ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Тараздағы Арай-2 массивінде жаңа спорт алаңының салтанатты ашылуы өтті.
Әмбебап алаңшаларды орнату жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан жүзеге асырған. Алаңның жалпы ауданы – 1702 шаршы метр. Оған футбол алаңы, көше тренажерлері және әткеншек, сырғанақ, құмдармен қамтылған балаларға арналған ойын алаңшалары кіреді. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері де орнатылған.
«Samruk-Kazyna Trust» қоры бізге үлкен қолдау көрсетіп келеді. Қормен бірлескен осындай алаңдарды орнату бойынша 4 жоба іске асырылды. Енді мұндағы балалар, әсіресе жазғы демалыс кезінде, уақыттарын қызықты өткізе алады. Тұрғындар алаңдағы жабдықтардың сақталуын қадағалап отыруы керек, — деді Бердібек Сапарбаев.
«Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдері алаңдар салауатты өмір салтын насихаттау және балалар бұқаралық спортын дамыту, қалалар мен елді мекен тұрғындарын заманауи спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында орнатылатындығын атап өтті.
«Samruk-Kazyna Trust» қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан Жамбыл облысында осындай төрт алаң ашылды. Олардың екеуі Тараз қаласындағы Арай — 2 массиві мен Қаратау шағын ауданында салынса, қалған екеуі Байзақ және Қордай аудандарында орналасқан,- деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.
Осы күні «Таразға тарту» жобасы аясында «Сәби» қайырымдылық қорының қолдауымен С.Сейфуллин көшесінде жалпы ауданы 1500 шаршы метр болатын балалар ойын алаңшасы да пайдалануға берілді.
Бұл ойын кешені – 44,5 миллион теңгеден астам сомаға гимнастикалық, спорттық және ойын аттракциондармен, әткеншектер, карусельдермен және сырғанақтармен жабдықталған балаларға арналған бірегей аймақ.
«Сәби» қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Әсел Тасмағамбетова Қордың «Спорт-денсаулық – жетістіктер» бағдарламасы аясында Қазақстанның 14 өңірінде 20 жыл ішінде 48 спорт нысаны салынып, жөнделгенін атап өтті.
Жаңа ойын кешенінің жанындағы бос аумақта «Сәби» Қоры тағы бір кешен салуға ниетті.