Самар ауылындағы Мәдениет үйінің алдында ақын атындағы алаң қолданысқа берілді. Бұрын бұл жер көлік тұрағы болған. Аталмыш алаңға Абайдың ескерткіші көрік беріп тұр. Орталық алаңда биші субұрқақ іске қосылып, маңайында гүлдердің жұпар иісі аңқып тұр.
Ескерткіш тастан жасалған. Оны мүсінші, ҚР суретшілер одағының мүшесі, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы өнер мектебінің мұғалімі Әлібек Шоқанов жасаған.
Жергілікті тұрғындардың пікірінше, ақынның өлеңдерінде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі жақсы суреттелген. Бүгінде Абай Құнанбаевтың еңбектері оқырмандар арасында жоғары бағаланады.
-Бүгін біздің ауылымызда тарихи күн. Ауылдың тұрғындары орталық алаңдағы жаңа ескерткішінің бой көтергеніне шын жүректен қуанып жүр. Біз әрқашан Абайдың нақыл сөздерін өмірлік ұстаным ретінде қолданамыз, — деді «Нұр» шаруа қожалығының басшысы Замамбек Нұрпеисов.
Көкпекті ауданының әкімі Асхат Смаиловтың айтуынша, бұл орталыққа Абай ескерткішін орнату туралы ұсынысты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов айтыпты. Бұдан соң аудан басшысы ақсақалдар алқасымен кеңесе отырып, Самар ауылының орталық алаңына Абай ескерткішін салу жұмыстарын бастапты.
Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Келесі жылы бұл алаңды үш есе әдемі етіп, көркейтетін боламыз. Өйткені барлық елді мекенде тұрғындардың демалуы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс, — деді Асхат Смаилов.
Сондай-ақ бұл күні жастар арасында «Абай оқулары» облыстық байқауы өтті. Ал алаңда Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары ән мен күйден шашу шашты.