Түркістан облысының Келес ауданы тұрғыны өгей анасы мен оның шешесін аяусыз ұрып-соқты
Жантүршігерлік оқиға 14 тамызда түнгі 23:00-дің шамасында болған. Ер адам үйдің терезесін сындырып кіріп, өгей анасы мен оның шешесін соққының астына алады, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпараттық агенттігі Sputnik Қазақстан порталына сілтеме жасап.
«Қос кейуана ұйқыға жатайын деп отырғанда өгей баласы келген. Ол — екінші некедегі жұбайының ұлы. Терезені сындырып, үйге кіріпті. «Үйді маған бермедіңдер» деп, өгей анасы оның шешесін ағашпен ұрып- соғып, дене жарақатын салған», — деп мәлімет берді Келес ауданы әкімдігінің қызметкерлері.
Видеоны түсірген келіншек оқиғаның мән-жайын айтып берді. Ол — соққыға жығылған әйелдің қызы, бірақ есімін көрсетпеуді сұрады.
«Бұл оқиға Ақтөбе ауылдық округінің Құйған елді мекенінде болған. Біз Келес ауданына қараймыз. 91-дегі кісі – менің үлкен әжем, екіншісі – анам. Жасы 61-де. Анам осыдан 14 жыл бұрын бір кісіге тұрмысқа шыққан. Әжем екеуін соққыға жықққан сол кісінің екінші баласы. 57-ге келді. Түнде келіп, ұйықтайын деп жатқанда екеуін ағаш таяқпен ұрған. Себебін білмеймін. Екеуінің ми шайқалып кетті. Таңғы сағат 5:00-ке қарай анам есін жиып, маған қоңырау шалған», — дейді келіншек.
Ресми дерек бойынша, зардап шеккендер ауруханаға түскеннен кейін полицияға арыз берген. Қазір Қылмыстық кодекстің 149-бабы 2-бөлімі «Тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу» және 107-бабы «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бірінші бап бойынша айыпты 2 мың АЕК-ке (5 миллион 50 мың теңге) дейiн айыппұл төлеуі, я болмаса сол мөлшерде түзету жұмыстарына немесе алты жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы, не болмаса екі жылға дейін бас бостандығы шектелуі немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бабы бойынша 1 мың АЕК (2 миллион 525 мың теңге) дейін айыппұл салынады, я болмаса сол мөлшерде түзету жұмыстарына немесе алты жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады, не болмаса екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығы шектелуі немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қазір басбұзарды іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.