастаумен тең. Халық пен билік арасына іріткі салып, «Аққу, шортан, һәм шаян» сияқты болуымызды қалап отырғандар жоқ екеніне кім кепіл? Бәріміздің қалайтынымыз – тыныштық, бейбіт өмір. Ешқайсысымыз баламыздың қақтығысқа, арандашулыққа толы қоғамда өмір сүргенін қаламаймыз. Мәселені көтеріліс, төбелес, күш қолдану арқылы шешу заманы әлдеқайда артта қалған, дәл қазіргі қоғам – бәрін оқу-білім, бейбіт келісім арқылы шешетін заман деп ойлаймын.
Бір жапырақ та Алланың қалауынсыз үзілмейтін болса, мемлекет басшысы да Алланың қалауынсыз тағайындалмайтыны сөзсіз. Көтеріліс арқылы мәселе шешілгенін көрген емеспін, олай болса не қаласақ та Алладан сұрайық, Алладан тілейік. Ең бастысы, біздің қоғам үшін, еліміз, жеріміз үшін не қайырлы – сол болсын!
Әлемнің түкпір-түкпірінде халқы аштан өліп, балалары екі ортада қару тасып өсіп келе жатқан елдер де бар! Мүдделер қақтығысында зардап шегетін кім? Балалар. Дәл өзіміз «Баламыз үшін» деп өмір сүретін халықпыз. Ұрпағымыздың болашағын ойласақ – сабырға келе білейік”, – деп жазады әнші.