Аягөз қаласының экс-әкімі Қуаныш Азыханов бостандыққа шықты. Ол биыл мамыр айында сотталып кеткен еді. Тоғыз ай тергеуде жатқан Азыхановтың қолына сот залында кісен салынып, Семейдегі түзету мекемесіне жіберілген. Бас бостандығынан айырылған экс-әкім түрмеде бес айға жуық қана отырып, артынан бостандыққа шықты, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі, Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап.
Ол бес ай ғана түрмеде отырса да, заң және құжат жүзінде жазасын толық өтеп шыққан санаулы адамдардың бірі саналады.
«2020 жылдың 17 қыркүйегі күні қамауға алындым. Үкім шыққанға дейін Семей, Өскемен қалаларындағы түрмелер мен Аякөздегі тергеу изоляторында жаттым. 16-маусымда үкім күшіне енген соң мені Өскемендегі ОВ156/16 түрмесінен Семейде орналасқан ОВ156/1 мекемесіне ауыстырды. Ескірген, баяғы Сталиннің заманында қамалған адамдарды таситын пойызбен апарды. Вагонда үш адам жаттық. Түрмеде жазасын өтеп жатқандар өздеріне қандай адамның қосылатынын, оның қандай бап бойынша сотталып келетініне дейін біліп отырады екен. Адам түрмеге жетпей, уақытша ұстау изоляторына түскен кезінен бастап біліп алады. Түрмедегілер менің қыркүйекте қамауға алынғанымды да, істің қалай жүріп жатқанынан да хабардар болыпты», — деді ШҚО Аякөз қаласының бұрынғы әкімі Қуаныш Азыханов.
ТҮРМЕДЕГІЛЕР ПРОКУРОРЛАР МЕН ТЕРГЕУШІЛЕРДІҢ ҚЫСЫМЫНАН ШАРШАҒАН
Экс-әкіммен бірге камерада тағы 11 адам жатқан. Оннан астам адамның бір бөлмеге қамалып, ұзақ уақыт бірге тұруы Қуаныш Азыханов үшін оңай болмаған. Азыхановтың айтуынша, түрмеге түскендер бар ашуын сол жердегі қызметкерлерге көрсетеді.
«Түрмеде бұрынғы әкімшілік қызметкерлерін, әкімдер мен полиция болған адамдарды бөлек ұстайды. № 81 камерада СҚО, Қостанай, Ақтөбе, ШҚО-да жүріп қамалған лауазымды тұлғалардың үстіне оныншы адам болып кірдім. Қылмыстық атқару саласындағы қызметкерлер бізге әкіреңдеп сөйлеу, қол жұмсау сынды жаман әдеттерге бармайды. Түрмеге прокурорлардан, тергеушілерден қысым көріп, әбден жүйкесі шаршаған адамдар түседі. Олар бар ашу-ызасын сол түрменің қызметкерлеріне көрсетеді. Олар сонда да сабырлы, түсіністікпен қарап, өз жұмысын барынша адал атқаруға тырысады. Қылмыстық қудалаудан шаршап келген адамдарды түрмеде одан сайын қинаса, адамдардың тағдыры қиындап кетеді, оған көзім жетті. Түрмеде жол апатына кінәлі боп сотталғандардың саны басым екен. Камерада 12 адам жаттық, оңай емес. Тәртіп бұзылса бірден қолға алынады, кезекшілік тәртіпті де қатаң сақтаймыз. Жасым өзгелерден үлкендеу болғандықтан, маған көп жұмыс істетпеді. Бірге жатқан 35-40 жастағы жігіттер көп қолдау білдірді», — деді ол.
«ӨТЕЛМЕГЕН ЖАЗАМДЫ 700 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ САТЫП АЛДЫМ»
Аягөз қаласының бұрынғы әкіміне ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлігі (айтарлықтай мөлшерде пара алу) бойынша үкім шыққан. Ол ҚР Қылмыстық істі жүргізу кодексінің 73-бабына сәйкес 1 жыл, 8 ай және 18 күнін қамауда өткізген. Тергеуде жатқан бір күні екі тәулік болып есептелді. Жасы алпысқа жақындап қалған бұрынғы шенеунік қалған 2 жыл, 8 ай, 11 күнді айыппұл жазасы ретінде ауыстырып, сатып алған.
«Өтелмеген жазамды жеңілдетілген айыппұл ретінде 702 мың 997 теңге төлеп, сатып алдым. Яғни, мен өзіме берілген 4,5 жыл жазамды толық өтеп шыққан болып саналамын. Шартты жазаға ауыстыру немесе бақылауда болу деген жазалар емес. Мені солай түрмеден, түзету мекемесімен шығарды, өйткені мен түзелген — түрме түзеткен адам саналады екем енді. Маған берілген жазаның 3/1 өтеген соң, сотқа арызданып, босап шықтым. Түрмеде өзіңді қалай көрсетсең, ондағы өмірің де соған байланысты. Абыройлы болдым. Түрмеге кеткенде Аягөз халқы қимай қоштасып еді, бостандыққа шығар кезде бірге жатқандар, яғни, «зектер» қимай шығарып салды. Алаштың азматы екенімді сездім. Сотталғандардың арасында жасаған теріс әрекетіне үшін түрмеге қамамай, жазалаудың өзге әдістерін қолдануға болатын адамдар бар. Түрмеде ақыл тоқтатқан, басы мықты істейтін азаматтар көп», — деді Қуаныш Азыханов.
Экс-әкімнің сот процесіне қатысып жатқан сәті
Ол өзінің әкім болып тұрғанда қуадалауға ұшырап, қарамағындағы қызметкерлері жіберген қателіктер үшін судьялар 8 млн теңге мөлшерінде айыппұл салғанын айтады. Пара алды деп айыпталған әкім 1,2 млн теңгені әлгі айыппұлды өтеймін деп қарызға алғанын айтып, тергеу мен сот істерін мойындамаған еді. Айтуынша, ол айыппұл әлі төленбеген. Сот орындаушылары әкімнің тұрғын үй алуға деп жинаған банктегі есеп шотын бұғаттап, депозиттегі жинағын алып қойған.
Фото: ашық дереккөзден