Ағымдағы жылдың басында өзінің отбасына қатысты біршама жазбалар жариялап, желіні шулатқан Айсұлтан Назарбаев бірер күн бұрын өзінің кезекті постын Facebook желісінде жариялап, тағы бір «интрига» туғызды, деп жазады Qazweek.kz ақпарат агенттігі.
Айсұлтан Назарбаев (Рахат) әлеуметтік желіде өзінің анасымен және ағасымен кездескені жайлы айтып, олардың Айсұлтанмен өзара келісу мақсатында келгенін айтты. Сондай-ақ өткен аптада Youtube желісіндегі «Бәсе» атты каналда Айсұлтанның анасы Дариға Назарбаева мен Әлнұр Мұсаев екеуі Лондон қаласына сапар жасағаны жайлы видео жарияланған болатын. Аталмыш видеода, Дариға Назарбаева Айсұлтамен бір келісім жасау үшін барғаны айтылған. Ал Әлнұр Мұсаев Айсұлтанның барлық қарыздары мен шығындарын өтегенін, алдағы уақытта оны қаржылай қамтамасыз етіп отыратындығы да сөз болды.
Бұл ақпарат ресми расталмады және еліміздегі ешбір Бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрмеген болатын. Алайда, бірер күн бұрын бұл ақпаратты растағандай, Айсұлтанның өзі желіде жазба қалдырды:
«Маған анам мен ағам келді. Мен де олармен кездесуге келістім. Бірақ, олармен ақша немесе байлық үшін кездескенім жоқ. Мен жаным ашығандықтан бардым.
29 жасқа дейін қанша рет қателестім, басымнан түрлі қиын жағдайлар өтті, бірнеше рет келеңсіз оқиғаларға да тап болдым. Бұл – маған Алланың берген өмір жолы!
Мен тасжүрек немесе тым санасы төмен адам ретінде көрінгім келмейді, сол себепті де жанашырлық таныттым.
Мен халықты төңкеріске шақырмаймын, себебі кез келген толқудың соңы өліммен аяқталады. Ал мен үшін әрбір адамның өмірі қымбат, сондықтан да халыққа олай үндеу тастағым келмейді.
Ал мен өзімнің отбасымдағы мәселенің де, тіпті, елдегі мәселенің де оң шешімін таба алатыныма сенімдімін. Алайда, бұл мен үндемей отырамын деген сөз емес, мен шындық үшін сооңына дейін күресетін боламын.
Сонымен қатар, мен көріпкел емеспін, болашақты болжай алмаймын. Бірақ кез келген қиындықтан өтенініме сенемін!» — деп жазады Айсұлтан.
https://www.facebook.com/100001394942617/posts/2837276009662203/?d=n
Байқағанымыздай, Айсұлтан анасы Дариғамен және ағасы Әлнұрмен кездесіп, өзара бір шешімге келген сияқты.
Алғашында көпшіліктен көмек сұрап, отбасы жайлы түрлі былықтардың бетін ашқан Айсұлтан біршама уақыт өткеннен кейін халыққа үндеу тастап, митингіге шығуға үгіттеген болатын. Ал бүгін де ол мүлдем басқаша сөйлеп отырғандай…
Мұның астарында не жатыр?
Әлде жеке басының қайғысына дүйім жұртты араластырып өз мәселесін шешіп алу ма мақсаты?
Халыққа «жаны ашыған» Айсұлтанның сөздерінің бағасы қанша? Нәтижесінде, бәрі ақшаға тірелді ме?
Айсұлтан Назарбаевтың отбасы – әлем танитын, білетін Назарбаевтар отбасы. Өзінің бір ғана іс-әрекетімен өз отбасының былығын әшкерелеп, оған күйе жақты да, бүкіл әлемге жаман жағынан танытты. Бір ғана отбасының мәселесі бүкіл текті қазақ халқының беделіне нұқсан келтірді.
Назерке Лабихан