8 C
Алматы
Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
  • Қазақ тілі
  • Русский
  • English
  • Қоғам

    Аймақтарда Ағаділ әруағына құран бағыштағандарға полиция ескерту жасап, таратуға тырысты

    13 қарашада күндіз Ақмола облысы Талапкер ауылында бірнеше күн бұрын төбелес кезінде қаза болған Жанболат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды. Ағаділдің ауылында жерлеу рәсімі өтіп жатқан кезде Қазақстанның бірнеше аймағында белсенділер мешітке немесе орталық алаңға барып, марқұмның әруағына құран бағыштады. Жанболат Ағаділдің өлімін ашық тергеуді талап етті. Шымкент пен Ақтөбеде полиция құран бағыштаған топқа ескерту жасап, тезірек таратуға тырысты, деп хабарлайды Qazweek.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

    Шымкентте Бәйдібек би ескерткішінің жанына жиналған бір топ адам әуелі сапқа тұрып, Талапкерде Ағаділдің жаназасын шығарып жатқан жұртпен бірге екенін білдіріп, намаз оқыды. Марқұмның отбасына көңіл айтып, жағдай туралы пікірлерін жеткізді.

    – Әділетті талап еткен қаншама адам өліп жатыр. Міне, қаршадай бала қыршын кетті. Бүгінгі жүйе тұрғанда мұндай жағдай кез-келген адамның басына келуі мүмкін. Бір жылда бір отбасында екі қайғы, екі адам өліп тұр, – деді көзіне жас алған белсенді Нұржан Мұхаммедов.

    Белсенді Молдабек Сәдібек түрлі жағдайда мерт болған белсенділер өлімі көбейгенін алға тартып, оларды қудалау да күшейгенін жеткізді. “Тоқаевтан белсенділерді саяси көзқарасы үшін қудалауды тоқтатуды талап етеміз” деді ол.

    Сәлден соң полиция мен әкімдік өкілдері келіп жиналғандарға карантин талаптары бұзылып отырғанын айтып, тарауды сұрады.

    Дәл осыған ұқсас шара Қазақстанның батысындағы Ақтөбе қаласында да өтті. Бірақ мұнда жергілікті полиция мен ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері белсенділер жиналмай тұрып-ақ ескерту жасап, таратуға тырысқан. Маска киген белгісіз бірнеше адам оқиғаны камераға түсіріп тұрды.

    “Біз қазір ғана құран оқыдық. Енді бізге сол үшін айыппұл салатын шығар. Қандай мемлекетте тұрып жатырмыз?” деді полиция әрекетіне назаланған тұрғындардың бірі.

    “Біздің ізімізге түсіп, Конституцияда жазылған қозғалу еркіндігі құқығын бұзып тұрсыздар” деді белсенділердің бірі полицияға қарата.

    Әкімдік өкілдері шараның заңсыз екенін, жергілікті атқару билігіне ескерту келмегенін айтып еді, белсенділер “ендеше ертерек кімді өлтіретіндеріңді айтып отырыңдар” деп ашуланды. Ақыры шара басталмай жатып “аяқталып”, белсенділер тарап кетті.

    Жанболат Ағаділді еске алу шарасы СемейҚызылорда, Ақтау қалаларында да өткен. Семейде кейбір белсенділер облыстың коронавирусқа байланысты жабылғанын айтып, жаназаға бара алмай қалғанын жеткізген.

    11 қарашаға қараған түні Нұр-Сұлтан маңындағы ықшам ауданда азаматтық белсенді, марқұм Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділ төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, мерт болған.

    Полиция “Адам өлтіру” және “Бұзақылық” бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. 12 қарашада ішкі істер министрлігі адам өлтіруге қатысы бар күдіктілер ұсталды деп хабарлады.

    Төбелестің нақты неден шыққаны айтылмайды. Полицияның ақпаратынша, Талапкер ауылының 20 шақты жігіті Көктал ықшам ауданында тұратын кәсіпорын жұмысшыларына “мәселені шешу үшін” барған. Марқұмның жақындары осыған дейін Азаттыққа Жанболат Ағаділдің үш жерден – шынтақ тұсы, қабырғасы және жүрегінен пышақ жарақатын алып, мерт болғанын айтқан.

    Кейбір белсенділер Жанболат Ағаділдің өліміне байланысты тараған ресми ақпаратқа күмән келтіреді.

    Жанболат Ағаділ – биыл ақпан айында Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы. Кіші Ағаділдің өлімі туралы хабардан кейін бірнеше қалада белсенділер биліктен әкелі-балалы Ағаділдердің өлімін ашық тергеуді талап еткен.

    Ақпан айында да Дулат Ағаділ өлімінен кейін Қазақстан қалаларында наразылық тұтанып, оған қатысқандар белсендінің өліміне билікті айыптаған. ІІМ “Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды” деп мәлімдеген. Марқұмның туыстары биліктің нұсқасына күдік келтіріп, ашық тергеуді талап еткен. Ал прокуратура белсенді өлімінен кейін ашылған қылмыстық істі жапқан.

    қатысты посттар

    «Ұрып-соғып, жағын таңып тастаған»: Жамбыл облысында дәрігер мүгедек науқасты соққыға жыққан

    Фариза

    “Халықты неге алдап отыр? Қытайдан вирус кіргізіп халықты қырайын деп отыр ма?”

    Қылмыскерлер Қытайға қыздарды 28 мың доллардан сатқан

    Пікір қалдыру

    2 + 9 =

    * Используя эту форму, вы соглашаетесь с хранением и обработкой ваших данных на этом веб-сайте.