9 маусымда белгілі қазақстандық археолог Зейнолла Самашев облыс әкімі Д. Ахметовты Ұлан ауданы Бестерек ауылынан солтүстікке қарай 3 шақырым жерде орналасқан Ақбауыр тауындағы археологиялық ескерткіштерден табылған кезекті сенсациялық жаңалықпен таныстырды.
Бұл жерде жартас суреттері мен петроглифтері бар алаптарымен атақты Ақбауыр шатқалының бірегей табиғи ландшафтары аясында Зейнолла Самашев соңғы қола дәуіріндегі және ерте темір дәуіріндегі қоныс қалдықтарын тапты. Соңғы факт ерекше қызығушылық тудырады, өйткені Қазақстан аумағындағы сақтардың отырықшы қоныстары өте аз зерттелген, ал елдің шығысында бұл алғаш рет ашылып отыр. Бұл жағдай ежелгі сақ халықтарының экономикасы мен қоғамдық құрылымын жаңаша зерделеу тәсілдерін ашады, өйткені Дала кеңістігінің ертедегі көшпенділерінің тек көшпенді салт-ғұрпы жайындағы пікір әрдайым басым болатын. Атауы Ақбауыр-1 аталған елді мекеніндегі көп мөлшерде дәнүккіштердің, ою-өрнексіз керамикалардың, қайрақ тастардың, жылқы, қой, ешкі сүйектерінің көп мөлшерде табылуы осы ескерткішті қалдырған адамдар шаруашылығының кешенді сипатын айқын дәлелдейді. Жұмыс жетекшісі, профессор Зейнолла Самашев атқандай, бұл ескерткіштің шамамен уақыты б.з.д. XI — IX ғғ.
З.С. Самашевтың тұжырымдарымен Ресей Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы мемлекеттік институтының археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері (Санкт-Петербург қ.) Николай Анатольевич Боковенко келіседі. Ол Ақбауыр-1 елді мекенінде өте маңызды ғылыми жаңалық жасалғанын атап өтті. Шығыс Қазақстан аумағында алғаш рет ерте сақ қонысы ашылды, бұны қазба жұмыстары кезінде табылған көптеген артефактілер растайды. Әсіресе, ерте сақтардың көшпенді шаруашылығын көрсететін қайрақты тастарды атап өткен жөн. Қола және ерте темір дәуірінің қабаттарын бөлу үшін керамика сипаттамаларын мұқият қарау керек. Бұл З. Самашев ұсынған кезеңді тағы бір растайды — б.з.д. XI-IX ғғ.
Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан аумағында бірнеше жыл ғана жұмыс істеп келе жатқан Н. А. Боковенко экспедицияның тамаша ұйымдастырылғанын, әлемдік археологиядағы бірегей жаңалықтар ашатын әртүрлі археологиялық ескерткіштерді зерттеуге ғылыми көзқарасты жоғары атап өтті.
Барлық жұмыстар облыс әкімі жетекшілік ететін облыстық археологиялық зерттеулер бағдарламасы аясында өтуде.
Табылған заттар аймақтың ерте дәуір сақтары отырықшы өмір салтын жүргізгенін, оларда егіншілік, мал шаруашылығы, металлургия, қолөнер өндірісі қатар дамығанын білдіреді. С. Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттері мен оқытушыларының белсенді қатысуымен мыңнан астам керамика сынықтарының фрагменттері мен басқа да материалдар камералдық жағдайда өңделеді. Барлық артефактілер облыстық этнографиялық мұражай қорына беріледі, бірақ университет студенттері Қазақстанның ежелгі тарихының шешілмеген көптеген сұрақтарына жауап табатын осы көрнекті артефактілерді алдын ала өңдеуге, зерделеуге үйренетін болады.
Ғалымдардың пікірінше өте перспективалы болғандықтан, ескерткішті қазу жұмыстары келесі жылы жалғасады. Ғылым алдында осы шағын аудан аумағында орналасқан ескерткіштердің әр түрлі түрлерінің мәні мен мағынасын анықтау, типология, классификация, оның ішінде оларды синхрондау міндеттері тұр. Өткен жылдардағыдай аймақ ескерткіштерін зерттеу халықаралық сипатқа ие, оған Ресей Федерациясы, Түркия, Әзірбайжан археологтары қатысады. Ал, мұнда М. Кариевтің жетекшілігімен жұмыстар атқарып жатқан ШҚМУ студенттері жақсы ғылыми тәжірибе алатындары сөзсіз, болашақта олардың арасынан өлке және жалпы ел тарихының зерттеушілері шығуы әбден мүмкін.