Есепті мерзімде жұмыссыздық бойынша бірқатар түйткілдің түйіні тарқатылды. Айталық, «Еңбек» бағдарламасы аясында 1 008 кәсіпкерге 4,1 миллиард теңгеге шағын несие берілсе, 3 797 адам 2,2 миллиард теңгеге қайтарымсыз грант алды.
«Жұмыспен қамтудың Жол картасы» шеңберінде де кәсіпкерлік бастамаларды іске асыруға 1,9 миллиард теңге шағын несие қаралды.
«Бизнестің Жол картасы-2025» бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің несиесін ішінара кепілдендіруге 2,2 миллиард теңге қаражат бөлініп, жалпы кепілдік сомасы 6,7 миллиард теңгені құрайтын 1 003 жоба кепілдендірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,3 есеге артық орындалып отыр. Пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға да 5,2 миллиард теңге беріліп, жалпы 14,6 миллиард теңгеге 1 099 жоба несиелендіріліп, 3,9 есеге ұлғайды.
Ал «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» тетігі бойынша 15 кәсіпкерге инфрақұрылым жүргізуге 2,7 миллиард теңге бөлінді.
Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 16 423 жұмыс орны сақталып, 5 724 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан басқа, ШОБ субъектілері саны 71,5 мыңға жетіп,14,5 пайызға өсті. Онда 123,5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, көлемі 18,7 пайызға артып, 246,3 миллиард теңгені құрады.
Сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығын дамыту. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жолға қойылды.
Жыл ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік өнімдерінің импортын алмастыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар саланы дамытуға 19,4 миллиард теңге субсидия қаралып, 13,7 миллиард теңгесі игерілді. Мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде өнім көлемі 309,1 миллиард теңгені құрап, 100,2 пайызға жетіп отыр. Ал алға қойылған жоспар – өнім көлемін 414 миллиард теңгеге жеткізіп, ауыл шаруашылығына 31 миллиард теңгеге инвестиция тарту. Осының негізінде 2025 жылға дейін 350,4 миллиард теңгені құрайтын 50 инвестициялық жоба іске асырылып, 3,6 мың жұмыс орны құрылады. Мәселен, биылға 19,2 миллиард теңгеге 18 жоба жоспарланса, бүгінде соның 7,9 миллиард теңгесіне 13 жоба іске асты.
Сонымен қатар егістік алқабы 752 мың гектарға жетіп, өткен жылдан 30,3 мың гектарға артты. Соңғы үш жылда 59,1 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп, көлемі 179,8 мың гектарды құрады. Су үнемдеу технологиясы 40 мың гектарға жеткізілді.
Мал азығын дайындау жұмыстары да қызу жүргізілуде. Жоспардағы 1,7 миллион тонна пішен толық дайындалды.
Мал шаруашылығында 4,2 мың тонна ет экспортталды. Сондай-ақ жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы техникасы 10 пайызға жаңартылады.
Есепті кезеңде 363 тонна балық өсірілді, оның 200 тоннасы форель балығы. Сонымен қатар жоспарланған 500 тонна балдың 332,8 тоннасы өндірілді. Облыста 32 әлеуметтік павильон ашылып, қосымша 4 павильон ашу жоспарланған.
Өткен жылдан бері «Тасөткел» су қоймасы қалпына келтіріліп жатыр. Бұған қоса, «Ақмола», «Ырғайты», «Қалғұты», «Тескентоған», «Андас-1», «Андас-2», «Андас-3» сынды 7 су қоймасын салу көзделген.