-13.1 C
Алматы
Понедельник, 23 декабря 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Билік және саясат

    Халық билікке сөзін өткізе алмайтын болса, Қосановты қолдаудың бүгінгі дүрмегінен не пайда? — Ермұрат Бапи

    «Дат» газеттер жобасының жетекшісі, ЖСДП «Ақиқат» партиясының төрағасы Ермұрат Бапи президент сайлауына қатысып жатқан оппозициялық саясаткер Әміржан Қосановқа қатысты өзінің «Facebook» парақшасында мәлімдеме жасады. 

    Ермұрат Бапи: МЕН ҚОСАНОВТЫ ҚАЛАЙ ҚОЛДАЙМЫН (сұрау белгісін қажет етпейтін басты тақырып)

    Сайлаудың соңында қарайған халыққа не қалады:

    1. Қосановтың жеңісі ме?

    2. Тоқаевтың президенттік лигитимдігі ме?

    3. Қосановты қолдаған дауысы тырдай тоналған халықтың ашық алаңға — Майданға шығуы ма?

    «Әміржанды неге қолдамай жатырсыз?» деп, желідегі жұртшылықтың тақақтаған талабына орай жоғарыдағы үш сұрақ-нұсқа төңірегіндегі ойымды айтайын. (Бұл — Әміржанның жақтастары мен фейктері жамырап жатқандай, «қызғаныштан» емес, қалыптасқан жағдайды саяси тұрғыда сараптаудан туған және күнібұрын жазылған пікір еді: жария етудің кезі келді деп ойлаймын).

    Назарбаевтың көзі тірісінде, бірінші нұсқаның орындалуы мүмкін емес. Ол өзінің сіресіп отырған орнын, 30 жыл бойы «жиған-тергенін» көлденең көк аттыға ұстатып қоя бермейді. Бұл нұсқа жүзеге асуы үшін, сайлау туралы заңдылықтардан бастап, «экстремизм жасады» деп, кеше ғана қылмысқа тартылған үш әйелге қатысты биліктік теріс көзқарас түбірімен өзгеруі тиіс.

    Ал егер бірінші нұсқа орындалмайтын болса, бірақ аңғал халық қоғадай жапырылып, болашақ «өзгерістердің кепілі» — Қосанов үшін сайлау учаскелеріне дауыс беруге келетін болса, 50-60 пайыз «явка» жүзеге асады деген сөз. Бірақ біздің сайлаулардың тағдырын сайлаушының дауысы емес, «избиркомның» протоколы шешеді. Кімге қанша дауыс жазу квотасын ЦИК анықтайды, ал «разнарядканы» тек қана Н.Назарбаев береді. Өзгеріс тілеген халық бірінші кезекте осындай пахандық сайлау тәртібін қалыптастырған тұтас саяси жүйені тас-талқан етуі тиіс.

    Яғни, дауыс «бөлудің» назарбаевтық квоталық жағдайында, өзгеріс тілеген халықтың есіл ерік-жігері мен адал ниетін арампиғыл билік өз мүдделеріне пайдаланып кетері сөзсіз. Демек, нақты жағдайда оппозициялық кандидаттың «бейкүнә» көмегімен «Тоқаевтың легитимдігі» қамтамасыз етіледі.

    Ал ақыр аяғы, үшінші нұсқа бойынша, мысы құрыған халық /тобыр — толпа/ өздерінің тоналған дауысын кері қайтаруды, дауыс беру қорытындысын қайтадан және ашық санауды талап етіп, алаңға — Майданға шыға ала ма? Кемінде 10 мың адам 10 күн бойы Ақорданы қоршап алып, ұрандып тұруға ерік-жігері жете ме?

    Міне, бұл президенттік сайлауда Қосановты қостаудың мен үшін негізгі қағидасы осы — үшінші нұсқа деп білемін. Бұл — теңселісті (потрясение) тілеу, төңкеріске шақыру емес. Бұл — менің Қосановты қолдаудағы басты және нақты қалыптасқан жағдайда басқа балама нұсқасы жоқ ұстанымым. Егер бүгінде тәуелсіз үміткерді «Қолдаймыз!» деп, «Ұлы даланы» дүр сілкіндіріп, тіпті қолдаушылар мен қарсыластар бір-бірінің жеке басына дейін жер-жебіріне жетіп жатқан халық / тобыр/ өздерінің азаматтық таңдауын қорғай алмайтын болса; Қосановтың сайлаудағы жеңісін қолдан берген, Тоқаевтың таққа мінгізген бұл дүрмектің дүниелік құны бар ма? Бүгінгі алашапқын қолдаудың соңғы нәтижесі жалғандық пен өтірікке көну болса, «көп қорқытады» деген халықтық құдіреттің қайда қалғаны? (Бұл сайлауда «қоғам ысылады», «трибунаны пайдаланып қалайық», «келесі сайлауға тәжірибе жинайық», «қарсылық танытамыз», «адам екенімізді білдіреміз», т.б. уәждердің қажеті жоқ. Біздің қазақ ешқандай сайлаусыз-ақ әдбен ысылған, өзгерістерге деген аңсары асқынып тұрған, жаңа билік пен жасампаз жаңалықтарға әлдеқашан лайық болған халық!).

    Міне, мен Әміржанның үкілі үміткерлігін осы — үшінші нұсқа үшін қолдаймын! Басқа дабыраның бәрі бекер! Себебі, бірінші нұсқа — бос қиял. Халық ол қиялды тас-талқан етіп, аңызды шындыққа айналдыра алмайтынына көз жеткен.

    Екіншісі — Нұр-сұлтанаттың монархиясын нотариальдандыратын жол. Далбалақтап жүріп, ақырында сымбылсыз қалатын халыққа қалатыны — үшінші нұсқа.

    Ал алаңға атойлап шыққан халықтың алдында «ұтылған» үміткердің өзі жүре ала ма деген сұрақ — Әміржанның өзіне байланысты және саясаткердің сын сағатын айқындайтын мәселе… Соңғы үш-төрт күнде менің бір байқағаным: елдегі өзгеріске жаны әбден құштар болған халық үміткердің атымен, Қосановтың бұдан арғы қатысуынсыз-ақ дүниені төңкеріп тастауға дайын сияқты. Бұл сұрапыл жағдай — билікке үлкен сигнал. Оған Ақорда мен «президенттік кітапхана» қандай қам жасайды — бұл да үлкен сұрақ: шамасы, шоқпар мен мылтыққа жүгінбеу үшін, Қосановқа «қой» дейтін болар немесе оны сайлаудан алып тастаудың амалын жанталаса іздеп жатқан болар… Яғни, биліктің жанұшырған сценариі бойынша, мысал үшін, 31-мамыр — саяси қуғын-сүргін күнгі митингілерді күшпен тарату және кезекті қамауларға наразылық белгісі ретінде, Әміржан өзінің кандидатурасын сайлаудан алып тастауы тиіс. Бұл — бетпақ билік пен қайтпас қоғамның теке-тіресін «бейбіт жолға» бұрудың бір амалы. Бірақ бұдан азаматтық қоғам биліктің дегеніне көнді деген қорытынды шығады.

    Ситуация керісінше болу үшін, билік Қосановтың екінші орынын (кемінде 20-25 пайыз) мойындауы тиіс. Бірақ бұған сайлаудың қожайыны — Н.Назарбаев көне ме? Ол шоқпар мен мылтықты таңдай ма, жоқ әлде Қосановтың үміткерлігін жалау етіп, өзгеріс үшін өзеуреп, алаңға шыққан халықтың қалауын тыңдай ма? Міне, ең соңында осындай сұрақтардың шешіміне Қосановтың кандидатурасы катализатор болады, бұл сайлаудың өзінен де әлдеқайда маңызды тренд деп санаймын. Қосановтың өтпейтіні (өткізбейтіні) анық, бірақ халықтың сөзі өте ме? Халық билікке сөзін өткізе алмайтын болса, Қосановты қолдаудың бүгінгі дүрмегінен не пайда?

    қатысты посттар

    Қытай елшісі: Митингті Тоқаевтың Қытайға сапары қарсаңында әдейі ұйымдастырып отыр

    Фариза

    «Бойкот», «Масқара» Алматыда полиция бірнеше адамды ұстап алып кетті (видео)

    «Алдымызда аға бола білдің сен, Саған лайық іні болу бір арман» Болат Назарбаев ағасына арнап ән шығарды (видео)

    Фариза

    Пікір қалдыру

    5 × 3 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.